Сейсенбі, 16 маусым, 01:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№45 (2257)
16.06.2026
PDF мұрағаты

Қоғам қасіреті:  Безбүйрек аналар қайдан шықты?

16.06.2026

27 0

Жер басып жүрген пенделердің арасында неге қатыгездік өршіп барады? Жарғақ құлағы жастыққа тимей перзенті үшін жанын қиятын кешегі аналар үлгісі қайда? Тал түсте бауыр еті баласын қоқысқа тастап, артына бұрылып та қарамайтын безбүйрек ана қайдан шықты?  Міне, екі күннің бірінде осындай суыт хабарларды естіп, жан дүниеміз аласұрып, жүрек шошитын дәрежеге жеттік. Қой үстіне бозторғай ұялаған заманда  бір сұмдықтың хабаршысындай сұрқия жандар көбейіп барады.  Бойына бала бітіп, өзінің алпыс екі тамырымен сәбидің бойына нәр жүгіртіп, тар құрсақты кеңітіп, тас омырауды жібітетін титімдей тіршілік иесін әкеліп, оны  қауыз ашқан ғажайып өмірмен қауыштырудың орнына ажалға қиып жүрген шынында неткен зұлым пенде деп қайран қаласың. Кең даланың туған топырағында аунау бұйырмаған балапанға «аппағым» дейтін қарғаның, «жұмсағым» дейтін кірпінің мейіріміндей де жылы сезім бұйырмай, зұлымдықтың құрбанына айналып, «шыр» етіп өмірге келе салып көз жұмуы сұмдық емей немене? Мұнан кейін жүрегінде иманы бар адам жалғанды жалпағынан басып қалай өмір сүреді? «Адамның басы – Алланың добы» дейді.  «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» демей ме?

Осындай хабарларға үрке қарайтын үкілі елдің ұрпағы едік. Ана деген ардақты атқа кір келтірген осындай қаракөздерге баяғы дала заңының қатал үкімі керек-ақ.

Әлеуметтік желіні ашсаң болды жан дүниеңе жай түсіргендей қасіретті жағдайлар еңсеңді езіп барады. Мына жазбаны көріп есеңгіреп қалдық. «Шымкентте жаңа туған нәрестенің мәйіті табылды. Нәрестенің денесін Рысқұлов көшесіндегі қоқыс контейнерінен коммуналдық жұмысшы тапты. Ол оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

Осындай жауыздық әрекеттің тылсым сыры неде? Мүмкін тағдыр тәлкегі дерсіз, бәлкім адасқандық, не болмаса зұлымдық. Бәрібір мұның астарында қылмыстық әрекет жатыр. Өзінің өзегін жарып шыққан тұла бойына біткен тіршілік иесін қандай ана қоқысқа лақтырады? Иісі жұпар аңқыған нәрестесінен неге бас тартады? Олардың не жазығы бар? Бұл мәселеге бүкіл қоғам бейжай қарамау керек. Мұндай әрекетті тоқтатудың жолын қарастырмаса, бұл дерт асқынып барады. Менің намысыма тиетіні осындай әрекетті жасайтын жандардың көпшілігі өзіміздің қаракөз қыздарымыз. Өзге ұлттың өкілдерін көп кездестірмедік. Неге солай? «Қызға қырық үйден тыйым» деген халқымыздың қастерлі өнегесін аналарымыз неге үлгі тұтпаған? Осының көпшілігі нәзікжандылардың қазір ғаламтор арқылы танысып, бір көрген адамын өзінің өмірлік жарына балап, алданып қалуынан немесе жеңілтек жүріс пен ішкіліктің зардабынан болып отыр. Басқа түк те емес. Ұлтымыз ұлықты, қызымыз қылықты деп жарияға жар салғанмен, осындай жанға жара, көңілге дақ салып, ұлтқа ұят әкелетін қаракөздер қазіргі заманда көбейіп барады.  Бұл қателікті жөндеу әйел қоғамының мойнына артылған ауыр міндет болып тұр. Отбасындағы тәрбиенің де осалдығы айтпаса да түсінікті.

Әлеуметтік желідегі Сая Қасымбек замандасымыз басынан өткен оқиғасы мен жан толқынысын жариялапты. «Осыдан 40 жыл бұрын Дәулетім туа сала асқазанға ас түсетін ішегі бүтін боп, 17 күн дегенде ота жасаттым. Шүкір, бүгінде балалы-шағалы. Сол кезде балам ембеген соң, төсім сүтке тырсылдап, жанымды қоярға жер таппадым. Медбике «көрші палатада балалар үйінің сәбиі жатыр. Босқа сауғанша сол баланы емізші» деді. Жүгіріп бардым. Ой, тоба. Көзін төбеге тіреп, монтиып жатыр! Емізіп едім, алғашында сәл таңырқап қарады. Бір-екі тартқан соң дәмі ұнады білем, солқылдатып еме бастады. Көзі шерлі. Туабітті тастанды болғанын білетіндей салмақты қарағанына жүрегім тоқтап қала жаздады. Сүттен босап, жаным кірді. Қарны тойған сәби «рақмет» дегендей жымиды. Күлмеді. Ересек адамша жымиды. Қарны тойған секілді. Қалай десек те, үкіметтің қолына түскен бала өлмейді. Бәлкім, мейірім көрмес, бірақ, кәмелет жасқа аман жететіні ақиқат. Қасында құрғақ ползуноктар бүктеулі тұр екен. Дереу ауыстырдым. Содан балам ембейтіндіктен сол сәбиді емізетін болдым. Жетім бала айналаға тез қалыптасады білем, 2-3 күнде томпиып шыға келді. Бірақ көзі сол күйі мұңды. Күлмейді. Жыламайды. Бір күні «мына бала неге жыламайды» деп беймезгіл уақытта барсам, көзін төбеге қадап жатыр. Басынан сипасам, ризалығын білдіргісі келгендей уілдеп, бірдеңе айтып жатыр. Бар болғаны бір жарым айлық сәби сөйлескендей уілдегенде, көзімнен жасым ыршып кетті. Көзі баданадай қап-қара. Түрі аппақ. Шашы-қасы қою қара. Ұл. Баламның отасы сәтті шығып, ауруханадан шығатын күніміз жетті. Он күн бойы еміземін деп, бауыр басып қалыппын. Қимаймын. Әкеткім келді. Бірақ ол кезде ененің қолында, өз күйім жетісіп тұрған жоқтын. Кететін кезде қимай емізгелі кірсем, әдеттегідей төбеге емес, есікке қарап жатыр екен. Тап бір менің соңғы рет емізетінімді, кететінімді білгендей. Жүрегім солқ етті. Мені көргенде қуанғанын көрсеңіз. Қоштасқысы келмегендей жәймен ұзақ емді. Болған соң кеудеме басын сүйеді. Бір жарым айлық бала мұндай қарекетті қайдан білетіне таң қалып, бауырыма басып еңірейін. Мейіргер ажыратпағанда қанша жыларым белгісіз. Кешегі қоқыстан табылған нәрестені көргенде «сол бала биыл аман болса 40-қа толады» деп ойлап қойдым. Қандай боп ержетті екен, көрсем ғой» дейді мейірімді ана.

Мейірімге сусаған заманда жүрегі езілердей өксік қысқан ана келді көз алдыма. Ал 9 ай 10 күн көтеріп, қанасынан жарып шыққан сәбиін көзі қиып қоқысқа тастайтын аналарға не айтамыз.

Құрсағың мұздамасын,

Жүрегім сыздамасын.

Қарға да құзғын болып,

Тастамас өз баласын.

Періште  жаным қима,

Өтінем өмір сыйла.

Қоқыстан көтеріп ал,

Тезірек есің жый да.

 Мен сенің құлыныңмын,

Бүрлеген тірі гүлмін.

Өспеген шыбығыңмын,

Жалғасқан ғұмырыңмын,

Тастамашы Ана…

Міне, бұл ақынның жан айқайы! Анасы тастап кетіп, өлім құшқан шарананың монологы. Мынаны оқып отырып, жанардан жас тамшылайды. Біз азғана қазақпыз. Бір-бірімізді қамшылап оятпасақ, бізді кім қамшылайды? Ағайын, енді бұл өте сұмдық жағдай. Осындай тағдыр тәлкегіне ұшырап, қоқысқа тасталған баланың бүгінде аман қалып, үлкен азамат болып, қоғамға пайда келтіріп жатқандары да бар екен. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» демей ме қазақ. Анасы нәрестесін ажалға қиса да, Аллам оған қорған болып, сұм ажалдан қорғап қалған. Бұл қандай құдірет десеңші! Жаратқанның жарлығынсыз қурай да сынбайды деген сөздің парқын осындайда ұғасың.

Бірақ жаралы жүрек қалай жазылар? Өмір деген ғажайып әлемнің есігін ашып кіре сала ананың аялы  алақанынан сусып түсіп, ажал құшқан бейкүнә періштелердің өліміне тоқтау бола ма? Бұл біздің қоғамның ащы шындығы болғанмен, әлі оның дауасы болмай тұр. Не істемек керек? Дүрлігіп шешімін таппасақ, дүбәра болатын түріміз бар. Опық жеп қалмайық! Рух жаншылса, жан азабын бірге тартамыз. Ал жан азабы тән азабынан қиын. Ойлан, қазақ!

Бетті дайындаған Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: