Сәрсенбі, 08 мамыр, 19:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Есірткі егетіндер неге азаймайды?

16.08.2022

1019 0

Биыл есірткі еккен 44 адам тұтқындалған

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 маусымда басталды. 31 қазанға дейін жалғасатын құқықтық шара аясында бүгінгі күнге дейін аймақта есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқықбұзушылықтың 54 дерегі тіркелген.

Облыстық полиция департаментінің хабар­лауынша, «Қарасора-2022» профилактикалық шарасы барысында облыста есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзу­шылықтың 54 дерегі анықталған. Оның ішінде есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтаудың 2 дерегі, есірткі сатудың 3 дерегі, есірткі өсірудің 36 дерегі және есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылықтың 13 дерегі тір­келген. Он мың түптен аса сора өсімдігі жойылып, заңсыз айналымнан 23 келіге жуық марихуана тәркіленген. Есірткі өсірумен айналысқаны үшін 44 адам ұсталса, оның 13-і қамаққа алынған, біреуі үй қамақта және 29-ы қолхатта, бір Өзбекстан Республикасының азаматы құжаттары болмауына байланысты қабылдау-тарату орнына орналастырылған.

Өткен жылдан бастап облыста есірткінің синтетикалық түрін саудалаушылар анықта­луда. 2021 жылы 24 жастағы атыраулық, 22 жастағы семейлік және 20 жасар қызыл­ордалық қылмыскер ұсталған. Олардан заңсыз айналымнан барлығы 130,8 грамм α-пирро­лидиновалерофенон, α-PVP және 235,83 грамм меткатинон синтетикалық есірткі тәркіленген.

Ұсталған қылмыскердің барлығына аса ауыр санаттағы қылмыстық іс ретінде Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 297-і бабының 3-і бөлігі бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, сотта бас бостандығынан айыру жазасына тартылды.

Биыл Қызылорда қаласының 32 жаста­ғы азаматшасы құрықталып, үйінен 30,30 грамм «2-(пирролидин-1-ил)-1-фенилпен­тан-1он (PVP)» және сату үшін жасы­рып қойған жерлерінен синтетикалық есірткі тәркіленген. Қазіргі таңда сараптама қоры­тындысы күті­луде. Одан бөлек маусым айында полиция департаменті жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде Алматы қаласынан әуежай арқылы өтіп, ұшақпен келген Алматы­ның 20 жасар тұр­ғыны ұсталып, тексеру кезінде салмағы 5,96 грамм «меткатинон» синтетикалық есірткі заты анықталды. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Жалпы сатушыға да, тұтынушыға да зияны көп есірткінің жауапкершілігі де қатаң. Мәселен, Қазақстан Республикасының қыл­мыстық кодексінің 296-ы бабының 1-і бөлігіне сәйкес қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді меди­циналық емес мақсатта тұтынғандар 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды, не осы мөлшерде қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.

Егер есірткіні сатқаны және сату мақсатын­да сақтағаны анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы қылмыстық кодекстің 297-і ба­бы­ның 1-і бөлігіне сәйкес мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостан­дығынан айырылады. Сондай-ақ есірткіні аса ірі мөлшерде сату мақсатында сақтағаны немесе тасымалдағаны үшін 297-і баптың 3-і бөлігіне сәйкес мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Есірткіні ірі көлемде өсіргені үшін қыл­мыстық кодекстің 300-і бабы 2-і бөлігінде 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостан­дығынан айыру жазасы қарастырылған.

Мемлекет шалыс басып, өмірден адас­қан­дарды да емдеумен айналысады. Қай мәселенің де шешімі болатыны анық. Ал осы нашақорлықтың қалай алдын алуға болады? Облыстағы психикалық денсаулық орталықтары бүгінге дейін қанша адамды нашақорлықтан емдеп шықты? Бұл сұрақ­тардың жауабын облыстағы психикалық орта­лық директорының орынбасары Гүлайым Сейілхановадан сұрап білдік.

 − Облыс бойынша наркологиялық есепте тұрған 5946 науқас болса, Соның 709-ы наша­қорлық дертіне байланысты есепке алынған. Нашақорлыққа тап болғандардың 500-ден астамы Қызылорда қаласының тұрғындары. Оларды емдеуге байланысты Баймұрат батыр ауылында орналасқан 190 төсектік стационарда 25 төсек орны жұмыс істейді. Мұнда науқастар есірткіге құмарлық патологиясымен емделеді. Оларды денсаулық сақтау министрлігі бекіт­кен клиникалық емдеу-диагностикалық хат­тамалары арқылы жүзеге асырады. Оның ішінде диагностикалау, жүйке жүйесін емдеу және оңалту секілді үш деңгейлі емдеу жүргізіледі, − дейді Гүлайым Шәріпқызы.

Дәрігердің айтуынша, облыста нашақор­лардың өсу көрсеткіші көбеймей, тұрақты көрсеткішті сақтап қалған. Жыл сайын есірткіні қан тамырлары арқылы тұтынатын нашақорлар да азайып келеді екен. 396 нау­қас есірткінің «гашиш» түрін, 19-ы тамыр арқылы қабылдағандар болса, алкоголь мен есірткіні қатар қолданған науқастар саны 45 процент аралығында. Сонымен қатар есірткі тұтынғандар қатарына тіркелгендер ішінде 6 әйел бар. Одан бөлек кәмелеттік жасқа тол­маған 1 жасөспірім тіркеуге алынған.

Маманның айтуынша есірткіге тәуелділікке тап болатындардың дені жастар. Олар алғашқы кезде естіп, қызығушылық танытып, өзі сезінгісі келеді. Адамдар есірткінің зиян екенін біледі. Бірақ қаншалықты зиян екенін жете түсінбей жатады. Психотроптық заттардың шынтуайтында қалай әсер ететіні туралы да маманнан арнайы сұрадық.

− Есірткі тұтынған адамның ең бірінші жүйке жүйесі зардап шегеді. Егер ол жасөспірім болса оның орталық нерв жүйесі күйреп, мінез-құлық танытып, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Тіпті уақытылы тоқтатпаған жағдайда нашақор адам елестерді көріп, ақырында қайғылы жағдайға жетуі мүмкін. Имперактивті галлюцинация құбылысының әсерінен шатырдан секіру, өз-өзіне қол жұмсау немесе қылмысқа бару әрекеттері орын алады. Бұл – психикалық тәуелділік. Уақыт өте келе есірткі оның 12 мүшесіне әсер етіп, физикалық тәуелділікке әкеп соқтырады. Мұн­дай жағдайда адамның өмірге маңызды ішкі ағза­лары күйреп, «адам» қалпынан арылады, алжиды, дименциялық қалыпқа жетеді, − дейді психикалық орталық директорының орынбасары.

Нашақорларды емдеу ісі ерікті және мәж­бүрлі түрде жүргізіледі. Заңды тұлғалары, яғни ата-анасы немесе жұбайының жазбаша арызы арқылы мәжбүрлі түрде емдеуге болады. Ол үшін арнайы құжаттар жиналып, сот арқылы шешім қабылданады. Мұндай науқастар сот шешімі бойынша 6 ай мен 2 жыл аралығында облыстық психикалық денсаулық орталығында емделе алады. Орталықта емдеуге арналған 70 төсек орын қарастырылған. Емделушілердің басым көпшілігі маскүнемдікке шалдыққандар. Есірткіге тәуелділердің үлесі 10-15 процентті құрайды. Ал өз еркімен емделетіндер үшін арнайы бөлек бөлімше қарастырылған.

Түйін: Есірткіні сату да, сатып алып тұтыну да жақсылыққа апармайтыны анық. Біріншісі темір торға тоғытса, екіншісі өлімге апаруы әбден мүмкін.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: