Сенбі, 23 қараша, 06:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Кенге бай, қазыналы өлке

15.06.2021

1910 0

Қазақстанның орталығында орналасқан – Қарағанды облысы еліміздің табиғи байлық көзі екені бәрімізге мәлім. Иә, Қарағанды кенге бай, қазыналы өлке. Газетіміздің дәстүрлі «Атамекен мен сені білемін бе?» айдары бұл жолы Қарағанды өңіріне сапарламақ.

Кенге бай, қазыналы өлке

Сарыарқаның ұсақ шоқылы, сәл белесті жазығының орта тұсында орналасқан. Қиыр батысын Торғай қолатының шығысы мен Тұран ойпатының солтүстік-шығысы, сол­түстігінде Теңіз – Қорғалжын ойысы, Есіл жазығы, Ерейментау, Қызылтау және басқа ұсақ таулар алып жатыр. Ал шығысында Ащысу, Дағанделі өзендерінің аңғары, оң­түстігінде Бетпақдала сазды шөлі мен Балқаш көлі бар. Бедері негізінен ұсақ шоқылы, төбелі-белесті болып келеді.

Қарағанды қаласы – бұл индуст­риалдық орталық, теміржол мен әуе жолының аса маңызды торабы, ғы­лымы мен мәдениеті дамыған қала. Сонымен бірге туристік-экскурсия­лық аймақтың қайнаған ортасы. Өзі­нің экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуеті бойынша Қараған­дыда көмір өңдіретін ірі кәсіп­орындар, машина жасау, металл өң­­деу және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ көптеген көлік және байланыс кәсіп­орындары жұмыс істейді. Қаланың іргесі шахтерлер кентінің негізінде қаланды. 1934 жылы әкімшілік-ау­мақтық бөлу туралы қаулы жарық көріп, Қарағандыға ресми түрде қала статусы берілді. Бүгінде облыс 9, аудандық 2 қалалық, әкімшілік ау­данға бөлінеді. Сондай-ақ мұнда 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық округ бар.

Кенге бай, қазыналы өлке

Саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы

Қарағанды – түрлі өндіріс бағытындағы алып зауыттардың, көмір шахталарының, ірі жаңа құры­лыстардың мекені. Бұл мекеннің  тарихы дегенде алдымен қазақ әдебиетінің дарабозы, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Оян­ған өлке» романы еске түседі. Романда «Игіліктің қойын бағып жүріп, Байжанның баласы Аппақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас көмірге кездесті. Салпақтатып суырып қойнына толтырып алып тас көмірін әкесіне әкеліп берді. Байжекең суырдың інін тереңдетіп қазып көрсе, әр жағы сіресіп жатқан тас көмір екен» деген жолдар Қарағанды тас көмірінің алғаш қалай табылғанының дәлелі. Өткен ғасырда Қоңырат, Жезқазған, Семізбұғы, Өспен және басқа жерлерде түрлі-түсті металдың мол қорының бары анықталған. Соғысқа дейінгі кезең ішінде жаңадан ашылған көмір және түсті металл кен орындарының негізінде Орталық Қазақстанда Қарсақбай, Балқаш мыс қорыту зауыттары салынды. Сонымен бірге Қарағанды көмір бассейні игерілді.

Көмір – елімізден өндіріске шы­ғарылған алғашқы пайдалы қазба. Сондықтан ел тарихымен етене жатқан өндіріс көзі десек болады. Қазақстанда 300 көмір кен орны мен 10 көмір бассейні табылған. Оның ішінде Қарағанды көмірі елімізде ашылған тұңғыш кен орны. Ол 1833 жылы табылып, 1855 жылы өндіріс іске қосылды. Қарағанды көмір бассейні ТМД-да ірі кеніш саналады. Қоры жағынан Кузбасс пен Донбастан кейін үшінші орында. Мұндағы көмірдің бәрі – кокс көмір. Әлемдегі сапалы өнімнің бірі. Еліміздегі кен орындары – Қарағанды, Саран, Шахты және Абай. Көмір бассейнінің жалпы ауданы – 3600 шаршы шақырым. Тереңдігі 600 метрге дейін. Кей жері 800-900 метрге жетеді.

Кенге бай, қазыналы өлке

Ұлттық мәдени орталықтар

Бүгінде Қарағанды облысы бойынша 55 ұлттық-мәдени орталық жұмыс істейді. Аса белсенді ұлттық-мәдени орталықтарға Қарағанды қаласы, Жезқазған қаласы, Сатпаев, Теміртау, Бұхар-жырау аудандары кіреді. Оның ішінде Теміртаудағы киіз үй пішіндес мұражайды ерекше айтуға болады. Ол 2011 жылы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени мұражайы  болып ашылды. Қазақтың киіз үйі тәрізді ғимараттың әдемілігі сонша, көгілдір түсті үлкен әрі жылтырап тұрған шатыры алыстан назар аудартады. Замануи үлгіде салынған мұражайдың сыртқы келбетінің өзі тарихтан сыр шертіп тұрғандай көрінеді.

Қаламгерлер шыққан мекен

Қазақ елі қай заманда да ақын-жазушы, дарынды қаламгерге кен­де болмаған. Оның ішінде Қара­ғанды өңірінен шыққан қазақ жаңа әдебиетінің негізін салушы, мем­лекеттік қайраткер – Сәкен Сейфуллинді ерекше айтуға болады. Сонымен бірге қазақ әдебиетінің классик жазушысы, көркем сөздің хас шебері атанған – Ғабиден Мұстафин, Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан Журналистер одағы сый­лықтарының лауреаты – Ақселеу Сейдімбеков тағы да басқа ақын жазушылар осы топырақтан түлеп ұшқан.

Қасиетті Қарқаралы

Қарағанды облысы еліміздің қасиетті жерлері мен шежіреден сыр шертеді. Солардың бірі Қарқаралы қаласы табиғаты әсем қасиетті жер. Оның сұлулығын «Қазақстанның Швейцариясы» деп атауға болады. Арқаның кербез сұлу, кие қонған құт мекені. Ғажайып сұлулықтың тәж ордасы. Қазақтың шежірелі тарихы. Бұл тоғайлы арал көне таулармен Орталық Қазақстанның ұшы-қиырсыз даласында, мәңгі жасыл қарағайларымен, таза кәусар көлдерімен, сыңғырлаған өзендері­мен, ертегідей шатқалдарымен және қайталанбас жартастарымен орна­ласқан.

Қарқаралы өңірі табиғат пен та­рихты сүйетіндер мен демалушылар, қонақтар және туристер үшін ерекше қызығушылық танытатын өзінің көр­кемдігімен дараланады. Таулы өзендер, дала және тау көлдері, бай флорасы мен фауналары – осының бәрі Қарқаралыны керемет тартымды етіп көрсетеді. Бүгінде бұл аймақ облыстың экономикалық және мәдени өмірін дамытудағы маңызды орын алатын Қарағанды облысындағы ең көне қала.

Оның тарихы тау өзені алабындағы шағын алқаптан басталып, 1824 жылы қамал салынып, ал үш жыл­дан кейін ол қазак станицасына айналған. 1869 жылы Қарқаралы уездік орталық болған. Ол арқылы ұлы керуен жолы Орталық Азиядан Сібірге-Ұлы Жібек Жолы, сондай-ақ атақты Қоянды жәрмеңкесі өткізіліп тұрған. Қарқаралының аса маңызды орындарына тарихи орындар мен ескерткіштер жатады. Қазір мұнда батырлар аллеясы, «Бәйтерек» Даңқ галереясы, Мәдиге арналған ескерт­кіш, МИГ әскери ұшағы қойылған «Сарыарқа ұшқышына» арналған Даңқ мемориалдық кешені бар.

Сондай-ақ  мұндағы мемлекеттік ұлттық табиғи саябақты білмейтін қазақ кемде-кем. Ол 1998 жылы Қарағанды облысының шығыс ше­тінде бой көтерген. Саябақтың көрікті жерлеріне көлдер, ормандар, емдік сулы бұлақтарымен және флора мен фауна жатады. Ауданы 90 гектардан асатын қорық аумағына бес ірі тау топтары шоғырланған. Атап айтқанда, Айыртау, Бұғылы, Кент, Мәтен және Шаңкөз. Ең жоғарғы шыңдар Кент жүйесіне кіреді. Ол шамамен 1400 метрді құрайды. Әрбір тауға – Кендара, Кеңгір, Аюшат, Өзен сияқты су көздері іргелес жатыр. Саябақтың тағы бір ерекшелігі – Қызыл-кент сарайы. Бұл Қазақстан аумағында рухани дамуды зертеу үшін өте маңызды. Сарай будда храмына тән сәулеттік құрылысқа ие. Сондықтан ол тарихшылар мен діни ғалымдар арасында үлкен қызығушылыққа ие. Бұл саябақ белсенді туризм үшін таптырмас мекен. Бір сөзбен айтқанда, денені сауықтыру және организмді таза тау ауасымен және емдік суларымен емдеуге арналған ерекше орын. 

Мұнда сүтқоректілердің 45 түрі, құстың 120-дан астам түрі, бауы­ры­мен жорғалаушылардың 6 түрі, қос мекенділердің 2 түрі және ба­лықтың 15 түрі бар. Сонымен бір­ге тоғайды құрайтын тұқымды қара­ғайлар, қайыңдар, көктеректер, саңырауқұлақтың 18 түрі және тағы да басқа түрлері жетерлік. Бақтың аумағында табиғаттың 6 ескерткіші бар. Олар Шайтанкөл, Бассейн көлі, Үш үңгір, Үлкен төлем, Сібір шыршасы, Сібір бал қарағайы. Ау­данда демалыс үйлерінің жүйесін дамытумен қатар экологиялық және этнографиялық туризмнің дамуы үшін жақсы жағдай жасалған. Бү­гінде Қарқаралы – облыстың және республиканың демалатын сүйікті орнына айналды.

Табиғаттың тылсым сыры

Қарқаралы қаласынан солтүстік бағытта 3 шақырым жерде, Мәліксай шатқалының ішінде орналасқан үш­үңгір деген жер бар. Шатқалдың етегімен ағып жатқан Тасбұлақ бұ­ла­­ғын жоғары қарай бойлай жүріп отырып, оң қапталдағы құз жар­тастардың жоғарғы жағында орна­ласқан Үш үңгірдің орнын кезіктіруге болады. Халық арасында «Үш үңгір» аталу себебі де сондықтан. Олар орналасқан жердің табиғаты тұмса, қалың орман, сарқыраған бұлағы мен көз тартар таулы жартастары бар, адам өмір сүруге де ыңғайлы мекен.

Тау жыныстары гранитті тақта тастардан түзілген. Осы тастардың арасында табиғи жағдайда қалып­тасқан үш үңгірді алғашқы адамдар мекен еткен. 1947 жылы Мәліксай шатқалында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызмет­керлері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, үңгірлердің өлшемдерін анықтаған. Ортасында орналасқан үлкен үңгірдің аумағы шамамен 40 шаршы метр, биіктігі 3-4 м, ішіне 10-12 адам еркін сыйып кетеді. Қалған екі үңгір шағындау келген. Үңгірлердің аумағынан үй жануарларының сүйек­­тері мен тас қырғыштар та­былған. Академик Ә.Х.Марғұлан Қарқаралы өңірінде жүргізген зерт­теулер барысында осы төңіректен алғашқы адамдардың тұрақтары мен қоныстарын анықтаған. Ежелгі тас дәуірінде адамзат баласына тұрақ болған тас үңгірлер бүгінгі таңда қызықты зерттеу алаңы, тарихи мекен, көпшілік келіп тамашалайтын туристік нысан ретінде белгілі болып отыр.

ҰЛТ ұясындағы кИе

Мұнда елімізге белгілі Жошы хан және Домбауыл мен Әулие тау кесенелері бар. Жошы хан кесенесі Қарағанды облысының Ұлытау ау­данында, Жезқазған қаласынан сол­түстік-шығысқа қарай 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Аңыздарға сай кесенеде Шыңғыс ханның үлкен ұлы жерленген. 1982-ші жылдан бастап ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Ал, Домбауыл кесенесі, көптеген ғалымдардың пікірінше, Орталық Қазақстанда орналасқан ең көне ескерткіштердің бірі болып есептеледі. Домбауыл кесенесі исламға дейінгі кезеңге жатады. Ол киіз үй пішіндес салынған, және де ортаазиялық сәулет ескерткіштерінен анағұрлым ерекшеленеді. Кесене тас тақталардан салынған. Сонымен қатар, Әулие тау – Сарыарқа көне тау сілемдерінің Ұлытаудағы ең биік нүктесі. Үш кесене де – қазақ даласының нағыз мәдени-тарихи және әдеби мұрасы. Біз Ұлытаудағы киелі мекендерге алдағы уақытта газет арқылы сапарлайтын боламыз.

Дайындаған:

Ақмарал ҚАДЫРХАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: