Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 16:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Кәрі жілік қасиеті

17.09.2022

6662 0

Халқымыз ертеден ырым-тыйымдарға қатты мән беретінін білеміз. Соның ішінде бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтпаған үлкендер жастарға ескертіп айтып отыратын ырымдар бар. Олардың қасиеті туралы бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, екіншісі біле бермейді. Мәселен, қазақ халқының тұрмыссалтында кәрі жілікті босағаға ілу наным-сенімі болған екен. Жақында атамыздың үйінде құран оқытылып, үлкендерден «кәрі жілікті босағаға іліп қою қажет екенін» естідім. Бұл әңгіме қызықтыра түскендіктен себебін сұрауға тырыстым. Себебі біз де кейінгі ұрпаққа ата-бабадан қалған өнегені өсиет етіп жеткізуге, баба дәстүрін сақтауға міндеттіміз.

«Кәрі жілікті босағаға не үшін іледі?». Бұл сұраққа «кәрі жілік» үйді бәле-жаладан, жыншайтаннан қорғайды» немесе «кәрі жілік көрсең, қораңа байла, малыңа қорған болады» деген тиісті жауаптар алдым. Сонымен қатар халық арасында «Кәрі жіліктің ұрының көзіне 40 қарулы әскер болып көрінгені» туралы кеңінен таралған аңыз-әңгіме де бар екенін естіп, тағы да қызығушылығым арта түсті.

Негізінде сойылған малдың әрбір жілігінің өзіндік орны, табаққа тартар жөн-жосығы бар екен. Мәселен, кәрі жілік «қарыжілік деп те аталады» жабыса біткен жанама сүйегі бар, қолдың қарында болатын сүйек. Жанама біткен сүйегін қары жіліктің қамшысы, құрығы, ілдіргесі деп атайды. Аталған жілік мал етіндегі басты бөлігі саналады. Қазанға ет салғанда осы жіліктен бастап салу қажет екен. Себебі бұл жілік еттің бәрін ұстап тұрады деп сенген. Піскен соң шақпайды, құда табаққа салмайды. Қары жілікті қонаққа, бөтен, жат адамға емес керісінше, «ағайын мінемейді» деген оймен ауыл адамдарының табағына салады. Ол ағайын арасының, отбасы мүшелерінің сыбағасы екендігін білдіреді. Ал қонақ табағына салынса, құт сол адамға яғни бөгдеге кетті деп ырымдаған. Абайсызда салынып кетсе, қонаққа білдірмей тығып алуға тырысады. Өйткені ырыс-құт бұйырып тұр деген жорамалдан туындайтын салт бойынша жасалады.

Сонымен қатар қазақ салтында кәрі жілікті өсіп келе жатқан қыз балаға «оң жақта отырып қаласың» деп ұстатпайды. Ал бойдақ жігітке «сүр бойдақ болып қаласың» деген сенім бойынша бермеген. Халық пайымында оны үй иелері өздері мүжіген соң босағаға «мал аман болады, дүние-мүлікті ұры-қарыдан, пәле-жаладан сақтайды» деп сүйек арасындағы тесігінен ши өткізіп, құрық ұстаған жылқышы тәрізді іліп қояды.

Зерттеулерге сүйенсек, балалар құлақ ауруына шалдықпасын деген сеніммен осы жілікпен бірге жан-жағында бірнеше тесігі бар тастың саңылауынан жіп өткізіп, босағаның жоғарғы оң жағына іледі екен. Бұл басты «бұлақтас» деп атайды. Кейде баланың құлағы ауырып, құлағынан бұлақ ағып жүргенін көрсе, үлкен кісілер дереу босағаға бұлақтас тауып ілуді тапсырады.

Сондай-ақ босанатын әйелдің айналасына үйдің төбесінде ілініп тұрған кәрі жіліктерді әкеліп қоятын болған. Сүйектерді санаған аяғы ауыр әйелдің толғағы жиілейді деген сенім психологиялық амал ретінде қолданылса керек.

Біз бүгінде мұндай ырымдарды қолдана бермейміз. Кәрі жіліктің қасиетін түсінбейтін ер-азаматтар да жетерлік. Сондықтан да әрбір отбасында мал сойылып, қонақ күткенде осындай мән-мағыналы дүниені ұрпақ жадында қалдыруға міндеттіміз. Себебі оның қасиетіне терең үңіліп, қолдана білсек, біраз жамандықтын алдын алуға, отбасын қорғауға септігін тигізері анық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: