Жұма, 19 сәуiр, 19:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ісмерлікпен танылған Қарлығаш

21.03.2023

941 0

Қызылордалық қолөнерші әрі кәсіпкер Қарлығаш Ілиясованы білмейтін жан жоқ шығар… Сыр еліне ұлттық киімді дәріптеумен бірге қазақы нақыштағы бұйымдарды тігіп, көрмелерге қатысып, жүлделі орын алып жүрген қолөнершінің бірі. Бүгінде оның өз орталығы, өз тұтынушылары бар.

Қарлығаш Ілиясова осыдан 15 жыл бұрын Қырғыз елінен өз туған жеріне көшіп келеді. Алғаш келген кезде тек күнкөріс қамы үшін ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын тігіп, тұтынушыға ұсынады. Уақыт өте келе кәсібін кеңейтуді ойлап, кәсіпкерлер палатасынан бизнес кеңес алады. Осы мекемеден инновациялық жобаларға арналған грант туралы да естиді. Оған өзінің бизнес-жоспарын ұсынып, грантқа, яғни қайтарымсыз қаржыға қол жеткізеді. Осылайша шағын шеберханасын ашып, қосымша тігін машиналарын алуға мүмкіндік туады. Одан бөлек, үйінде жұмыссыз отырған қыз-келіншектерге өзінің білгенін үйретіп, кәсібін одан әрі ұлғайтуды көздейді.

– Негізі қолөнермен айналысқаныма 26 жылдан астам уақыт болды. Бастапқы жетістігімнен бастасам, «Қазақстанның үздік тауары», «Шебер» фестивалі сынды шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесіне қатыстым. Ол жерде ұлттық киімдерді де көрсеттік. Ұлттық киімдердің матасы синтетика емес, кезінде әже-апаларымыз киген барқыттан тігіледі. Сапасына қарай бағасы қымбаттау. Дегенмен халықтың қалтасы көтеретіндей, – дейді кәсіпкер Қарлығаш Ілиясова.

Бүгінде қызылордалық қолөнерші Қарлығаш Ілиясова таза былғарыдан қол сөмкелер, қазақтың тұс киізі, этно стильдегі шапандар тігуді қолға алды. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл сұранысқа ие бұйымдар екен.

– Сондай-ақ қыз жасауы, ұлттық киімдерді де тігіп жатырмыз. Оған қоса таза былғарыдан тігілген этно стильдегі сөмкелерге жұрттың қызығушылығы жоғары болып тұр. Бірақ бізде тігіншілер жетіспейді. Бұл шеберлікті одан әрі шыңдап, дамыта беруге болады. Әйткенмен дәл қазіргі кезде арнайы ғимарат болмай отыр. Әйтпесе жүзеге асыратын идеялар өте көп, – деді шебер иесі.

Шебердің жаңа жобасы

Кейіпкеріміз үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жақында жаңа жобаны да қолға алды.

– Қызылорда облысындағы қыз-келіншектерге көмегім тисін деп «Қарлығаш» шеберлер орталығының кәсіби жас дизайнерлер арасында «QYZYLORDA CRAFT FASHION WEEK» жобасын бастадым. Бұл жоба үйінде нәпақасын тауып отырған нәзік жандардың сұранысынан туған идея. Олар да өздерінің жасаған туындысын халыққа ұсынғысы келді. Маған хабарласып, пікір алмастық. Сол кезде осы жобаны шығару ойыма келді. Жоба қаржысыз жасалды. Әрине, игі жақсылар көмектесті, себепкер болды. Алғысым шексіз.

Мендегі мақсат – жас буынға, өскелең ұрпаққа өз тәжірибеммен бөлісіп, білгенімді үйреткім келеді. Негізі алдағы уақытта осы облыстан қолөнер орталығының өндірісін ашқым келеді. Шыны керек, ғимарат жағынан шамалы кедергілер болып тұрғаны жасырын емес, – деп қолөнерші қолдау күтетінін жеткізді. Расында да, егер бұл жоба қолға алынса, қыз-келіншектер арасында да жұмыссыздық азаяр еді.

Былғары сөмке сұранысқа ие

Ұлттық құндылығымыздың дәріптелуіне, ұрпақтар сабақтастығының жалғасын табуына септігін тигізіп жүрген қолөнершінің туындылары ерекше-ақ. Қашанда жаңа идея ойлап жүретін ол бұл жолы ұлттық нақыштағы сөмкелерді шығаруды қолға алды.

– Жаңа туынды таза былғарыдан жасалған. Бұған дейін өңірде былғарыдан сөмке жасау ісі болған емес. Аяқкиім шығарудың өзі енді-енді қолға алынуда. Бұл көптен бері ойда жүрген мақсатым еді. Этно стильдегі сөмкелерге сұраныс көп. Алғашқы үлгілері құрақ стилінде болды. Қазір әртүрлі бейнеде шығарылуда. Жалпы ұлттық өнерді дамыту тек құрақ көрпе, шапан сияқты дүниелерден тұрмайды ғой. Кез-келген қолданыстағы дүниеге қазақы нақыш беріп әрлеуге болады. Бұл бір бағытта жұмыс істемей жан-жақты дамудағы мақсат болды. Көпшілік қызығушылық танытуда. Жаңа  жоба одан әрі дами түседі деп ойлаймын, – дейді шебер бізбен әңгімесінде.

Жалпы қазақы ою-өрнекпен әрленіп, әсемделген қол сөмкелер нарықта сұранысқа ие. Сондай-ақ мұндай дүниелерді жасап шығарушылар да баршылық. Бұған дейін кейіпкеріміз арнайы матадан тігілген сөмкелерді жарыққа шығарған. Енді оны былғарыға ауыстырып, қайта жаңғыртуда.

– Қайсыбір істі бастау үшін қаражат қажет екені белгілі. Тиісті орындарға барып жобамды ұсындым. Олар көңіл бөлгенімен қолдау бола қоймады. Солай біршама уақыт бұл іс тоқтап тұрды. Кейін өз қаражатыма жұмысымды жандандырайын деп шештім. Солай ақырындап бастаған жайым бар. Оған жұртшылық арасында сұраныстың артуы қуантты, – дейді кейіпкеріміз.

Иә, нарықта қол сөмкесінің түр-түрі бар. Ал талғампаз қыз-келіншектер үшін этно стильдегі сөмкенің орны ерекше болары анық. Түрі де, түсі де бір-біріне ұқсас сөмкелерден мұның ерекшелігі де осы болмақ.

Жасынан ұлттық өнерді серік етіп сол жолда тынбай ізденіп жүрген Қарлығаш Ілиясованың балалары да ана жолын қуып, зергерлік бұйымдар дайындаумен айналысады. Бүгінде қазақы қолөнерді сабақтастыра білген ана мен бала салт-дәстүрді, ұлттық болмысты осылайша дәріптеп келеді.

Иә, қолөнер – таза еңбек. Ал ол еңбектің арқасында Қарлығаш Қазақстан шеберлер Одағының мүшесі және оның облысымыздағы өкілі, әрі қолөнер шебері. Оның қолынан шыққан эксклюзивті бұйымдар халықаралық мәдени-этнографиялық фестивальдерде, көрме-жәрмеңкелерде көптеген алғыс хаттармен, дипломдармен, сыйлықтармен марапатталған. Сонымен қатар Сыр елінде өткен «Сән мен сахна» халықаралық дизайнерлер фестивалінің жеңімпазы. Кейіпкеріміздің алар асуы әлі алда деп білеміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: