Бейсенбі, 09 мамыр, 03:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Төлеген ЖҮНІСОВ Ұлы Отан соғысының ардагері: жастарға адал бол деп жиі айтамын

07.05.2021

3202 0

Соғыс – жер бетіне аса зор шығынын алып келді. Оны естен шығару әсте мүмкін емес. Адамзат тарихындағы сұрапыл кезеңнің бірі – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына қаншама уақыт өтсе де ешнәрсе ұмытылмады. Қазіргі бейбіткүн бізге оңай келген жоқ. Сұм соғыс қаншама сәбиді балалық шағынан айырды, арқа сүйер өмірлік серіктері мен ата-анасынан көз жазып қалды. Сұрапыл соғыста ержүрек батырлар, ерліктің сан үлгісін көрсетті. Олардың ерен еңбегі жеңіс туын желбіретті. Ұлы жеңістің 76 жылдығы қарсаңында Отан үшін от кешкен аға буынның ерлігі жайлы естеліктердің көбірек жазылуы заңдылық болар. Соғыс ардагеріне деген құрмет саналы ұрпақ барда жоғалмайды. Сыр елінен майданға аттанған ардагердің бірі – Төлеген Жүнісов атамыз.

Сыр өңірінде майданның бел ортасында болып, ерлік көрсеткен ардагерлеріміз қа­тары жылдан-жылға сирей бастады. Сондықтан олардың есімін елге таныту бізге – борыш. Төлеген Жүнісов Тереңөзек ауданы, бұрынғы Жаңаарық кеңшарында дү­ниеге келген. Ол кісі бала кезден тағдырдың сынына ұшырады. 1933 жылғы жап­пай ашаршылық оны ата-анадан айырды. Осылайша ба­лалық шағын балалар үйінде өткізуге тура келді. Бауырларымен жетімдер үйін­­де тәрбиеленді. Қапыда ту­ғандарынан көз жазып қал­ды. Сол кезде туғанынан айырылудың қан­дай екенін Төлеген атаның жанының қиналғанынан-ақ түсіндік. Өмірдегі жалғыздық, бауыр­ларына деген сағыныш, олар­ды бір көрсем деген ар­маны әлі күнге дейін ол кі­сінің көкірегін сыздатады. Қиналса да мойымай алға қарай ұмтылғанымен, оған өмірдің жақсылығы оңайлық­пен келе қоймады. Енді ер­жетіп, бауырларымды тауып қосыламын деп жүргенінде бір бүйірден келген зұлмат соғыс оны қан майданға ат­тандырды.

Төлеген Жүнісов соғыс басталған жылы небәрі он сегіз жаста болатын. 1942 жылы он тоғыз жасында әскер қатарына алынып, Өзбекстанның Са­марқант қаласына келеді. Әскерде жүргенінде білімі жеті кластық болғаннан кейін 8 айға кіші командирлікке оқуға жіберіледі. Алайда, оқығанына 5 ай толғанда соғысқа аттанып, неміс әс­керін талқандауға бел шеше кірісіп кетеді. Бұл Төлеген атаның алғаш қан майданға араласқан жері болды. Жаяу әскердің қатарында болған кіші сержант шеніндегі сарбаз мұнан кейін Украинаның Харьков қаласынан бастап, Прискуров, Тернополь, Львов маңындағы ұрыстарға қа­тысып, шайқаста алдыңғы шепте жүреді. Автомат пен қол пулеметін еркін меңгерген қазақ баласы осылайша, Украинаны жаудан азат ету жолында ерліктің ерекше үл­гісін көрсетеді. Жауынгерлік ерлігі үшін майдангер «I дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги» және «За отвагу», «КСРО Қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл», «Еңбек ардагері» және «Астанаға – 10 жыл» секілді орден-медальдармен марапатталды. Төлеген Жү­нісовке «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені» ұрыс кезінде жаудың соғыс қимылына қажетті құрал-жабдықпен жа­сақталған және жан-жағын, алды-артын жіті қарап, ба­қылай алатын «Тигр» ат­ты қос танкісін жарып жі­бергені үшін беріледі. Өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын жауынгер үшін бұл марапаттың орны бөлек.

– Майдан шебінде қан көру, адамды жаралау қиын. Дегенмен өз Отаның саған сенім артып отырғаны есіңе түскенде алып күш пайда болады. Онда жүріп жараландым. Майдангер­лер­дің өздеріне, бір-біріне сенімі, қамқорлығы арқылы жеңіс туы желбіреді, – деп еске алады Төлеген ата.

Жеңіс хабарын ағамыз Украинада жүргенде естіді. Сұм соғыс аяқталса да, сол қалада түнгі патрульде қызмет етті. Онда бір жыл жұмыс жасап, 1946 жылы үкіметтің әскерді босату туралы қау­лысы шыққаннан кейін ғана елге оралды.

– Қазір жастар жалқау, барлық нәрсе дайын болса екен деп отырады. Кішкене қиындыққа да төзе алмайды. Біздің көргенімізді олардың басына бермесін. Менің заман­дастарым қаншама қиындықты бастан кешті. Аштықты да, қан төгісті де көрдік. Бірақ біз еш мойымадық, керісінше, ата-бабамыздың аманат етіп кеткен жерін қорғап қал­дық. Сұрапыл соғыс енді қайталанбағанын тілеймін. Жастарға Отанды сүй, адал бол деп жиі айтамын.

Майдангер елге оралған соң еңбекке бірден араласып кетті. Еңбек жолын колхозда қара жұмысшы болып бастады. Кейін дүкенші қызметінен несібе терді. Қызметке де­ген жауапкершілік, есепке қабілетінің нәтижесінде бух­галтер лауазымын атқарды. 1978 жылдан темір жол саласы бойынша монтер болды. Зайыбы Жәмилә екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиеледі.

Ардагер қазір 98 жаста. Сұрапыл соғыс жылдары қаймықпаған ол еліміздің бо­лашағына, бейбіт өмірге зор сеніммен қарайды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: