Сейсенбі, 16 маусым, 01:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№45 (2257)
16.06.2026
PDF мұрағаты

Электросамокаттардың қозғалысы реттеледі

16.06.2026

30 0

Электрлі самокат пен электр велосипедтері қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір әлемде халық саны артып, қалалар үлкейіп, көлік ағыны ұлғайған сайын көшеде жүруге ыңғайлы, кептелісте тұрмайтын, еркін қозғалуға мүмкіндік беретін электрлі самокаттар үлкен сұранысқа ие. Бұл үрдіс кейінгі кезде елімізде де айқын байқалып жатыр. Көшеде самокат мінгендер қатары көбейіп келеді. Дегенмен кейінгі кезде жазатайым оқиғалардың саны да артуда. Қала көшелерінде еш алаңсыз  жаяу жүру қиындап барады дейтіндер де бар. Хош, жаяу жүргіншілерден элекро­самокатты тізгінде­гендерге қа­тысты шағым көп.

Осыған байланысты қала­лық Полиция басқармасы велосипед және самокат пайдаланушыларын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Велосипедпен немесе самокатпен жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде көлік құралынан түсіп, оны жетектеп өту міндетті. Бұл талап жүргізушілердің вело­сипедші немесе самокатшының қозғалысын дер кезінде байқап, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін енгізілген.

Электр скутерлері мен кик­шеринг қызметтеріне қатысты жаңа ережелер 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.  Енді олар ресми түрде толыққанды көлік құралы ретінде қарастырылып, самокатты тек 18 жастан асқан және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар адамдар ғана басқара алады. Кикшеринг компаниялар пайдаланушылардың жеке басын, жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруге, самокаттардың техникалық жағдайын бақылауға, міндетті сақтандыру рәсімдеуге және тұрақ қою тәртібін қадағалауға міндеттеледі. Әрбір жалға берілетін самокатқа тіркеу нөмірі беріледі. Кәмелетке толма­ғандардың самокат пайдалануына байланысты жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі. Сондай-ақ 1 шілдеден бастап самокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салу жоспарлануда. Қозғалыс тек веложолақтармен, жол жиегімен және жолдың оң жақ шетімен ғана рұқсат етіледі. Ерекшелік ретінде тек жылдамдығы 6 км/сағ-тан аспайтын арнайы ортақ қозғалыс аймақтары сақталады.

Жасыл номер беріледі

Елімізде жақын арада ерекше нөмір таққан көліктер көбеймек. Экологиялық таза көліктерді тануды жеңіл­дету мақсатында элек­тромо­бильдерге арнайы мемлекеттік нөмір­лер беріле бастайды. Ішкі істер министрінің орын­басары Санжар Әділов­тің мәлім­деуінше жаңа талап­тарды бекітетін заң жобасы 2026 жылдың жазында ресми күшіне енеді деп жоспар­лануда. Алайда, элек­тро­мобиль иелері жаңа үлгідегі нөмірлерді бірден ала алмайды. Министрлік өкілінің айтуынша, алғашқы «жасыл» нөмірлер тек заң бекітілгеннен кейін алты ай өткен соң ғана айналымға шығады. Бұл уақыт аралығы мемлекеттік нөмір­лерді дайындайтын кәсіп­орындарға жабдықтарын қайта конфигурациялау және техни­калық дайындықтан өту үшін қажет. Ішкі істер министрлігі бұл жаңашылдыққа мемлекет бюджетінен ешқандай қара­жат жұмсалмайтынын кесіп айтты. Нөмірлердің фон түсін өзгертуге және өндірісті қайта реттеуге кететін барлық шығындарды жеткізуші ком­паниялар өз мойнына алмақ. Электромобильдердің нөмірі стандартты ақ түсті емес, көзге бірден түсетін жасыл фонмен ерекшеленеді. Болашақта мұндай көліктерге қала орталығында тегін тұрақ немесе арнайы жолақтармен жүру сияқты жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. Тегін қоғамдық тұрақ, ақылы жолдарды тегін пайдалану және кәдімгі көліктерге тыйым салынған қорғалатын экоаймақ Алматыдағы Шымбұлаққа ке­дергісіз кіру мүмкіндігі беріледі. Жасыл нөмірлер тек акку­муляторлы электр көліктеріне  беріледі. Гибридтті көлік иелері стандартты ақ нөмірлермен шектеледі.

Қазақстан бұл салада көш­басшы болмаса да, халық­аралық озық стандарттарды негізге алып отыр. Мысалы, Қытайда элек­тромобильдерге арналған жасыл нөмірлік белгілер эколо­гиялық көліктер үшін қазірдің өзінде толықтай күшіне енген. Еуропа елдері де бұл бағытта ілгері тұр. Норвегия мен Ұлыбританияда «жасыл» таңбасы бар көлік тізгіндегендерге мемлекет тара­пынан айтарлықтай жеңіл­діктер жасалған. Олар ақылы жолдарда тегін жүріп, кептеліс кезінде қоғамдық көлік жолақтарын еш кедергісіз пайдалана алады.

Көршілес елдердің тәжі­рибесі де назар аударуға тұрар­лық. Украина мұндай ерекше нөмірлерді тек толықтай элек­трлі көліктерге ғана беріп, оларға тегін тұрақ пен зарядтау станцияларын еркін қолдану мүмкіндігін ұсынады. Осыған ұқсас жүйелер Беларусь пен Қырғызстанда да сәтті енгізілген. Ал технологиялар мекені Оңтүстік Корея бұл қатарға 2024 жылы қосылып, экологиялық таза қозғалысқа жаңа серпін берді. Осылайша, еліміздегі бұл реформа – жаһандық «жасыл» көшке ілесудің және экологиялық жауапкершілікті арттырудың айқын қадамы.

Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: