Сейсенбі, 16 маусым, 01:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№45 (2257)
16.06.2026
PDF мұрағаты

Өмір сыйлайтын ізгі іс

16.06.2026

29 0

«14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күніне» орай облыстық қан орталығында «Қан тапсыр, плазма тапсыр, адамдарға өмір сыйла және мұны жиі жаса» ұранымен акция ұйымдастырылды.

Акцияда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова мен облыстық қан орталығының директоры Жалғасбек Тұрлыбекұлы донорларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар тұрақты қан донорларын Алғыс хаттармен марапаттады.

Бұл күн – адам өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген жомарт жүректі жандарға деген ерекше құрметтің күні. Донорлық – бұл жай ғана қан тапсыру емес, бұл – өзгенің тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстаным, адам өміріне деген қамқорлық пен жауап­кершіліктің жоғары көрінісі.

Өңірде қан доноры қызметін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын дәлелі – 2024 жылы облыстық қан орталы­ғының жаңа заманауи ғимаратқа көшуі. Халықаралық талаптарға сай жабдықталған жаңа орталықта донор­лар мен қызметкерлер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Бұл қадам трансфузиялық терапияның сапасын арттырып қана қоймай, науқастарға құйылатын қан мен оның компоненттерінің қауіпсіздігін және сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Бүгінде облыстық қан орталығы қаладағы және жеті аудандағы барлығы 17 медициналық ұйымды қан өнімдерімен қам­тамасыз етеді. Ма­мандар­дың мә­ліме­тінше, жыл сайын өңір­де 13 мыңнан ас­там тұрғын қан тапсыруға ниет білдіреді. Оның ішінде 3500-ге жуық адам – тұ­рақты до­нор­лар. Өт­кен жылы донор­лардың 57 пайызын ер азаматтар, 43 пайызын әйелдер құраған.

Жаңа орталықтың қуаттылығы жылына 10 мыңға дейін донация қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл өңір тұрғындарын қауіпсіз және сапалы қан компоненттерімен қамтамасыз етуге, қан қызметінің тиімділігін арттыруға үлкен серпін беріп отыр.

Жалпы, елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам адам донор атанып, 255 мыңнан астам донация жасайды екен. Соның нәтижесінде 80 мыңнан астам пациент қажетті қан құю қызметімен қамтылып, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығып кетуіне мүмкіндік болады.

Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес қан тапсырған қыз­меткер медициналық тексеруден өтіп және донорлық жасау күндері жұмыстан босатылады. Бұл уақытта оның орташа жалақысы толық сақталады.

Дүниежүзілік қан доноры күні – донорларға алғыс білдіретін мереке ғана емес, қоғам назарын ерікті әрі өтеусіз донорлықтың маңыздылығына аударуға мүмкіндік беретін ерекше күн. Өйткені бір адамның тапсырған қаны бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан донор болу – өзгеге өмір сыйлайтын ең ізгі істердің бірі.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: