Сейсенбі, 16 маусым, 01:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№45 (2257)
16.06.2026
PDF мұрағаты

Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің қайнар көзі

16.06.2026

31 0

Отбасы тәрбиесі мықты болса, ұяда өскен бала да жақсы әдетке бейімделіп, рухани толысып айналасына шуақ төгіп мейірімді болады.  Себебі қанаты қатайғанша сәбиді өмірге бейімдеп тәрбиелейтін ата-анасы, отбасы мүшелері. Сондықтан қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тегін айтпаған.  Тәрбиенің қайнар көзі қазақтың салт-дәстүрінен бастау алады.

Қазақ дәстүрінің ұмытылмауын насихаттап жүрген ел анасы жазушы Зейнеп Ахметова ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмау керегін жиі  айтады. Жазушының сөзінше, алысқа бармай-ақ соңғы 30 жыл ішінде елімізде бала тәрбиесінде олқылықтар көп.

– Біз тез еліктеп кетеміз. Тіпті мектептің өзінде осы отыз жылдың ішінде қанша рет өзгеріс болды. Қазіргі балалар дұрыстап сөйлей алмайды. Тест, компьютерге үйренген. Білімнің барлығы – кітапта. Бұрын ата-әжелер мектебі болған. Ауылдағы ата-әжелер сол ауылдағы баланың бәрін тәрбиеледі. «Әй, пәленшенің баласы, бұзауды қайырып кел» дегенде ол сенің атаң болмаса да, қайырып келетінбіз. Шынын айту керек, ата-әже мектебі келмеске кетті. Бірлі-жарым сақталған шығар. Ол түгілі ата-ана тәрбиесі, ықпалы азайып бара жатыр. Қазір бала көп нәрсені ата-анасынан емес, компьютерден сұрайды. Интернет ата-ананың өзін осылай ысырып жатыр. Бұл – қауіпті. Халық педагогикасына көп көңіл бөлмей, біз тәрбиеге жарымаймыз. Отыз жыл ішінде қазақ мектебі, балабақшасы көбейді. Бірақ күні бүгінге дейін бірде бір ұлттық мектеп, балабақша болған жоқ, – дейді жазушы.

Зейнеп Ахметова баланы білімге қызықтырып, көбірек кітап оқытуға көңіл бөлуді ескертеді. Қазақ баланы «ұят болады», «сауап», «обал» дегенді ұғындырып тәрбиеледі. «Өлімнен ұят күшті»  деп өсірді. Қазір сол ұят кетіп қалды. Батыстың ұғымында балаға сөйлемеу керек. Анасының шапалағына баласы «Сен менің құқымды бұздың, сотқа беремін» деп жауап береді. Ол жақтың заңы, салты біздің менталитетімізге келмейді. Оны сол күйі әкеліп көшіру – ұлттың тұтастығын, ұлттығын құртады. Бала бұрын білмеген нәрсесін әке-шешесінен, үлкендерден сұрайтын, қазір бәрінің жауабы интернетте бар. Отбасы – мемлекеттің ұйытқысы, әр отбасы – шағын мемлекет. Сондықтан мүмкін болғанша балаларды көбірек кітапқа қарай бұру керек. Көбірек ойын ойнатуымыз керек. Ұлттық ойын көп. Интернет білім бермейді. Ол жерде тек ақпарат. Ал балаға білім керек. Интернетке көп отырған бала ойын толық айта алмайды. Сөзінде жүйе жоқ. Оған мектептегі бағдарламалар да кінәлі. Мазмұндама, шығарма жазбайтын баланың ой-санасы қалай өседі?, – дейді  жазушы.

Шынында, біздің мектеп қабырғасында жүрген кезімізде қиял әлеміне сапар шегуіңе мүмкіндік болатын. Қиялымыздың жеткен жеріне дейінгі армандарымызды қағаз бетіне түсіріп, жақсы әсердің жетегінде жүретінбіз. Мәселен, «Менің атым – Қожа» фильмін көрмеген адам жоқ шығар. Сондағы Қожаның қиял әлеміне қалықтап, ойын қағазға түсіріп шығарма жазғаны қандай керемет бейнеленген.  Қожа қанша бұзық, ерке болса да, шығармашылық ойға берілгенде ақылды балаға айналып, жақсы кейіпкер қалыптасқан.

Қазіргі балалар үй тапсырмасын ғаламтор арқылы орындайды.  Есепті де ойланбай шығарса, шығарманы да арнайы бағдарламамен көшіріп  ала салады.  Баланың ой жүйесі дұрыс дамуға бейімделмеген. Ойлау қабілеті төмендейді деген сөз.  Сондықтан Президент айтқандай кітап оқитын ұрпақ қалыптастыруымыз керек.  Газет, журналды балалар оқып үйрену керек.  Көркем әдебиетті оқымаған баланың тіл байлығы да жұтаң  болады. Әйтпесе қазақтың тілі шұрайлы, бір сөздің бірнеше мағынасы бар.  Сөзің салмақты шығып, шешен сөйлеу үшін  кітаптың пайдасы орасан зор. Сондықтан әсіресе осындай жазғы демалыста балаларды кітаппен достастыру керек.  Біздің балалық шағымызда ұстаздарымыз жазғы демалыста «оқыған әдебиеттердің мазмұнын жазып кел»  деп тапсырма беретін.  Қазір сол ұмыт қалған секілді.  Тіпті ата-аналарымыз қисса-дастандарды, көркем әдебиеттерді дауыстап оқытып, тілімізді жаттықтыратын, сөз байлығымызды молайтатын. 

«Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой» деп ғұлама Абай адамзатты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға шақырады. Ақыл, қайрат, жүрек – адам болмысының үш тағаны. Абай он жетінші қара сөзінде ақыл, қайрат және жүрек үшеуінің өзара таласын сипаттайды. Әрқайсысы өз артықшылығын дәлелдеуге тырысады, бірақ соңында ғылымға жүгінеді. Ғылым олардың әрқайсысының маңызын мойындай отырып, жүректі басшылыққа алуды ұсынады. Бұл жерде ғылым – әділ төреші ретінде көрінеді, ал жүрек – адамгершілік пен мейірімділіктің қайнары.

Абай ғылымды тек білім жинау құралы емес, сонымен қатар адамгершілік пен рухани дамудың негізі ретінде қарастырды. Ол ғылымның көмегімен адам ақыл, қайрат және жүрек қасиеттерін үйлестіріп, кемелдікке жетеді деп сенді. Бұл көзқарас сол кезеңдегі қазақ зиялыларының арасында кең тарады және кейінгі ұрпаққа үлкен әсер етті.

Абайдың 38-қара сөзінле: «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады.» Абайдың 38-қара сөзі қазақ қоғамының сол кезеңдегі шынайы бейнесін көрсететін терең философиялық шығарма. Ол ғылым мен білімнің маңыздылығын, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың білімге әсерін және ұлттық болмыстың сақталуын терең талдайды. Абайдың бұл ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Міне, отбасындағы бала тәрбиесінде бізден бұрын өмір сүрген ойшылдардың, даналардың жазған шығармаларынан үлгі алсақ, отбасындағы ұлттық құндылық нығайып, бала тәрбиесінде бағытымыздан қателеспейміз. Себебі келер ұрпақ біздің тәуелсіз еліміздің болашағы мен жарқын келбеті.

Бетті дайындаған Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: