Жексенбі, 29 желтоқсан, 23:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Халықты қарызға батырған санасыздық емес, шарасыздық

03.05.2023

1543 0

Қазір қалың қазақтың арманы үйлі болу, бір баспанаға қол жеткізу болып отыр. Баспанаға ие болу үшін зыр қағып жүгіріп, банктерді жағалайды. Оның алғашқы жарнасын әзер дегенде тауып беріп, үйлі болудың қамын жасайды. Армандаған үйін де әзер дегенде алады. Міне, сол күннен бастап мойныңа ипотеканың қамытын киесің. Ащы ішектей шұбатылған қарыздан бас көтере алмай қаласың. Айлығың шайлығыңа жетпей, он жылдап, жиырма жылдап банктер саған қожайын бола бастайды. Кешіктірсең, айыппұл төлетеді. Әйтеуір қалтаңды қағудың амалын жасап бағады. Баспанаға қол жеткізу елімізде күйіп тұрған мәсе­ленің бірі. Ипотеканы рәсімдеп, үйге кіргеннен бастап бұрынғыдан да қиын мәселелер басталатыны тағы бар.

Талай замандастарымыз ипотекамен үй аламын деп мойнындағы қарыздың қыл бұрауын шеше алмай, берешегі артып, ақыр соңында сол қарыздан банкрот болып құтылудың қамын жасауда. Ал банк қызметкерлері ипотека алудың алдында мынадай жағдайларды ескеру керек деп кеңес береді.

Гүлжайна Уақбаева, банк қызметкері:

Банктен тәуекел етіп қарыз аларда мына мәселелерді ескерсе дейді. Ол 6 айға жетерлік ақша қорыңыз болмаса, ипотека алмаңыз. Банк сіздің жағдайыңызды түсінбейді, нанға ақша таба алмай жүр­генде  ипотекаңыздың үстіне пайыздар қосыла береді, қосыла береді. Мұның соңы үйді тартып алумен аяқталуы кәдік. Ешқашан ипотеканы шетелдік валютамен алмаңыз.

Сіз жалақыны теңгемен аласыз ба әлде доллармен табасыз ба, ол маңызды емес. Қазақстанда үйдің бағасы теңгеге байланған. Ал теңге  соңғы кезде қатты құбылып жатқанын білесіз. Ешқашан ипотеканы 10 жылдан асатын уақытқа алмаңыз. Сізге банк 15 жыл, 20 жыл, керек десеңіз 30 жылдық ипотекаларды қуана-қуана ұсынады. Неғұрлым жылы ұзақ болса, соғұрлым айына төлейтін сомаң аз болады. Ұзақ жылдық ипотеканы ертерек жауып тастаймын деген уәдемен несие алмаңыз. Пайыздық мөлшерлемесі өзгермелі ипо­текаға жоламаңыз. Кре­дитіңізді қайта қаржыландыруға рұқсат бермейтін ипо­текадан аулақ болыңыз. Өміріңізді сақ­тандырмай ипо­тека алмаңыз. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Құдай сақтасын, жазым болуыңыз немесе жұмыс істеу қабілетінен айырылуыңыз мүмкін. Сол себепті түрлі оқыс жайттардан өміріңізді сақтандырыңыз. Қайғылы жайтқа тап болғанның өзінде, қарызды белгілі уақытқа дейін төлей алатын мүмкіндік болады.

Шара Айдарқұлова, қала тұрғыны:

Менің ипотекамен үй алғаныма 10 жылдай уақыт болды. Ұзағырақ уақытқа алсам, әйтеуір құтылармын деп ойлағанмын. Күйеуім аяқастынан денсаулығы сыр беріп, мүгедек болып қалды. Енді 10 жыл үйдің ақшасын төлеу оңай болмай тұр. Кезінде күйеуімнің табысы жақсы болған соң көзді жұмып тәуекел етіп үй алып, енді қиналып жүрмін. Түн ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылдым. Балаларым да кәмелетке толмаған. Ішім удай ашып жүр. Бар тапқан-таянғанымызды банк жұтып жатыр. Енді амал жоқ банкрот болуға шешім қабылдадым. Несие несібе болмады. Есебін тапсаңыздар несиеден аулақ болыңыздар. Кезінде маған кеңес беретін адам болмады. Пәтер жалдап қиналғасын амал жоқ, ипотекаға ұрынып қалдық. Өмір біз ойлағандай болмайды екен. Қарызың болмай тыныш ұйықтаудың өзі бақыт  екен.

Шынында, өмір біз ойлағаннан басқа арнаға бұрылып кетуі мүмкін. Сондай кезде «опасыз дүние-ай» деп қапаланасың. Бірақ айналып келгенде алақаныңды туысқанға да жая алмайсың. Тығырыққа тірелгенде балаң үйленетін болса немесе қызың тұрмысқа шығатын болса амал жоқ банктерді жағалайсың. Банк сенің бар проблемаңды шешіп беретіндей. Пайызына да қарамай,  миллиондап ақша аласың. Қазір бәрі бәсеке. Анау тойды күшті мейрамханада істеп жатыр. Біз содан қаламыз ба? Осындай бәсекенің кесірінен пайызы жоғары банктің алдына барып, қарызға белшеден батамыз. Той тарқаған соң бәсеке жайына қалып, банктен соққан қоңыраулардан ығырың шығып, құтылатын жол іздейсің. Кейбір жас жұбайлар осындай қарыздың құрбанына айналып, ажырасып кетіп жатыр.  Алған кезде алақаныңды жылытатын теңге, берер кезде алақаныңнан сусып түскен теңгеге ішің күйіп «кезінде бекер алған екенмін» деп өкінесің. Себебі маңдай термен тапқан табысыңның көп бөлігін банк алады. Төлемесең, жалақыңнан ұстайды. Әйтеуір банктер ешкімге есесін жібермейді.

Әсел Арыстанбекова, қала тұрғыны:

– Менің екі қыз, бір ұлым бар. Ұлым аяқастынан «Мен үйленемін. Әйтпесе қыздан айырылып қаламын. Дайын­далайық» деп күнде мазамды алды. Әкесімен ақылдасып едім. «Жалғыз ұлымыз ғой жолын бөгемейік. Жиған-тергеніміз жоқ. Ағайынға қол жая алмаймыз. Жұрттың бәрі несие алып жатыр ғой. Біз де сол баламыздың атынан несие рәсімдейік. Сосын қыздың ата-анасымен сөйлесейік. Қоятын қандай талаптары бар білейік» деді. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, бәрібір өзім жүгіретінім белгілі ғой.  Көк ала шапқын басталып кетті. Бүкіл банкті жағалап шықтық. Көз ілеспес жылдамдықпен банктен сұраған миллиондарымызды алып, көңіл бірленіп, жадырай бастадық. Қыздың ата-анасын мейрамханаға шақырып, танысып, не талабы бар екенін ашық сұрап алдық.  Балам лимузин жалдаймын. Қаладағы мен деген мейрамханаға той жасаймын деп қуанышы қойнына сыймай, өрекпіп тұр.  Тойды дүркіретіп өткіздік. Келін алдық. Сөйтіп, бәрі жайласты дегенде, ұлым жұмыстан қысқарып қалды. Енді несиенің қамыты келіншегінің мойнына ілінді. Ақыр соңында сол несиеге бола ұрыс басталды. Екеуінің арасы суыды да, ажырасып тынды. Қазір сол несиені әкесі екеуміз зейнетақымыздан төлеп жатырмыз, – деп қамығып тұр қарт ана.

Иә, өмірден баз кешіп, қиналып, банк алдындағы берешегін төлей алмай жүр­гендер қаншама.  Қалың қазақтың уайымы ойланбай алған несиелер болып тұр. Әр қазақтың басында бір емес, бірнеше несие бар екендігінен де хабардармыз.  Қаумалаған қалың елдің уайымы қалың­дап, басына бұлт үйіріліп тұр. Үй алғың келсе ипотекаға, үйленгің келсе несиеге құжат рәсімдемеңіз. Көлік алсаң да осы жағдай. Бұның санасыздықтан емес, шарасыздықтан болып тұрғанын ұмытпаған жөн. 

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Сурет: smi24.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: