Бейсенбі, 02 мамыр, 02:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Халық қатысатын бюджет»: Қала тұрғындарына мүмкіндік

27.02.2021

7978 0

Халық қатысатын бюджет. Аты айтып тұрғандай, бюджет қаржысының қайда, қанша жұмсалатынына қарапайым халық үлес қоса алады. Бүгінгі күнге дейін «мынша қаржыға несіне осыны жасаған немесе мен болсам мынаны жасар едім» деп күйініп жүрген болсаңыз, ойда жүрген идеяны жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік бар.

Өзіңіз тұратын қаланың қаржысының тиімді жұмсалуына, тіпті бөлінген қаржыға қалалықтар игілігіне қызмет ететін тәуір жобаны ұсына аласыз. Жо-жоқ, ұсынысыңызды өткізу үшін ауызша айтып немесе жаза салмайсыз. Әбден зерттеп, жобасын сызып, қаржылық сметасын шығарып, тиынына дейін есептеп, дәлелдеп ұсынасыз. Алайда мұнымен іс бітпейді. Себебі бюджеттің әр тиынының сұрауы бар. Мұны бюджет қаржысын жұмсауға атсалысып, жүгіріп жүргеніңізде өзіңіз де сезінесіз. Халық қатысатын бюджетке үлес қосу үлкен жауапкершілік екенін түсінесіз. Қаламымызға арқау болған тақырып – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Бүгінде бұл жоба елімізде, тіпті өз қаламызда жүзеге асып жатса да мұны біреу түсініп, біреу түсінбей жүр. Сол себепті жобаның мәнін түсініп алғанымыз жөн.
Мемлекет басшысының «Халық үнін еститін Үкімет» тұжырымдамасының негізінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы өткен жылы барлық қалада жүзеге аса бастады. Мақсат – қаланы көгалдандыру мен дамытуға тұрғындарды қатыстыру. Ережеде атап көрсетілгендей, жоба ұсынудың өз талабы бар. Атап айтқанда, бір өтінім арқылы бір жоба ұсына аласыз. Ұсынған жоба қалалықтардың ортақ игілігіне қызмет ететіндей болу керек. Ұсыныс қаланы көгалдандыру, жаяу жүргінші жолдарын, арық жүйесін салу, пандустарды жөндеу, полигондарды жою, қалалықтарға ортақ демалыс орындарында орындықтар мен урналарды орнату, жөндеу, спорт алаңдарын салу, жарықтандыру, жөндеу секілді жалпыға ортақ игіліктер болуы тиіс.
Өткен жылы басталған жаңа жобаға Қызылорда қаласы тұрғындарының белсенділігі қандай? Қалалықтар қаншалықты үлес қосты? Биылғы белсенділік қандай? Бұл сұрақты қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаевқа қойдық.


– Өткен жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысуға үш рет хабарландыру жарияладық. Үшіншісінде ғана екі жоба ұсынды. Оның бірі Яссауи көшесін көгалдандыру болса, екіншісі әл-Фараби көшесін жарықтандыру. Екі жобаның біреуі ғана қабылданды, – дейді бөлім басшысы.
«Бар болғаны екі ұсыныс болса, екеуі де неге қабылданбады?» деген сұрақ туындайтыны заңдылық. Мұның себебін бөлім басшысы былай түсіндірді:
– Мәселен, биыл қала бюджетінен бұл жобаға 50 млн теңге қаржы бөлінді. Әр жобаға 10 млн теңгеден, яғни 5 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Жобаны ұсынудың ережеге сай өз тәртібі бар. Хабарландыру жарияланған соң өтінім беретін қала тұрғыны ең алдымен жобаның эскизін әзірлейді. Мысалы, көпқабатты үйдің белгілі бір аумағын абаттандыру немесе ойын алаңын салу керек десе, оның эскизін әзірлеп, сметасын дайындайды. Бұл жобаға қанша қаржы кететінін есептеп, ұсынысын береді. Сметада лицензиясы бар жобалаушы мекеменің мөрі болу қажет. Мұнан кейін өзінің электронды цифрлық қолтаңбасымен жобаның эскизі, атауы, сметасын порталға салады. «Халық қатысатын бюджет» жобасын арнайы сараптамалық кеңес қарайды. Құрамында қоғам белсенділері, қалалық мәслихат депутаттары және қалалық әкімдікке қарасты дербес бөлім мамандары бар. Сараптамалық кеңес порталға түскен өтінімдердің ішінен ережеге сай келетін бесеуін іріктейді. Таңдалған 5 жоба хаттамамен рәсімделіп қайтадан порталға салынады, – дейді Біржан Далабаев.
Мұнан кейінгі кезеңнің жауапкершілігі тұрғындарға тиесілі. Себебі іріктелген жобалардың «тағдырын» халық даусы шешеді. Бір жоба кемінде 50 адамның даусын жинау керек екен. Тағы бір атап айтарлығы, бір адам бір рет қана дауыс бере алады. Тағы бір ескеретіні, дауысты электронды цифрлық қолтаңбамен ғана бере аласыз.
Әлгінде атап өткеніміздей өткен жылы үш рет хабарландыру жарияланған кезде бар болғаны 2 өтінім ғана түскен. Демек «Халық қатысатын бюджет» жобасына халық қатысуға құлық танытпады. Бөлім басшысы Б.Далабаев жобаның басталғаны туралы қалалықтар хабардар болғанын, әлеуметтік желіде жарияланғанын айтты. Олай болса күн сайын қаланың мың сан мәселесін желі арқылы айтудан жалықпайтын қалалықтар неге белсенділік танытпады? Әлде өтінім беруді қиынсынды ма? Жобаның сметасын жасау кедергі болды ма екен? Бұл сауалға да жауап алдық.

Гүлшат Мұсаева, экономика ғылымдарының магистрі:

Аймақ дамуына үлес қоса аласыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау аясында өңірлерде «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асуда. Оның басты мақсаты – шешім қабылдау процесіне тұрғындарды көптеп тарту және бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету.

Әкімдіктің сайтында тұрғындардың қандай жобаға қалай дауыс бергенін көруге болады. Жобалардың авторы, статусы, суреті жарияланады. Жоба авторы сол аумақта тіркелген тұрғын үй ПИК-і немесе кез келген азамат бола алады.

Алдымен шетелдік тәжірибелерге сүйеніп, пилоттық негізде жүргізілген жоба біршама тиімділігін көрсетті. Сондықтан да, ендігі кезекте еліміздің бүкіл аумағында  даму ерекшеліктерін ескеріп тәжірибеге енгізуде.  

Қорыта айтқанда «Халық қатысатын бюджет» жобасын әрбір азаматтың қоғамдық белсенділігін арттыруға, аймақтың дамуына өз үлесін қосуына  үлкен мүмкіндік.

 Біржан Далабаев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Өтінім беру – әлеуметтік желіге жаза салу емес

Өтінім берудің белгілі бір талабы болмаса, әркім ойына келгенін жаза салу оңай. Тұрғын өзі ұсынған жобаның үлкен жауапкершілік екенін сезіну керек. Әйтпесе, әлеуметтік желіге кім не жазбай, нені сынамай жатыр?! Әлеуметтік желіге сурет жүктеп, астына сын жаза салу қазір әркімге де оңай. Ал «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім беру  жай жаза салу емес, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуының тұрғын ретінде, азамат ретінде жауапкершілігін бірге көтеру, сезіну. Себебі бюджет қаржысы әркім ойындағысын айтып, жан-жаққа тарта беретін біреудің қалтасындағы ақша емес. Әйтпесе, жобаны әлеуметтік желіге салайық, қай жоба көп лайк жинаса, соны жүзеге асырайық деген де ұсыныстар болды. Біз бұған келіспедік. Бюджет қаржысы неге жай лайкпен таңдала салуы керек? Қаласына жанашыр адам ЭЦП-мен дауыс бере алады. Бұл да жауапкершілікті сезіну.


– Өтінім берудің белгілі бір талабы болмаса, әркім ойына келгенін жаза салу оңай. Тұрғын өзі ұсынған жобаның үлкен жауапкершілік екенін сезіну керек. Әйтпесе, әлеуметтік желіге кім не жазбай, нені сынамай жатыр?! Әлеуметтік желіге сурет жүктеп, астына сын жаза салу қазір әркімге де оңай. Ал «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім беру жай жаза салу емес, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуының тұрғын ретінде, азамат ретінде жауапкершілігін бірге көтеру, сезіну. Себебі бюджет қаржысы әркім ойындағысын айтып, жан-жаққа тарта беретін біреудің қалтасындағы ақша емес. Әйтпесе, жобаны әлеуметтік желіге салайық, қай жоба көп лайк жинаса, соны жүзеге асырайық деген де ұсыныстар болды. Біз бұған келіспедік. Бюджет қаржысы неге жай лайкпен таңдала салуы керек? Қаласына жанашыр адам ЭЦП-мен дауыс бере алады. Бұл да жауапкершілікті сезіну, – дейді Б.Далабаев.
– Тұрғындар мәселені айтады, бірақ үлес қосуға келгенде белсенділік танытпайды. Қай кезде де ауызбен айту оңай. Ал өзі айтқан мәселенің шешімін табуына «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім беріп, оның ізінде жүріп жасауға құлықсыз, – дейді сарапшылар кеңесінің мүшесі Болат Нұрхожаев.
Жақында «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім қабылдау басталады. Халықтың бұл жолы қаншалықты белсенділік танытатынын уақыт көрсетеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: