Жұма, 19 сәуiр, 20:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Есімі Алашқа мәлім Өмірбай би

09.01.2021

8100 0

Жалағаш жерінен шыққан от ауызды, орақ тілді бидің бірі – Өмірбай бабамыз. Ол 1768 жылы Ақшығанақ елді мекенінде дүниеге келіпті. Байқон би: “Жүздібай, балаң ой мен тілге бай болар, үш жүзге даңқы жетер” деген екен. Айтса айтқандай, кезінде Өмірбай бабамыз үш жүзге танымал текті тұлға болған. Ол ел басына күн туған шақта елшілік жасаған, ағайын арасындағы дау-жанжалға төрелік айтып, жұрттың бірлігін сақтауға араласқан. Халық арасында Өмірбай шешен айтыпты деген аңызға бергісіз әңгіме көп. Бүгін соның бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.

БАЛА ӨМІРБАЙ БЕРГЕН БАТА

Ел аузында Өмірбай бидің бала күнінен сөзге шешен болғаны айтылады. Сондай аңыздардың бірінде Өмір­байдың сегіз жасында берген батасы жайлы сөз болады.

Кезіндегі Ақшығанақ ауылындағы бір кісінің баласы тұрмай, шетіней берген екен. Әлгі кісі ауыл ақсақалдарын жинап, ас береді. Ас ішіліп болған соң үй иесі ақсақал­дардан бата сұрайды. Үлкендер жағы бір-біріне сілтеп, бата бере алмаса керек. Сонда табалдырыққа таяу тұрған бала Өмірбай: “Үлкен кісілер жаңылды,

Жаңылмаса, не қылды.

Төрден іздеген батаңыз,

Босағадан табылды.

Осы берген құдайың,

Алладан болсын қабылды,

Құдай ашсын бағыңды, – аумин” депті. Баланың батасынан кейін әлгі кісіні Құдай қолдап, перзентті болыпты. Осыдан кейін-ақ Өмірбайдың тасы тауға өрлеп, ел-халыққа таныла бастайды.

БОРБАС БАЙДЫҢ БАТАСЫ ҺӘМ ТАПТАЛҒАН ҚОЗЫҒА ШЫҒАРЫЛҒАН ШЕШІМ

Қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты аумақта өмір сүрген Борбас деген әрі бай, әрі парасатты кісі болған. Қонысы шалғай болғанымен, Сыр бойындағы ағайындармен жүздесіп-көрісуді аңсап, өз шаруасымен келген-кеткендер арқылы жеті рудың игі жақсыларынан хабар алып тұрады екен.

Бірде Сырдан Борбас байдың жағдайын білу мақсатында алты-жеті адам барып қайтады. Үлкендерге ілесіп он үш жасар Өмірбай да барады. Борбастың Жантас, Бектас, Алтыбас деген мырзалары болған. Алтыбас сол кезде оқу бітірген білікті азамат атанған кезі екен.

Он үш жасар қаршығадай баланың қияндағы елден ересектерге еріп келгеніне Алтыбас таңданып:

–  Түріңе қарасам, ойын баласысың, ақсақалдарға еріп келгеніңнің мәнісі не? – дейді.

Сонда он үш жастағы Өмірбай:

– Ер бала он екі жасында балиғатқа жетеді. Әкелер мен көкелерге ергеннен нем кетеді. Есті болып ешкім де іштен тумайды. Игі жақсылардың әңгімелерінен бір сабақ жіп ілсем маған сол жетеді, – депті таңдайы тақылдап.

– Жарайды, балам, – дейді Алтыбасқа әкесі. – Қонақтың үлкен-кішісі жоқ, мазалай бермеңдер енді. Сонда Өмірбай іле-шала: – Дұрыс қой, көке, маған сұрақ бергені. Мүсіркеу түбі – азап, азаптың түбі – дозақ, ағаларымның маған сұрақ қойғаны – мені елегені. Мен үшін бұл – ғажап, – дейді.

Екі елдің ақсақал-қарасақалдары шұрқыраса табы­сып, ел-жұрттың амандық-саулығын сұрай, мәре-сәре болып, қысырдың тайын сойып, жатқанда, отау үйдің белдеуінде байлаулы тұрған түйенің бауырына көрші үйдің бір қозысы ойнақтап кіргенде түйе тарпып, қозыны өлтіріп қояды.

Борбас тұрымтайдай баланың әлгіндегі сөзіне еріксіз назар аударған еді. ”Бұл бала, сөзіне қарағанда, тегі болайын деп тұрған науша-ау”, – деп түйін түйген. Осы оймен әдейі Өмірбайды шақыртып алып:

– Ал, наушам, түйем тарпып, көршінің қозысын өлтірді. Осы қозының кесімін айтшы, – дейді. – Жақсы, көке! Наушаңа сенсең бұл кесімді, теріс айтсам тіл бетімді! Тарпыған аяғын кессем түйеңіз шолтақ болады, өркешін кессем молтақ болады, қозысынан айырылған адам осы түйенің қырыққан жүніне ортақ болады, – дейді жүзі балбұл жанып. Борбас балғын жастың өжет-өрлікпен сөз таба сөйлеуіне сүйсініп: –Талабыңа ақылың серік болғандай, жалғаншының шешімін тәрк қылғандай наушам екенсің. Ғұмырың ұзақ болғай, қара жүректілерге тұзақ болғай, ел-жұртыңа шырақ болғай. Жүзің жарқын ашық болсын, лебізіңе халқың ғашық болсын. Енші деп емес, бір жорға құнан тұсау кесер жоралғы болсын, – деп маңдайынан сүйген екен.

ӨМІРБАЙ БИДІҢ БАЙҚАДАМ БАТЫРДЫ КЕНЕСАРЫНЫҢ ТҰТҚЫНЫНАН БОСАТУЫ

Заманында Кенесары хан батыр Байқадам мен шәлкем-шалыс келіп, зынданға салдырады. Ел аузында сақталған аңыз бойынша, Кенесары хан Байқадамды «көтеріліске қарсылық білдірдің әрі әскерге адам бермедің» деп жазаламақшы болады. Сонда Тама руының биі Өмірбай шешен хан ордасына келіп: «Мен Таманың биі Өмірбаймын, сөзге шешен, әділдікке баймын. Жақсы адам жалынса барлық күнәсін кешеді, болатты тасқа салсаң кеседі. Кіші жүздің ішінде Жетіру деген елміз, батырды босат, болмаса тұрысатын жеріңді айт», – депті. Қазақта қонағына тиісу былай тұрсын, артық ауыз сөз айтпаған. Бұл үрдіс “Қасым ханның қасқа жолынан” мирас болған екен. Сонда Кенесары аталы жолдан жаңылмай келген биді қонақ етеді.

Хан Кене қазаққа аты мәлім Өмірбайға барлық құрметті көрсетіп, жөн-жоралғыны жасайды. Дастарханға ас келіп, Өмірбай биге бас тартылып жатқанда ол табақшыларға “қоя тұр” дегендей ишара жасап:

– Кенеке, даңқың алты Алашқа танымал қол бастаған батырсың, ел бастаған көсемсің. Ата салтымызда ағаның алдына түскенді көріп пе едің? Мен ағам Байқадам тұрғанда бас ұстамаймын, – деген екен.

Аталы сөзге тоқтаған Кенесары Байқадам батырды зынданнан алдырып, Өмірбай шешенмен табыстырған көрінеді.

Сол кезде Байқадам батыр «Әкең Қасымды қоқандықтар өлтіргенде қасында ешбір қазақ баласы жоқ еді, әкеңнің қаны үшін мен Қоқанды үш рет шауып едім. Сол еңбегім бүгін қайтты ғой»,–депті. Байқадам батырдың ұтымды әрі тауып айтқан сөзіне тоқтаған Кенесары хан батырға сый-сияпат көрсетіп, татуласқан көрінеді.

БҰҚАРБАЙ БАТЫРДЫҢ ӨМІРБАЙ БИГЕ АРҒЫМАҚ СЫЙЛАУЫ

Өмірбай шешен өзімен сыйлас батыр інісі Бұқарбайдың ауылына келіп түседі. Мұндағылар биді құшақ ашып қарсы алып, барлық жағдайын жасайды. Бірер аптадан соң еліне қайтарда батыр інісі Өмекеңнің шаруасын сұрайды.

–  Бөтен шаруам жоқ, шырағым! Жас болса ұлғайып қалды, көзімнің тірісінде өзіңді көріп, дидарласқаным ғой. Сосынғы шаруам аттың майын сұраған. Сексен деген жасыңыз құрулы тұрған тор екен. Мініп-түсер көнтулақтың жоқтығы бұл жалғанның қоры екен. Көз кіреуке, көңіл пәс, кәрілік деген сор екен. Шынымды айтсам, қарға адым жер арман боп тұр. Алдым қазылған ор екен, – деп тақпақтай жөнеледі.

Атқосшыларының биге мінгізген аты ұнамай, ағасынан кешірім сұрап, дереу алмастыртады. Сонда Өмекең жұмсақ жымиып:

– Уа, батыр інім, оқасы жоқ. Кәрі болса, замандасы жауыр болса, тоқым сап, амалдасын деген шығар, батыр інісі ұсынған соң қалайша оны олқысынып, жамандасын, – десе керек. Өмекең сол сапарда Бұқарбайдың мәрттігі мен мырзалығына, үлкенге деген ізеттілігі мен инабаттылығына қатты риза болып, бір жасап қалады. Меккенің жүзін көргендей керемет сезімде болып, ақ батасын беріп аттанады ауылына. Батыр інісі сыйға тартқан сол сәйгүлік Өмекең қашан дүниеден өткенше сенімді серігі болған деседі.

P.S. Біз Өмірбай шешеннің өміріне толық тоқталған жоқпыз. Бір ғана мақаламен оның бүкіл ғұмырын бейнелеп беру мүмкін де емес. Сол себепті ел аузындағы аңыздарды біріктіріп, өзі өмір сүрген кезеңдегі қоғамдағы рөлін бедерлеумен шектелдік.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: