Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 01:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Халық жердің игілігін көруі тиіс

21.01.2023

950 0

Кез келген уақытта жеке шаруашылық жүргізу үшін немесе үй салу үшін жер қажет екені белгілі. Яғни жер – халықтың бірден бір қажеттілігі. Осы орайда елімізде пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары қарқынды жүруде. Жайылымның жетіспеуі ауыл шаруашылығы саласы үшін өзекті мәселе болып отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тап­сырма берген болатын.

Еліміз әлем бойынша аумағы жағында 9-орындағы мемлекет. Ал жайылымдық жері жөнінен 5-орында екен. Сондықтан да біздің елде жер көп. Дегенмен осы уақытқа дейін ауылдық жерлердің айналасында жайы­лымдықтың тапшылығы жөнінде мәселе көтеріліп келеді. Президент тапсырмасына сай бұл мәселе де қолға алынды.

– Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жос­парланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында.

Сонымен қатар қаншама мың гектар жерді алып алса да еш қажетке жаратпай отырғандарға сын айтты.

– Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық, – деді Президент.

Жайылымдық жер тапшы

Еліміздің 15 облысында жайылымдық жер тапшы. Бұл жөнінде Үкімет оты­рысында Ауыл шаруашылығы министрі  Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Министрдің мәліметінше, Қазақстан Республикасының  Жер балансына сәйкес, жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 82,4 млн гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер екен. Соған қарамастан халыққа мал жаятын жер тапшы.

Республиканың 17 облысы ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау об­лыстарында жайылым тапшылығы бай­қалады.

Үкімет отырысында Премьер-Министр жайылымдық жерлермен қамтамасыз ет­пейінше мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес екенін атап өтті.

– Заңсыз берілген, бос жатқан жерлер­ді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комис­сия былтырғы жылдың сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемле­кет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайта­рып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гекта­ры – жайылымдық жерлер,  – деді Әлихан Смайылов.

Облыста 259 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған

Аймақта ауыл шаруашылығына тиісті 2,9 млн гектар жер бар. Оның ішінде егістікке қатысты 181,1 мың гектар. Игерілмей жатқан жерлер бүгінде мемлекетке қайтарылуда. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Сұлушаш Айтбаеваның сөзіне сүйенсек, бұл тұрғыда қарқынды жұмыстар жүруде. Атап айтсақ, 2022 жыл мерзімінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланған ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 157,3 мың гектарды құрайтын 259 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Облыстағы мемлекетке қайтарылған учаскелердің 99 пайызы жайылымдық жерлер.  Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің жоспарына сәйкес Қызылорда облысы бойынша мемлекетке қайтарылатын жер көлемі150 мың гектар болса,  ол 105 пайызға орындалған.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет тарапына қайтару, оны қайта айналымға қосу жөніндегі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімінің 2022 жылғы 6 маусымдағы № 499-Ө өкімімен «Мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайда­ланылатын жерлерді алып қою жөніндегі» облыстық жұмыс тобы құрылды. Облыс әкімінің орынбасарымен өткен жылдың 7 шіл­де­сінде «Мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлерді алып қоюдың» жұмыс жоспарын бекітіп, аудандар және Қызылорда қаласы әкім­діктерімен жұмыстар жүргізілуде, – дейді Сұлушаш Айтбаева.

Тағы бір мәселе – өзіне берілген жер учаскелерін мақсатты пайдаланбау. Жер учаскелерін пайдаланбаудың түрлі себептері болады. Азаматтар өз кәсіптерін бастаған кезде бизнес жоспарларын құруда қаржылық мүмкіндіктерін дұрыс есептей алмағандықтан болуы, су тапшылығы, отбасылық өзге де себептер болуы мүмкін.

– Қазіргі уақытта елді мекендерден шалғайда орналасқан, бұрын қандай да бір қажеттігі болар деген мақсатта азаматтар жалға алған (2000-2008 жылдары), бірақ мақсаты бойынша пайдаланылмаған учаскелердің жалдау мерзімін ұзартпай, мемлекетке қайтарып алудамыз.

Бүгінгі таңда қолданыстағы заң нормалары бойынша пайда­ланбай отырғаны анықталған учаскенің салығы 20 есеге дейін көтеріледі. Сондықтан жер пайдаланушыға учаскені игермеу тиімсіз болғандықтан шаруашылықпен айналысуға немесе учаскені мемлекетке қайтарып беруге мәжбүрленді, – дейді бөлім басшысы. 

Ақжарма ауылдық округінің тұрғыны «Болтаева» шаруа қожа­лығының директоры Қалдыгүл Болтаеваның пікірінше, жерді игеруге шаруа қожалықтар өз үлестерін қосуы тиіс. Мемлекет бер­ген мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет. 

– Халық ырыздығын жерден алып отыр. Сондықтан да жерді тиімді пайдалану – басты мақсат. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін жайылым жерлері қажет-ақ. Бұл – өзекті мәселе еді. Жерді иемденіп алып, кәдеге жаратпай отырғандар бар. Бұл мәселе  де өткен жылдан бері қолға алынды. Президент пәрменді тапсырма берді. Мемлекет басшысы игерілмей жатқан мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берілгенінен хаабардармыз. Осы мақсатта жерлерді тиімді пайдалануды қолға алдық. Қазіргі уақытта шаруа қожалықта 200 гектар жер бар. Оның 160 гектарын егіске, 40 гектар жерді жайылымдыққа пайдаланып отырмыз, – дейді Қалдыгүл Болтаева.

Р.S. Рас, ауылдағы ағайынға жайылымдық жерлер жет­пейді. Бүгінгі таңда мал жаятын өрістің көбі жеке шаруа­шылықтардың қолына өтіп кеткен. Жайылымның жетіспеуі ауыл шаруашылығы саласы үшін өзекті мәселе. Сондықтан жайылымдық жерлерді кәдеге асырамай отырған шаруалар жерді қайтаруды қолға алу қажет немесе игеру керек-ақ. Сол кезде ол жерді басқалар игілікке жаратуы мүмкін. Жер бос жатқаннан халық өз игілігіне пайдаланғаны жақсы емес-пе. Қалай десек те, бос жатқан жайылымдық жерлер мемлекетке қайтаруылуы тиіс. Өйткені ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – жайылымды игеру. Ел Президенті де  сол үшін осы мәселеге маңыз беріп отыр.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: