Сәрсенбі, 20 қараша, 06:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Есіл жағасындағы еңселі Елорда

06.07.2021

1988 0

Біз газетіміздің тұрақты айдары бойынша бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласына шолу жасағанды жөн көрдік. Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл, еліміздің бас қаласына 23 жыл толуда. Жыл артқан сайын еңселі елорда көркейіп, гүлденіп келеді. Олай болса, астана тынысын оқырмандарымызбен бірге тамашалайық!

Астана күнін мемлекеттік мереке деп жария­лаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – қазақтың өз билігі қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында қабылданған тарихи шешім. Мыңжыл­дықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді.

Танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, ел­ордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді ны­ғайттық, Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Тәрбиелік тұрғысы жайлы толғасақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы еліміздің келешегі – жас ұрпақтың бойына отансүйгіш қасиеттерді сіңірудеміз. Осылардың бар­лығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етіп жатыр.

Есіл жағасындағы еңселі Елорда

Биыл бас қалаға 23 жыл. Тарих үшін бұл уақыт қас-қағым сәт. Алайда осындай қысқа мерзімде құла далада сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандыратын елордамызды тұр­ғыздық. Елорда Тәуелсіздігіміздің тірегіне, эко­номикамыздың жүрегіне айналды. Астана біздің еліміздің күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті орда болды.

Бүгінде астана – болашақтың каласы. Мәде­ниеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы болып табылатын жас қала, баршамыздың арман қаламыз. Еліміздің көк туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы.

Шыңдары көк тіреген асқақ Алатау бау­райынан ұлы даланың кіндігіне көшіріліп, ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем астана – жаңа ғасыр ғажабынан жаралған жас қала. Жер шарының картасынан Нұр-Сұлтан қаласы да өз орнын алды. Тарихы мен табиғаты, сәулеті мен тіршілігі дара, күйіміздің күмбірі, көңіліміздің жыр-гүлі жас қала – астана күн сайын еңсесі биік қалаға айналуы  өзімізді сүйсіндіріп, әлем жұртын көркімен тамсандырып келеді.

Есіл жағасындағы еңселі Елорда

ТАРИХҚА ТОҚТАЛСАҚ…

1832 жылы Есіл өзені­нің жағасы Қараөткел шат­қалында Ақмола бекінісі салынды. 1863 жылы 16 шілдеде Ақмола қаласы аймақтық қала болып рес­ми түрде бекітілді. 1960 жылдың желтоқсанында Ақмола Қазақстанның бар­лық тың игеретін облы­сының орталығы болып жарияланды.

Одан соң қала 1961 жылға дейін Ақмола, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, 1992 жыл­дан 1998 жылға дейін қайта Ақмола деп аталды.

1998 жылы Ақмола Қазақстан Республика­сының ас­танасы болып жарияланған соң қала атауы «Астана» деп өзгертілді. Қала Сарыарқаның солтүстігінде, Есіл өзенінің бойында орналасқан. Еуропа мен Азияны байланыстыратын тарихи орталық. Оған қоса 2019 жылы қала атауы «Нұр-Сұлтан» деп өзгертілді.

Есіл жағасындағы еңселі Елорда
DCIM\100MEDIA\DJI_0027.JPG

КӨЗ ЖАУЫН АЛАР КӨРІКТІ ЖЕРЛЕР

Еңселі елордаға келген меймандар көрікті жерлерді көруге асығып тұратыны белгілі. «Жақ­сыны көрмек үшін» дегендей, әрине, ара­лау керек. Олай болса, біртіндеп тоқтала кетейік…

«Астана-Бәйтерек» кешені. Кешенніңнің биіктігі 97 метр. Металл, әйнек және бетоннан тұрғызылған «бәйтерек ағашының» жалпы биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тоннадан асады. Кешеннің үстіңгі жағында орналасқан алып шардың диаметрі – 22 метр, салмағы – 300 тонна. Алып шар «хамелеон» әйнектерінен жасалған. Күн сәулесінің түсуіне байланысты шар түсі ауысып тұрады. Жоба сәулетшісі – Норман Фостер.

Есіл жағасындағы еңселі Елорда

2002 жылы ашылған кешен Нұр–Сұлтан қала­сының ғана емес, күллі Қазақстанның ны­шанына айналды. Мұнара негізгі үш әлемнен құрылған, жер асты, жер және аспан әлемі. Төрт жарым метр тереңдікте орналасқан астыңғы қабатта кафе, аквариум және «Бәйтерек» мини-галереясы орна­ласқан.

Алып шарға жеделсаты арқылы көтеріліп, үлкен залға еніп, қаланың толық көрінісін көруге болады. Зал ортасында әлемдік діндердің өкілдері қол қойған 17 жапырақты ағаш глобус және қазақ елінің бейбітшілік нышанына айналған «Аялы алақан» – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің алақанының таңбасы орналасқан.

Сонымен қатар ашық аспан астындағы «Ата­мекен – Қазақстан картасы» этно-мемо­риалды кешенінде қазақ жерінің сұлу табиғаты бейнеленген. Картада 14 облыс және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары орналасқан. Қазақ жерінің табиғи-климаттық аймақтары, ландшафт, сәулетті көркем ғимараттары мен көлік жолдарын көруге болады.

Келесі нысан – «Қазақ елі» мемориалды кешені. Мәрмәр монумент – кең-байтақ қазақ жері мен оның халқының бірлігін, болашақта көркейіп, дамуының белгісі. Биіктігі 91 метрге жететін монумент қазақ елінің 1991 жылы еге­мендік алғанын бей­нелейді. Монумент шыңында алып самұрық құс, төрт жағында «Ал­ғашқы Президент пен Қазақ халқы», «Қаһарман», «Бо­лашақ» және «Жа­сам­паздық» қола ба­рельеф­тері қашал­ған.

Халықтың жиі баратын орны – «Хан-шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы. Танымал британдық сәулетші Норман Фостердің жобасымен салынған. Қала орталығында бой көтерген бұл орталық салмағы 2300 тонна болатын металл қон­дырғылардан тұрғызылған. Шатырдың биіктігі 150 метрге дейін жетеді. Сыртқы жағы тұтас әйнектермен қапталған. Арнайы қондырғылар ішкі температураны бір қалыпты сақтайды. Алты қабатты орталықта сауда нүктелерімен қатар, ойын-сауық орындары жұмыс істейді.

Думандататын орынның бірі – «Думан» ойын-сауық орталығы.  2003 жылы мамыр айында жұ­мысын бастаған бұл кешенде мұхит аралы, 5D-кинотеатр үлкен күмбезді кеңістік, сауда нүк­телері мен тамақтану орындары бар. Бұл ТМД-дағы алғашқы мұхитаралы бар үлкен кешен.

Су қоры 3 миллион литрге жететін мұхит­ аралда теңіз жән­діктерінің 100-ден астам түрі мекен етеді. Әртүрлі көлемдегі 11 аквариумды екі үлкен көрме аймағы мен қалыңдығы жеті сантиметрге жететін 70 метрлік дәліз бар. 

Тағзым ететін орынға «Отан Ана» кешені жатады. Жоңғар шапқыншылығы мен Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан жандардың құрметіне салынған. Ұзындығы 24 метрді құрайтын мемориал ортасында граниттен тұрғызылған таста алтын шара ұстаған әйел бейнеленген. Қолындағы шара тыныштық пен гүлденудің белгісі. Барельефтің оң жағында кеңес әскерлері, ал сол жағында жоңғар шап­қыншылығында қаһармандық танытқан қазақ батырлары бейнеленген. Төменгі жақта мәңгілік алау орналасқан.

Көзге ерекше түсетін декоративтік мүсіндер. Нұр-Сұлтан қаласының басшылығы суретшілер, дизайнерлер және сәулетшілердің арасында үлкен байқау ұйымдастырды. Шарт бойынша байқауға қала көркін ашатын жобаларды ұсыну керек еді. Байқау аяқталған соң үздік деп танылған жобалар астана көшелерінде орын алды. Қоладан тұрғызылған мүсіндер әр қилы болғанымен, оларды барлығы қаланың сәнін кіргізіп, көпшілік қауымның сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.

Ботаникалық баққа барыңыз. Негізгі ғи­мараты пирамида пішіндес бақтың жалпы аумағы 92 гектар. Бұл бақты салуға 23 млрд теңге жұмсалса, оның 12 млрд теңгені жекелеген инвесторлардың қаржысы есебінен жүргізілген. Паркте тропикалық, шөл өсім­діктерін өсіруге арналған жылыжайлар, сондай-ақ суккуленттер бар, ал өсімдіктер бақшасында 33 мыңнан астам ағаш, жасанды су қоймасы, веложол, жүгі­рушілер мен жаяу жүргіншілер жолы бар.

Есіл жағасындағы еңселі Елорда

Ботаникалық бақтың жанында абаттандыру аумағы 141 мың шаршы метр болатын қосымша саябаққа 10 мыңнан астам қылқан жапырақты ағаштар отырғызылған. Сонымен қатар биіктігі 14 метр болатын «Қазақ еліне мың алғыс» монументін кездестіруге болады. Қазақтың ұлттық киімін киіп, балаларды ойнатып жүрген ана бейнесі қоладан құйылып, жасанды гранит тұғырға орнатылған екен. Мұндағы ана образы түрлі ұлт өкілдері мекендейтін елді бейнелейді. Сондықтан ұлдарының бірі – қазақ, екіншісі – кәріс, ал қыздың бет-бейнесі еуропалыққа келеді.

Ерекше көпірмен өтіңіз. Иә, бұл Елордадағы көрікті көпір. Мұны сәулет өнерінің әлемдік үлгісі деуге болады. Жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағына жарық пен көлеңкені ойната қызықты көрініс көрсетеді. Егер жоғарыдан қарайтын болсақ, көпірдің пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көру­ге болады. Самал ауданы мен амфитеатрды байланыстыратын жаяу жүргіншілерге арналған көпірде арнайы велосипед жолағы да бар. Пішіні жағынан бір-бірін қайталамайтын 2450 жапырақ көпірдің үстін көмкере жабады. Оның жобасын Астананың урбанистика орталығы әзірлеген. Ерекше көпір Нұр-Сұлтан тұрғындары үшін тағы бір тынығу орнына айналды.

Көпірді және велосипед инфрақұрылымын «Өңір­лердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Пав­лодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыс­тарының әкімдіктері тұрғызды.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ

Жалпы біз бірнеше нысанға ғана тоқталып өттік. Қазақстаннның бас қаласы саналатын Нұр-Сұлтанда көз тартарлық көрікті орындар баршылық. Бірақ оған арнайы уақыт бөліп, өзіңіз барып көргеніңіз абзал. Бүгінде бүкіл әлем сұлулығына тамсанып, болашақтың қаласы деп көз тігіп отыр. Лайым, осылай көркейе бер, еліміздің бас ордасы!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: