Дүйсенбі, 13 қаңтар, 21:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№2-2115
11.01.2025
PDF мұрағаты

Есірткі жайлы ертегі

13.01.2025

77 0

Ерте, ерте, ертеде алыс таулы жердегі үлкен орманда аңдар өмір сүріпті. Кірпі, қоян, түлкі, тасбақа, шортан балық бәрі жақсы дос болыпты.

Күнде азанда барлық аңдар оянып, бір-біріне қайырлы таң сыйлап амандасады екен. Таңғы шықпен беті-қолын жуып, жаттығу жасайды екен. Осылай қызықты күндері өтіп жатады. Күндердің бір күнінде таулы жерге табиғат аясына демалуға адамдар келеді. Олар от жағып, түтіндетіп иіс шығарып, көлден балық аулап орманның мазасын алыпты. Кірпі осы иісті сезіп, не иіс екен деп, солай қарай жүреді. Кірпі өз көзіне өзі сенбей қарап тұрады. От жағып, айналаны ластап жатқан және айқайлап ән салып, теңселіп билеп жүрген адамдарды көреді. Оларға ұзақ уақыт қарап, бақылайды. Кірпі күнде бақылайтын болады, адамдар кете қоймайды. Бір күні кірпі адамның орман ішінде тұрып, аузынан бұрқыратып түтін шығарып тұрғанын көреді. Бір кезде адам қолында қалған дүниені жерге тастай салады. Бұны аңдып тұрған кірпі жайлап барып әлгі дүниені иіскеп көреді, иісі жағымсыз екен. Осылай бірнеше рет қайталанады. Кірпі бір күні адам сияқты әлгі дүниені аузына салып көреді, ішіне қарай түтінді тартады. Бір кезде басы айналып, жүрегі айнып, жүре алмай қалады. Бұл есірткі болатын. Кірпіге есірткі қызық болып көрінеді. Кірпі есірткінің  дәмін тату үшін күнде орман шетіндегі адамдарға қарай баратын болды. Ал достары болса, кірпіні таң атқаннан кеш батқанға дейін іздеп таппай жүреді.

Бір күні кірпі есірткіге тойып алып достарына өзі келеді. Достары шырылдап, аман екеніне қуанып жатса, кірпі ашуға булығып, оларды итеріп жібереді. «Мен аманмын, көріп тұрсыңдар ғой, мен кішкентай емеспін барыңдар, әрі!» деп айқайлайды. Осы кезде кірпінің анасы баласын түскі асқа шақырады. Кірпі үйіне келіп, анасының пісірген асын ұнатпай лақтырып, итеріп төгіп тастайды да, үйден шығып кетеді. Сыртта жүрген әкесіне қайырылып та қарамай, иығымен қағып өте шығады. Балаларының бұлай өзгеріп кеткеніне таң қалған ата-анасы артынан қарап қалады. Ал кірпі болса, сол баяғы орман шетіндегі адамдарға қайта барады. Осылай есірткі шегуді әдетке айналдырып достарынан айырылады.

Ата-анасы шырылдап, баласын уайымдап, қоянға келеді. Қоян болған жағдайды айтып береді. Кірпінің достары мен ата-анасы кішкентай кірпіні бұрынғы өмір салтына алып келуді ойлайды. Ақылдаса келе, сол орманда ақылды, данышпан бір үкі бар екен, сол үкіден ақыл сұрайық деп шешеді. Бәрі жиналып үкіге болған жағдайды айтып береді. Үкі көп ойланбастан былай дейді: «Егер, лас суға толып тұрған кесені қисайтпай, төкпей, ішіндегі суды тазарту керек болса, не істер едіңдер?» деп сұрайды. Кірпінің ата-анасы мен достары шешімін таппай «білмейміз» деп жауап береді. Сонда үкі былай дейді: «Ол үшін кесе толы лай судың үстіне таза суды үздіксіз құйып тұрсаң, кеседегі су тазарады. Сендер достарыңды есірткіден арашалап алғыларың келсе, күнде-күнде кірпіні ортаға алып, оны қызықтыратын жаңа ойын мен қимылдар, жарыстар ұйымдастырыңдар. Бір сәтке болса да көзден таса қылмай жіті қадағалап қасынан табылыңдар» деп кеңес береді.

Бұл кезде кірпі адамдар тастаған есірткісін шегіп алып, басы ауырып, мең-зең болып отырған еді. Қасында достары да жоқ. Уақыт қызықсыз өтіп жатты. Есіркіден кірпі бас тарта алмады. Ал орманға демалуға келген адамдар кетіп қалды. Кірпі келесі күні адамдардың жоқ екенін көріп, енді не істеймін деп басы қатты. Көңіл-күйі жоқ, ашуланып, айналасындағы өсіп тұрған гүлдер мен жидектерді жұлып тастады. Кірпі қатты өзгерді. Барлық жыбырлаған жәндіктер мен аңдарға тиісіп мазаларын алды, қорқытты, үркітті.

Кірпінің ата-анасы мен достары келіп, оны жақсы көретіндерін айтып, құшақтап ашуын басып, ақылын айта бастайды. Бастапқы уақытта кірпі тыңдағысы келмей, ашуланды. Бірақ достары күнде азанда кірпіні ортаға алып қызықты жарыстар ұйымдастырды. Орманды қоқыстан тазалады. Достарымен бірге жидек теріп, гүл шоқтарын жинап, әлсіздерге көмектесіп, жақсы көңіл-күймен күндерін өткізіп жүрді. Керемет күндердің бірінде кірпі достарынан кешірім сұрады. Жасаған іс-әрекетінің дұрыс емес екенін айтты және сол жаман жолдан шығаруына көмектескендері үшін алғысын жаудырды.

Кірпі орманға ұзақ қарап тұрды. Егер орманға адамдар келіп тағы осылай жасайтын болса, ол адамдарға: «Адамдар, сендер есірткіні тастаңдар. Ол жақсылыққа апармайды. Денсаулығыңды құртады. Кел, оданда орманның таза ауасымен тыныстап демал, жаттығу жаса. Достарыңмен бірге есірткісіз өмір керемет!» дер еді.

Кірпі мен достары ұзақ та, қызықты өмір сүріпті. Кірпінің ата-анасы баласының достарына дән риза болыпты.

Мергимбаева Айгүл

Абай атындағы №138 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: