Жексенбі, 08 желтоқсан, 07:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Отан қорғаудың қасиетті борыш екенін ұғынатын кез жетті

18.01.2022

8553 0

«Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек».

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында айтқан сөзінен үзінді.

Егемен еліміздің айбыны, шекарамызды қор­ғаушы, мемлекетіміздің тірегі әскеріміз екені әмбеге аян. Тарихқа үңілсек, қазақтан шыққан батырлар аз емес. Қазақ-жоңғар соғысында батырлығымен дараланған Бөгенбай мен Қабанбайды, сұлтан біткен аяқ тартқан Исатай мен Махамбетті, немістің қоршауын сан мәрте бұзып шыққан Бауыржанды, қайсарлығымен ерекшеленген Қасымды, Рейгстахқа ту тіккен Рақымжанды, жауды әуеден тойтарған Талғатты, «Еркек тоқты құрбандық» деп тәуелсіздік жо­лында жанын қиған Қайратты бар қазақ қадір тұтады. Өйткені олар қазақтың қайсар рухты ұлдары деген атқа әбден лайық. Ел шебін ерлермен бірдей қорғаған қыздар да жеткілікті. Сонау Тұмар патшайымнан бастап Әлия мен Мәншүкке дейінгі аралықта қайсарлығымен елдің даңқын асырған арулар қашанда ұрпақ жадында сақталады.

Бұл батырлардың аттарын тектен-текке айтып отырғанымыз жоқ. Ат жалын тартып мінген азамат үшін Отан қорғаудан қасиетті міндет жоқ. Қастерлі тудың түбінде тұрып, ант беріп, аманат арқалаудың өзі қасиетті борыш екенін естен шығармаған абзал.

Біз өз кезегінде Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдар мен әскери қақтығыс­тарға қатысқан Жандос Әлімбетовті әңгімеге тартқан едік.  Ол өздерінің жастық шағында әскерге барудың үлкен абырой саналғанын жеткізді. Бұл азаматтың пікірін газетке арнайылап та жарияладық.

– Бұрын біздің кезімізде жігіттердің әскер­ге бармауын намыс көретінбіз. Сондықтан әскерге барып келу үлкен абырой саналатын. Ал қазір жастардың көбі әскерге барып, уақытын босқа өткізгенше, ақша тапқанды жөн көреді. Бүгінде ата-ана баласын әскерге жібермей, қарсылық танытуда. Оған себеп көп. Қазір әскерге деген қоғамдық көзқарас өзгерді. Бұрын да ол жақта дәл бүгінгідей темірдей тәртіп бар болатын. Ол бола береді де. Бәріміз де ұл-қыз өсіріп отырмыз. Қазір ер жеткен баласын «аппағым» деп, бар тәттісін алдына қойып, айтқанын істеп отырған ата-ана көп. Бұл да баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан бала қиындыққа төзбей, «жоқ» дегенді түсінбей өсуде. Оның үстіне әлеуметтік желі, компьютердегі түрлі ойындар жастардың миын улауда.  Бірақ олардың жағдайын жасап, бетінен қақпай өсіргеннің салдарынан жігіттер ұсақталып барады. Әрбір бала әскери өмірді көру керек. Отан алдындағы борышын сезіну қажет. Сондықтан ата-аналар «Балаңды аясаң, аяма» деген сөзді берік ұстануы тиіс. Сонда ғана отансүйгіш, ержүрек азаматты тәрбиелеп шығуға бола­ды, – дейді «Ардагерлер одағының (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың)» республикалық ҚБ Қызылорда облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары Жандос Әлімбетов.

Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жомарт Сұлтанов: «Халық дана­лығында «Отаны бірдің тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген қанатты сөз бар. Елімізді мекен етіп, осы дархан даладан бақыт тапқан барша ұлттың жалғыз-ақ тілегі бар. Ол – Отанымыздың амандығы, тәу етер тәуелсіздігіміздің тұғырлылығы мен еліміздің тұтастығы. Шынында да, адамзат баласы үшін ата-анасымен, отбасымен тең тұратын ең қымбат құндылық – Отан. Елін сүйетін әрбір азамат үшін бұл сөз ең қастерлі ұғымның бірі болуы тиіс. Елімізді бір шаңырақ астына біріктіріп, Қазақ елі деп аталатын қастерлі атауға ұйытып отырған ұлы ұғым да – осы Отан. Ал оны қорғау, оған қызмет ету – әрбір Қазақстан азаматының ардақты борышы, перзенттік парызы», – деген ойын жеткізді.

Бабаларымыз білектің күшімен, най­заның ұшымен әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленетін территорияны бізге аманат етті. Енді біз Алтай мен Атыраудың арасын жай­лап жатқан байтақ жерімізді қорғап, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, Қазақстанымызды Мәңгілік Ел ету жолында аянбай еңбектенуіміз қажет. Өскелең ұрпаққа беретін тәрбиемізді де осы бағытқа негіздеп, туған жердің қасиеті мен киесін ұғындырғанымыз абзал.

Р.S. Жылқы мінезді қазақтың көкбөрінің ұрпағы екені әмбеге аян. Әсілінде, көкбөрі біреудің айтағымен жүрмейтін, ақиқат пен шындықты айыра алатын, оң мен солын білетін арланның атайы екенін бүгінгі қазақ ұмытып кеткен сыңайлы. Олай деуімізге лаңкестердің дүрмегіне, арандатушылардың жалған сөздеріне арандап қалған көпшілік себеп болып тұр. Ақиқат пен жалғанның аражігін ажыратпай ереуілге шыққандар бар. Озбырлар дәл осыны күткендей бірден  әрекетке көшті. Бірақ олардың дегені, ойға алғаны болған жоқ. Мемлекет басшысы тиісті шаралар қабылдап, республика көлемінде төтенше жағдай енгізді. Құқық қорғаушылар қоғамдық тәртіпті қалпына келтірді. Қалай десек те, елімізге көз алартқандар қазақты оңайлықпен ала алмайтынын түсінген шығар. Әскерге барып, Отан күзетіне тұру жастардың қасиетті борышы екенін тағы да айтқымыз келеді.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: