Жұма, 29 наурыз, 13:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қара домбыраның қасиеті

22.03.2022

1221 0

– Домбыра мұнша шешен болдың неге?

Күй толған көкірегің шежіре ме?

Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,

Саусағым тиіп кетсе ішегіңе.

Бұл – ақын Қасым Аманжоловтың домбыра жайлы өлеңі. Екі ішекті осы бір музыкалық асбап ұлтымыздың қасиетін айғақтап жатқандай көрінеді. Оның пайда болуы туралы аңыз көп. Соның бірі – «Мұңлық пен Зарлық» оқиғасы. «Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дарға асуға бұйрық береді. Екі қабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы толған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады. Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген қыз егізін іздеп, жолға шығады. Жолдан шаршаған қыз бала ағаш түбіне келіп, демалады. Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаш түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басында бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен. «Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» – деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегі қаттылау керілген екен. «Астыңғы ішек жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал, үстіңгі ішек бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» – деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен» – дейді аңыз-әңгімеде.

Бұдан бөлек домбыра ішегі үш ішекті болған екен. Оған қатал хан қорғасын құйдырып, бір ішегі үзіліпті деген де әңгіме бар. Бұл жайында «Ақсақ құлан» деген күй де шыққан. Ерте заманда Шыңғыс ханның ұлы құлын аулауға шығып, үйірді бастап жүрген басшы құланды жаралайды. Ызалы құлан аңшыға тап беріп, оны өлтіреді. Шыңғыс хан бір сұмдықтың болғанын сезіп, баласы туралы жаман хабар әкелген адамның көмейіне қорғасын құямын дейді. Сол кезде бір кісі келіп домбыра алып, бір күйді тарта жөнеледі. Хан осы күй арқылы бәрін түсінеді, сөйтіп, сертін бұзбас үшін, домбыраның көмейіне қорғасын құйғызады.

Домбыра туралы қандай аңыздан сыр тартсаң да оның қасиетті екенін аңғарасың. Қадыр ақынның: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп жырлауында терең мағына бар. Одан төгілген күй мен әуезді әуеннің өзі үлкен әңгімеге арқау бола алады.

Қара домбыра өзін қадірлей алатын, қасиетін білетін жанның қолына тисе күмбірлеп сала береді. Содан болар, жанына осы бір ұлттық асбапты серік еткендер оны лайықты мұрагерге тапсыруға тырысады. Құрманғазы өз өнерін Динаға мирас қылса, Сүйінбай домбырасын Жамбылға аманаттағаны белгілі. Сол секілді Құдайберген Жұбановтың да домбырасы айналып келіп Нұрпейіс ақынның қолына тиген. Бұл жайында ақын Әбділдә Тәжібаев пен мәдениеттанушы Бердалы Оспан жазды.

Оқиға желісі былай баяндалады. Профессор Құдайберген Жұбанұлына өкімет басшылығы тарапынан «халық жауы» деген жала жабылып тұтқынға алынған соң, ғалымның отбасы қиыншылық көріп үйдегі заттарын сата бастайды. Бір күні ғалымның жұбайы отағасының домбырасын сату туралы да ұйғарымға келеді. Ғалымның інісі Ахмет Жұбанұлы сол кезде досы Әбділдә Тәжібаевқа телефон шалып, жеңгесі ағасының домбырасын сатайын деп жатқанын айтады. Содан Әбділдә ақын Мұхтар Әуезовтен қарызға ақша сұрап, Жұбановтың домбырасын сатып алған екен. Әбділдә Тәжібаев: «Аяулы адамның аяулы дүниесі екені көрініп-ақ тұр. Сыртқы қабының өзі екі жерден кілттеледі екен. Ал, ішін қара-қошқыл кейде қызыл-күрең де боп көрінетін барқытпен астарлапты. Кебуі әбден жеткен, шертіп қалсаң ішексіз-ақ дыңылдап тұрған ағаштан жасалған домбыраның сырлауы да келісімді-ақ, сырты қызыл қына секілді де пілдің сүйегімен ұқсас болыпты. Құлағы мен тиегі де бір ағаштан жасалыпты» деп алған домбырасын бейнелейді.

Бір күні қазақтың белгілі ақыны Нұрпейіс Байғанин Әбділдә Тәжібаевтың үйінде қонақта болып, әлгі домбыраны сұрап алған екен. Әбділдадай тұлға «Аталармен кездесу» атты естелігінде осы оқиғаны жазады.

«Нұрекең біздің үйден аттанар күні жақын достар түгел жиналдық. Нұрекең өз қолынан сарқыт асатты бізге. Бірақ қоштасуы сондай ауыр болды, біз жылауға жақын едік.

Апам киініп отырған Нұрекеңе тақау отыра беріп:

– Нұреке! –деді дауысы дірілдеп. – Аз ғана күн сұхбаттас болдық, өз қолымнан дәм таттырғаныма қуаныштымын. Сіз жүремін дегенге мен де, мына Әбділдә да қиналып отырмыз. Шын сөзім, қимаймыз сізді, Нұреке, – деді жылай жаздап. Содан соң өзін мықтап іштей ширатып алып, қайта сөйлеп, қысқа қайырды: – Не қалайсыз, Нұреке, қалағаныңызды алыңыз!» деді. Сендер қимасаңдар, менде қимаймын. Айеке, қимасам да қайтемін, сый құрметтеріңді, ықыластарыңды айта жүремін. Енді жүрер алдымда бата берейін, – деп қарт дұғаға қолын көтерді. Бәріміз де ақын лебізін ұйып тыңдап қалдық. Нұрекеңнің батасы оның біздің үйде айтқан соңғы жыры болды. Барлық жақсылықтарды бізге, біздің отбасымызға тілей келіп:

– Іші томпайған келінім аман босансын, ұл тусын! Сол ұл Айманкүл, Әбділдә сендерге баянды болсын! Мына домбыра маған баянды болсын! – деп бетін сипады. Мен: «Әумин» деп қимас домбырамды қимас атаның қолына ұстаттым».

Қалай болған күнде де Жұбанов домбырасы өнерді шын бағалай білетін Тәжібаевтың отбасында сақталды. Одан оның пернесінен жыр төккізетін Нұрпейіс ақынға бұйырды. Қара домбыраның қасиеті де осында жатыр.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: