2024 жылы облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қолайсыз болып есепке алынған 115 елді мекенде кенеге қарсы күзгі өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде облысымыздың барлық аудандары мен Қызылорда қаласында жүргізілуде. Кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігі арнайы құрылған жұмысшы топтармен тұрақты бақыланып отырады. Көктемгі өңдеу қорытындысымен тиімділік көрсеткіші мал қораларында 96,3 пайыз болса, мал бастарына жүргізілген өңдеу сапасы 92,3 пайызды құрады. 90 пайыздан төмен болып анықталған елді мекендерге қайтадан нүктелік өңдеу жасалып, талапқа сәйкестендірілді.
Жыл басынан бері облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 18 күдікті жағдай тіркеліп, оның 10-ы клиникалық-зертханалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданында 5, Шиелі мен Сырдария аудандарында 1 деректен және Қызылорда қаласында 4 жағдай анықталды. Науқастармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы 14 күнге медициналық бақылауда болды, шағымданушылар анықталған жоқ. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық-энтомологиялық зерттеулер жүргізіліп, залалсыздандыру жұмыстары жасалды.
Ағымдағы жыл басынан тұрғындар арасында 1242 адам кене шағумен медициналық көмекке жүгініп, тиісті ем-дом жасалып, 14 күн бойы медициналық бақылауда болды.
Жыл сайын көктемгі, күзгі эпидемиологиялық маусымда арнайы зоологиялық-паразиологиялық топ құрылып, кенелердің таралуы, дамуы, түрлік құрамы, жұқпалылығы, яғни жалпы эпизоотологиялық жағдайға зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалымен аймақтағы 238 елді мекенде жүргізілген зоолого-паразитологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде 23577 кене жиналып, 2891 сынама зерттеліп, оның 3,3 пайызынан оң нәтиже анықталды. Оң сынамалардың басым көпшілігі иксодты кенелердің Dermacenter dagestanicus (nevius) түріне тиесілі.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті табиғатқа демалысқа шыққанда, егіндік, мал шаруашылығымен айналысқанда, мал сою мен мал қырқымы кезінде, сондай-ақ, балық аулау, далалық жағдайда еңбекпен шұғылданғанда келесі сақтану шараларын ұсынады:
- мал қырқымы кезінде қырқымға қатысушылар қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш және ұзын қоныш етік кию;
- кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану;
- табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау.
- кенені жалаң қолмен ұстап, өлтірмеу;
- санитариялық-гигиеналық, эпидемиологиялық талаптарды орындау.
Аурудың алғашқы белгілері байқалғаннан бастап дер кезінде медициналық көмекке жүгіну – аурудың асқынуы мен өлім жағдайларының алдын алатынын есте сақтаңыз!
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!