Сенбі, 27 сәуiр, 03:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Кітапқа қызыққан бала көп…

29.03.2022

1735 0

Кітапханаға қанша барғаныммен мұндағы балалар әдебиеті бөліміне алғаш кіруім. Құдды ертегі әлеміне енгендей күй кешесің. Бұл бөлімдегі әрбір зал кішкентай оқырманға лайық, әсем безендірілген. Сондай-ақ балаларға қолжетімді кітап қорымен жабдықталған. Мұнда кітапханашылар баланың жас ерекшелігіне қарай 2-14 жас аралығындағы бүлдіршіндерге қызмет көрсетеді. Ендеше, балалар әлеміне бірге саяхаттап қайтайық.

Мемлекет басшысы бекіткен «Балалар жылы» аясында елімізде түрлі деңгейде шаралар басталып кетті. Оның ішінде Сыр өңірінің бүлдіршіндері үшін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғы­лыми кітапханасынан «Еркетай» балалар алаңы ашылды. Бала – барлық ұлттың жарқын болашағы. Сондықтан да бар жақсылық ба­лаларға жасалуы тиіс. Ондағы басты мақсат – кітап оқуға келген әрбір бүлдіршінді бір мезгіл сергітіп, ойнауына жағдай жасау.

Бүгінгі күннің ба­лалары кі­тап оқи ма? Балдырғандар­дың оқу-білімге де­ген қызығушы­лы­ғын қалай арттыру­ға болады? Бұл – қазір көп адамның көкейін­де жүр­ген сауал. Әрине, кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына. Ол баланың ой-өрісін өсіріп, сөйлеу мәдениетіне үйретеді. Алайда заман дамып, тех­ника мен технология жаңарған сайын балаларды өзіне еліктіріп әкетуде. Жа­сыратын несі бар, осыдан бес-алты жыл бұрын кітап оқуға деген ұмтылыс мүлдем жоқ еді. Ал қазір керісінше, көпшілік кітап оқуға ден қойды. Әсіресе балалар ара­сында.

– Балалар әдебиеті бөлімі бірнеше бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Балдырған» залы 2-8 жастағы бүлдіршіндерге арналған. Онда балаларды қызық­тыратын түрлі ертегі, музыкалық кітаптар бар. Бұл бағыт бойынша балабақша ұжымдарымен тығыз бай­ланыста жұмыс істейміз. Кітапханашылар баланың кітап оқуға, ертегі тыңдауға деген қызығушылығын оятуға атсалысады. Жас ұрпаққа тәрбие берудегі тиімді құралдың бірі – ертегі тыңдауға баулу. Осы арқылы халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі баланың бойында қалыптасады. Бұл жерде үйінде ертегі тыңдайтын бала­ларды да кездестіреміз. Олар қосы­лып, бірге айтып отырады. Сондай-ақ «Рауан» шығармашылық клубы бар. Оның жанынан құрылған «Алақай» қуыршақ үйірмесінің мүшелері түрлі ертегіден көрініс қойып, балаларға кере­мет көңіл-күй сыйлайды. Осылайша бізге келген әрір баланы кітап әле­міндегі бақытты балалық шаққа саяхаттатып қайтамыз. Ал оқу залына 9-14 жас аралығындағы жас­өспірімдер келеді. Оларға көбіне отбасылық тәрбие құндылықтары, кітап оқу мәдениетін түсіндіру бағытында жұмыс істейміз. Мұнда мектеп бағдарламасына сәйкес оқулықтар бар. Кітапханашы ретінде балалармен бірге күнделікті жұмыс істегеннен кейін олардың үнемі оқитын кітаптарын, қай жанрға қызығатындарын жақсы білеміз. Кейбір бүлдіршіндер фантастикалық жанрға қызықса, екіншілері комиксті сүйіп оқиды. Ал көбі көркем әдебиетті таңдайды. Жоғары сұраныстағы кітаптарға – Абайдың өлеңдер жинағы, М.Әуезовтің «Көксерек», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», Д.Ролингтің «Гарри Поттер», М.Твеннің «Приключения Тома Сойера» және Д.Дефоның «Робинзон Крузо» тағы да басқа кітаптар жатады, – деді балалар әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Маржанкүл Тұрғанбекқызы.

Сонымен қатар бөлім жанындағы «Ісмер» үйірмесін де ерекше айтуға болады. Бұл үйірме де «Балалар жылы» аясында ашылған. Үйірмеде қағазбен, бисермен, тоқыма, фетрамен жұмыс істейді. Мұнда қолөнерші қыздар «Оригами» тәсілімен әртүрлі гүлдер жасап, түрлі құстарды бейнелейді. Ал фетра қағазы арқылы кітаптар жасайды. Қыс бойы келушілер тоқыма тоқуды үйренген. Нәтижесі де жаман емес. Себебі ашылғанына көп уақыт болмаса да «Ісмер» бөлімін түрлі қолөнер бұйымдарымен толтырып қойған.  Бұл үйірменің басты мақсаты – ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді бала бойына сіңіріп, ертеңгі күнге мұра етіп қалдыру. Үйірме қаладағы мектептің технология пәні мұғалімдерімен тығыз байланыс орнатқан. Үйірме жетекшісі балалар әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Шынар Әбдімәлікқызының айтуынша, оқу мен тоқуға көбіне 4-5 сынып оқушыларының қызығушылығы басым екен. Сондай-ақ Наурыз мерекесі қарсаңында «Еркетай» ойын алаңы ашыл­ды. Түрлі-түсті әсемдеп безен­дірілген бұл алаң балалар түгілі, үлкендердің де қызығу­шылығын оятады. Мұнда ба­лалар еркін демалып, кітап оқып, үстел футболын ойнап, шахматпен ой сергітіп, түрлі пазлдарды құрастырып, ми тынықтырады.

«Кітапқа қызыққан бала жақсылыққа жақын болып өседі» демекші, қазір күн сайын балалар әдебиеті бөлі­міне 200-ден аса жас оқырман келеді. Мұнда оларға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады. Атап айтсақ, түрлі байқау, әдеби кеш, ертеңгіліктер өткізіліп, кітапханаға саяхат ұйымдастырылады. Мәселен, «Кітаппен бірге өсемін», «Жылдың үздік оқырманы» «Әжемнің ертегілері», «Ертегілер елінде» атты жобалар бар. Бұл бөлім қала мектептерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді.  Сонымен қатар Н.Бекежанов атындағы драма театрының «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ бөлімінің артистері, «Олимп» балалардың бос уақытын өткізу орталығы бүлдіршіндері  және мүмкіндігі шектеулі балалардың шарасына үнемі қатысатынын да айта кеткен жөн.

Біле-білгенге кітап оқудың пайдасы зор. Өйткені ол – рухани сарқылмас қазына. Ғалымдар есте сақтау қабілетін арттыру үшін, миды жаттықтырып отыру керек деп кеңес береді. Жалпы кітап ұтқыр ойлауға, логиканы дамытуға көмегін тигізеді. Сонымен бірге адамның рухани дамуы мен жақсы жаққа өзгеруіне ықпал етеді. Расында, кітап адамға кемелденуге көмектеседі. Бұл – жаңа технологиялар уақыты. Бірақ олардың барлығы кітаптың орнын алмастыра алмасы анық. Сондықтан балаларға кітап оқуға көмектесу керек. Ал кітапхана әрқашан да болашақтың қақпасы болып қала береді. Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей. Ал Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбе, оқып көруге» демекші рухани байлықтан, жан азығынан қол үзіп қалмай, ғылым мен білімнің қайнар бұлағы кітап оқуды әдетке айналдырайық.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: