Ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлейді. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің ордасы. Қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округі тарихы терең әрі даму әлеуеті жоғары елді мекендердің бірі. Соның бір дәлелі Қарауылтөбе ауылының тыныс-тіршілігі туралы мақаланы дайындап жатқанда, ауылдық округтен сүйіншілеген жағымды жаңалық келіп түсті. Елді мекенде жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға беріліпті.
Бұл игі шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов бастаған ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, ауыл халқының қуанышымен бөлісті. Өртке қарсы қызметі жоқ шалғай елді мекендерде жедел және тиімді көмек жүйесін құру мақсатында аймақта 35 бекет салынған. Бекеттер 25 өрт сөндіру автокөлігімен, 12 тіркеме, 8 тасымал, 2 стационарлық радиостанциямен, өрт құрал- жабдықтары және жауынгерлік киімдермен жабдықталған.
– Облыста 2023-2025 жылдары 2 млрд. теңгеден астам қаржыға 17 өрт сөндіру техникасы, 4 арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік, 90 цифрлық радиобайланыс жүйесі, 50-ден астам арнайы құрал-жабдық алынды. Осы жылы 2,8 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынады деп жоспарлануда. Жаңа техникалар алдағы уақытта табысталады. Бұл – өңіріміздің төтенше жағдайлар саласы қызметкерлеріне үлкен қолдау, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Сыр өңірінің күріш шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы ғылымының қалыптасуына өзіндік үлес қосқан бұл ауыл еңбекқор халқымен, берекелі тіршілігімен және бай тарихымен ерекшеленеді. Мұнда 121 шаруашылық тіркелген. Ауыл тұрғындары толықтай ауызсумен, электр қуатымен және табиғи газбен қамтамасыз етілген. Еңбек пен бірлікті ту еткен Қарауылтөбе тұрғындары ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып, туған жердің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек етуде. Бүгінгі Қарауылтөбе – тұрақты дамудың жолына түскен, болашағына нық сеніммен қарайтын берекелі ауылдардың бірі. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң серпін көрсетуде. Округте қазіргі таңда 3000 тұрғын бар. Ал оның 425-і өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
Туған жердің топырағында туып, оның әрбір тынысын жүрегімен сезіну – кез келген басшыға бұйыра бермейтін бақ. Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Ахетов Еркін Әбдірайханұлының өмір жолы мен қызметі осы сөзіміздің айқын дәлелі. Жақында өткен сайлауда ауыл тұрғындарының басым дауысымен Еркін Әбдірайханұлын екінші мәрте әкім лауазымына қайта сайлауы – елдің өз перзентіне деген шексіз сенімінің көрінісі іспеттес. 2021 жылдан бастап ауыл тізгінін ұстаған Еркін Әбдірайханұлы ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда аянбай тер төгіп келеді. Ол – құрғақ уәдеден гөрі, нақты істің адамы. Оның басшылығымен ауылдың абаттануы, көгалдануы және инфрақұрылымдық мәселелерінің жүйелі шешілуі тұрғындар тарапынан жоғары бағаланды.
Әкім болу – билік емес, халыққа қызмет ету. Еркін Әбдірайханұлының есігі ауылдастары үшін әрдайым ашық.
«Ел үмітін ер ақтар» демекші, халықтың ақ батасын алған ол әрбір тұрғынның мұң-мұқтажына құлақ түріп, мәселенің оңтайлы шешілуіне тікелей атсалысады.
– Бюджет пен салық түсімдерін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл бюджет 149,9 миллион теңгені құрады. Әлеуметтік салада да нақты нәтижелер бар. Биыл 38 отбасына 19,9 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Халықты жұмыспен қамту бағытында тұрақты жұмыс орындарына 22 азамат орналастырылып, 12 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту мақсатында екі азамат «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алып, сертификат иеленді, – дейді ауылдық округ әкімі.
Ауыл экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Қазіргі таңда округ бойынша мал басы тұрақты өсіп келеді. Ауыл тұрғындарының ата кәсіп – мал шаруашылығын дамытуға ерекше мән беріп отырғанын және саланың тұрақты дамып келе жатқанының айғағы бүгінде мал саны 2384 басқа жетіп отыр. Оның ішінде 1061 бас мүйізді ірі қара, 434 бас қой мен ешкі, 549 жылқы, 58 түйе және 282 құс бар.
Шағын және орта бизнеспен айналысатын ауыл тұрғындарының еңбекке деген ынтасы мен кәсіпке бейімділігі ауылдың әлеуметтік-экономикалық тынысын ашып, дамуына серпіп береді. Қарауылтөбе ауылдық округінде кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекеттік қолдау бағдарламаларының игілігі кеңінен таныстырылып, нәтижесінде кәсіпкерлік нысанының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда округте барлығы 144 шағын кәсіпкерлік ресми тіркеліп, тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 3 заңды тұлға, 123 дара кәсіпкер және 18 шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларын дөңгелетіп отыр. Кәсіпкерлікке бет бұрғандардың динамикасына көз жүгіртсек, 2025 жылы 12 жаңа нысан ашылса, биылғы 2026 жылдың өткен кезеңінде тағы 8 тұрғын өз ісін бастаған. Кәсіпкерлікті қолдаудың тағы бір тетігі – «Іскер» бағдарламасы. Осы бағыт аясында жалпы құны 17 млн теңгені құрайтын 2 жобаға өтінім тапсырылған. Бұл жобалар іске қосылғанда ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті өнім көлемі артады деп күтілуде. Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы Қарауылтөбеде де жемісін беруде. Қазіргі уақытта жалпы құны 18,8 млн теңгені құрайтын 2 жоба мақұлданып, қажетті құжаттары рәсімделу сатысында. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта тағы да еселенбек, себебі қосымша 3 жоба бойынша арнайы комиссияның отырысы күтілуде.
Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, кәсібін дөңгелетіп отырған ауыл тұрғыны Лаззат Досаханова 2024 жылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға арналған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 2,5 пайызбен несие алған. «Ештен кеш жақсы» демекші, кәсіпкер 45 жасында тәуекелге бел байлап, тігін шеберханасын ашты. Оған кенже қызы Аяланың есімін беріп, бүгінде «Аяла» шеберханасы ауыл тұрғындарына сапалы қыз жасауын, төсек жаймалары мен асхана жабдықтарын ұсынуда.
– Отбасымызбен ақылдаса келе үй ауласынан тігін цехын ашуға бет бұрдық. Түрлі жиһаз жапқыштары, қазақшы нақыштағы құрақ көрпешелер, көрпелер жасап шығарудамыз. Шығарған өнімдерімізді ауыл, қала тұрғындарына және әлеуметтік желілері арқылы Астана, Алматы қаласының тұрғындары да тапсырыс береді. «Ауыл Аманаты» жобасына табыс табамын, кәсіп ашамын деген адамға қатысу оңай, құжаттарды бұрынғыдай мекемеге апарып жүрмей, үйден шықпай онлайн портал арқылы жинақтап өтініш беру арқылы несие қаражатын алуға өте қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда тігін цехымда отбасымнан бөлек тағы екі адамды жұмысқа алып, ай сайын уақытылы жалақымен қамтамасыз етіп отырмын, – дейді кәсіпкер.
Ләззат Досаханова – тек іскерлік әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар кәсіпкер ғана емес, үлкен бір әулеттің берекесін кіргізіп отырған парасатты келін. Ол – ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, Ардагерлер кеңесін басқарған 86 жастағы абыз ақсақал Амангелді Досмаханов пен 11 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген «Алтын алқа» иегері, 80 жастағы асыл ана Нәзифа Досмаханованың шаңырағындағы аяулы жан.
Бүгінде осынау қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, қарттардың батасын алып отырған Ләззаттың бейнесі – қазіргі заманғы іскер әйел мен дәстүрлі қазақ келінінің ибалы үндестігіндей. Ол үлкендердің бабын тауып, әулеттің абыройын асқақтату арқылы отбасылық құндылықтардың шынайы үлгісін көрсетіп келеді. «Мерейлі отбасы» облыстық сайысының жүлдегері атанған бұл отбасы ауылда абыройлы әулет. Жолдасы Ғалымжан Досмаханов та нағыз істің адамы. «Даму» қоры арқылы несие алып, мал бордақылауды кәсіп еткен. Ауылдастарын ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған ол енді ауыл халқына таза, табиғи көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» арқылы жылыжай жобасын қолға алуда.
– Ауылда кәсіп ашылса – жаңа жұмыс орындары пайда болады, жұмыссыздық азайып, салық төленеді. Бұл – ауылдың көркейіп, халықтың жағдайы жақсаруының кепілі. «Ауыл аманаты» – табыс табамын деген жанға өте қолайлы жоба. Құжат тапсыру процесі де жеңілдетілген, бәрін үйден шықпай-ақ онлайн портал арқылы рәсімдеуге мүмкіндік жасалған, – дейді ол.
Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округі бүгінде жаңа кейіпке еніп, инфрақұрылымы нығайып келеді. Ауыл әкімі Еркін Ахетовтің басшылығымен биылғы жылы ауылдың ішкі келбетін жақсарту, жарықтандыру және әлеуметтік нысандар салу бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ауылдың жаңа қоныс аумағындағы тұрғындар үшін маңызды мәселелердің бірі – көшелерді жарықтандыру еді. Осы орайда, жаңа қоныс көшесіне 2,8 млн теңге қаржы бөлініп, заманауи жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл тапсырысты «Елім-Аманатым» мердігер мекемесі сапалы атқаруда.
Сонымен қатар ауылдық округтің жалпы көше жарығын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы АҚ-мен 10,8 млн теңгеге келісімшарт жасалып, жыл бойы тиісті жұмыстар атқарылуда. Жарық бағаналарының техникалық күйін бақылау және қызмет көрсету үшін «Инно Тех» ЖШС-мен 7,5 млн теңгеге келісімшарт бекітіліп, кез келген ақауларды уақытылы жөндеу жұмыстары жүйелі жолға қойылған.
Ауылдағы кішкентай тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуі де әкімдіктің басты назарында. Жаңадан қоныстанушы аумақтың №4 көшесінің бойынан балалар ойын алаңын орнату үшін 4 млн теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда «Сыр-Серпіні» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары қызу жүргізілуде. Тұрғындар үшін тағы бір маңызды мәселе — жол қатынасы. Биылғы жылы ауылдың ішкі жолдарындағы ойықтарды жөндеу жұмыстары толықтай жүзеге асырылды. Ауылдың санитарлық жағдайын тиісті деңгейде ұстау – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осы мақсатта ЖК «Ибраевпен» 1 млн теңгеге жыл көлемінде қызмет көрсету келісімшарты жасалып, санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Жаңа амбулатория бой көтереді
Ауылдық округ әкімдігі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бірқатар маңызды жобаларды қолға алып, оларды іске асырудың құқықтық және қаржылық тетіктерін қарастыруда. Ауыл тұрғындары үшін маңызды жаңалық жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы. Қазіргі таңда нысан үшін 3000 шаршы метр жер учаскесі бөлініп, барлық құжаттары рәсімделді. Жобаның құны 357,9 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бюджеттік өтінім беріліп, құрылысты бастау үшін қаражат көзі күтілуде. Сонымен қатар А. Иманов, А. Құнанбаев және Ж. Әбдіқалықов көшелеріндегі электр желілері мен бағаналарын жаңарту, сондай-ақ жаңа электр тарататын қондырғы орнату мәселесі де шешімін таппақ. Жалпы құны 348,2 млн теңгеге бағаланған бұл жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, жеңімпаз ретінде «Нұрай-Ақжол» ЖШС танылды. Бұл жұмыстар аяқталған соң, аталған көшелердегі жарық сапасы айтарлықтай жақсаратын болады.
Ауыл ішіндегі қатынасты жеңілдету мақсатында А.Иманов-1, Желтоқсан-1 және Иманов-4 тұйықтарына орташа жөндеу жұмысы жоспарлануда. Қазіргі уақытта 29,3 млн теңгеге бағаланған жобалық-сметалық құжаттарға тиісті өзгерістер енгізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң бюджеттік өтінім ұсынылып, жөндеу жұмыстары бастау алады.
Ауылдық округтегі жол мәселесін кешенді түрде шешу мақсатында бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Соның ішінде ең ауқымдысы – Жеңіс көшесі, А.Құнанбаев көшесінің басы мен Ж.Әбдіхалықов тұйығын, сондай-ақ осы көшелерді байланыстыратын тұйықтарды қайта жаңғырту жұмыстары. Жалпы құны 107,5 млн теңгені құрайтын бұл жоба бүгінде кезең-кезеңімен іске асырылуда. Жаңадан қоныстанушы аумақ та назардан тыс қалмады: №1, №3, №5, №10 көшелері мен №2, №4, №6 тұйықтарына орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келісу жұмыстары жүріп жатыр.
Өткен ғасырдың алғашқы жартысында негізі қаланған Қарауылтөбе бүгінде әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамып келе жатқан ауылдардың қатарына жатады. Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы болса, соңғы жылдары кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамуда. Инфрақұрылым жаңарып, жаңа нысандар бой көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 3000-ға жуық халық тұратын елді мекенде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және кәсіпкерлік салалары тұрақты дамып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жылдан-жылға артып келеді.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!