Күннің аптап ыстығында сергіп, суға шомылғанға не жетсін?! Әсіресе, балалар үшін өзен-көл жағасында асыр салып ойнау – жазғы демалыстың ең қызықты сәттерінің бірі. Алайда, кейде сол бейқам көңіл орны толмас қайғыға ұласып жатады. Өкінішке қарай, жаз басталмай жатып-ақ өңірімізде суда қаза болу дерегі тіркелді.
Елімізде шомылу маусымы басталғалы бері 8 адам суға кетсе, оның 4-еуі – жасөспірімдер. Жуырда ғана Батыс Қазақстан облысында үш мектеп түлегінің суға батып кеткені туралы суыт хабар тарады. Жалпы, жыл басынан бері республика бойынша 22 адам суға кетіп, қайғылы жағдайлар қоғамды алаңдатып отыр.
Адам өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан суға түсу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Өйткені, немқұрайлылық пен сақтықтың жоқтығы адам өмірін бір сәтте қиюы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, ересектер арасында суға кетудің негізгі себептері – мас күйінде суға түсу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау және тыйым салынған орындарда шомылу. Сондай-ақ өз күшіне шамадан тыс сену де қайғылы жағдайларға әкеледі. Ал балалар арасындағы қайғылы оқиғалардың басты себебі – ата-ананың қарауынсыз суға түсу.
Қауіптің алдын алу мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті әкімдік және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Қызылорда қаласы аумағындағы су айдындарында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер жүргізуде. Дегенмен, түсіндіру жұмыстары мен ескертулерге қарамастан, демалушылар мен балық аулаушылар тарапынан қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілері әлі де кездесіп отыр.
Мамандар тұрғындарға балаларды қараусыз қалдырмауды, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеуді және тек рұқсат етілген орындарда ғана шомылуды ескертеді.
Биыл Қызылорда облысында 7 жағажай ресми түрде белгіленген. Олар – Арал ауданындағы «Аққұмшық», Қармақшы ауданындағы «Мұратбаев», Сырдария ауданындағы «Қалғандария», Шиелі ауданындағы «Бәйгеқұм», Қызылорда қаласындағы «Сыр толқыны» және «Эдельвис», сондай-ақ Жалағаш ауданындағы «Асар» жағажайлары.
Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жандос Досымовтың айтуынша, облыста суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аумаққа 398 ескерту тақтайшасы орнатылған. Сонымен қатар қауіпті аймақтарға инновациялық тыйым салу белгілері қойылып, 20 мобильді пост жұмыс істеуде.
Қазіргі таңда тәулік бойы рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, оған полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен 180 ерікті жұмылдырылған. Жыл басынан бері әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 11 әкімшілік хаттама толтырылып, 166 512,5 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Өкініштісі, қауіпті орындарда шомылып жүргендердің арасында ересектермен қатар балалар да бар. Бұл – қаншама ескерту жасалғанымен, қауіпсіздікке немқұрайлы қарайтындардың әлі де кездесетінін көрсетеді. Алайда өмір салғырттықты көтермейді. Әр адам өз өміріне өзі жауапты.
Бала болған соң ойнамай тұра алмайды. Сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкендердің басты міндеті. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде бүлдіршіндерді қараусыз қалдырмай, олардың қайда жүргенін бақылап отыру қажет. Қазақтың «Сақтансаң, сақтаймын» деген аталы сөзі де осыдан шыққан.
Апат айтып келмейді. Сондықтан тілсіз жау саналатын судан балаларымызды қорғау – әрбір ата-ананың парызы. Жаздың жаймашуақ күндері қайғыға ұласпауы үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, балаларды бір сәт те назардан тыс қалдырмаған жөн. Бейқамдық пен салғырттық түрлі келеңсіз жағдайларға алып келуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік – әрдайым бірінші орында болуы тиіс.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!