Қызылорда облысында 2026 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлыбек Сейтханов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, биыл наурыз-маусым айлары аралығында 800-ден астам сырбойылық жас сарбаз ҚР Қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдар құрамында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.
«Көктемгі шақырылым барысында өңірімізден 800-ден астам азамат әскери қызметке жіберіледі. Оның ішінде Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне 100-ге жуық, Қарулы күштер қатарына 400-ден астам, Ұлттық ұланға 300-ге жуық, Мемлекеттік күзет қызметіне 15-тен астам, Төтенше жағдайлар министрлігіне 30-ға жуық жас жігіт жолданады. Бұл ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Әскер қатарына елімізді қорғауға қабілетті, денсаулығы мықты, дене бітімі шыныққан, білім деңгейі жеткілікті және моральдық-іскерлік қасиеттері жоғары азаматтар іріктеледі. Әскери қызмет жас буын үшін тәртіп пен жауапкершіліктің, отансүйгіштік пен азаматтық ұстанымның мектебі», – деді Нұрлыбек Қалыбекұлы.
Әскерге шақырылушылар медициналық тексерістен толық өтіп, заң талаптарына сәйкес сараптамадан өтеді. Барлық ұйымдастыру жұмыстары қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер негізінде жүргізілуде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
