Сенбі, 27 шiлде, 04:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59-2069
27.07.2024
PDF мұрағаты

«Кухонный комбайн»

09.07.2022

568 0

Гүлжайна тұрмысқа шығатын болды.Тумысынан пысық, есепке жүйрік ол  той қамына кірісіп, дүниесін де өзі түгендеді.

– Маған арзанқол емес, «фирменный» заттар ғана алу керек, – деді ол. Керек дүниенің тізімін жасап, жанына кім алатынын да жазып қойды. Бірінші, кір жуатын автомат машина – Жақсыгүл тәтесі, шаңсорғыш – жан құрбысы Айым, асүйге әдемі ваза… Оны кімге айтсам екен? Ауылдағы нағашысы… Жо-жоқ оған майда-шүйде емес, қымбат дүние айту керек. Ақкөңіл, елпілдеп тұрған нағашы ағасы жалғыз апасынан ешнәрсесін аямайтынын көріп жүр ғой. Бір келгенде бір түйенің ақша­сын әкеліп тастайды. Оған қонақ бөлмеге қоя­тын соңғы үлгідегі жиһаз әкел десе  де, түк емес. Мәссаған, кухонный комбайн ше? Өткенде әріптесінің үйіне қонаққа барған. Асүйдегі кухон­ный комбайнды көріп қатты қызықты. Асүйге нағыз керек зат екен. Мұны кімге айтсам екен? Ойына бірге оқыған құрбылары түсе кетті. Несі бар, бәрі жұмыс істеп жатыр. Алды 4-5 айлығын алып үлгерді. Айтып көрейін.

«Бір қыз күйеуге шықса, қырық қыз түс көреді» демекші,  кеш бата барлық қыз гуілдеп Гүлжайнаның  үйіне жетіп келді. Құттықтап, мәре-сәре. Бәрі де оқуды жаңа бітірген жас маман. Жұмыстың, ұжымның қызық-шыжығын айтып тауыса алмай жатыр. Әңгіме той жайына ойысқанда Гүлжайна тойға әкелер сыйлықтың жайын жеткізді. «Маған естелікке кухонный комбайн әкелсеңдер», – деді, жанары жалт-жұлт етіп. Ақкөңіл достары меселін қайтармады, «аламыз» деп қоштай кетті. Бәрі ду-думен ортадан базаршы етіп Айнагүлді тағайындады.

Мұнан кейін әбігерге түскен Айнагүл ғана. Тәуелсіздік түлектері саналатын жас мамандарда көп ақша қайдан болсын, бірі «айлық алмадым» деді, енді бірі «аздау болып тұр» деді. Әйтеуір  ақша той болатын күні түгел жиналып, Айнагүл таң атысымен базарға тартты. Ыдыс сататын дүкендерді түгел аралады. «Кухонный комбайн» деп ішінен қайталап қояды. Ұмытып қалмайын десе керек. Ауылда өскен қыз күбі мен диірменді жақсы білер, бірақ «кухонный комбайн» дегенді естімепті. Қаладағы белгілі сауда үйіне барып, ыдыс сататын бөлімге аяқ басқаны сол еді, «не іздедіңіз?», – деп еліктің лағындай сүйкімді қыз жанына жетіп келді. Өзі өмірі көрмеген затты анықтап айта алмай, қысылды. Әр дүкенге кірген сайын сатушыға кібіртіктеп «ку-хон-ный комбайн» деп ежіктеп зорға айтады. Сатушылар мұны менсінбейді ме, әлде ақшасы жетпейтінін біле ме, әйтеуір «мырс» етіп, аспандағы бағаны айтады. Тіпті  әлгі комбайнды орнынан тұрып көрсетпейді де. Бұл не зат екен сонша деп әрі ойланып, бері ойланып таба алмаған Айнагүлдің дүкен жағалап табаны тозды. Бұл не нәрсе деп құрбыларынан сұрайын десе, намыстанып-ақ тұр. Қазіргідей интернет жоқ кез,  әйтпесе, гуглға жазып жіберіп, суретінен көре қояр еді-ау. Бір кезде «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып кетті.  Дүкен жаға­лаған бес сағат бойы қалай ойына келмеген. Анасы екеуі жиі баратын ескі базардың аяқ жағындағы жайма базар есіне түсті. «Түркістанский» базар дейтін бұл жақты. Өзбек әйелдерде не жоқ дейсің, бәрі табылады. Асты-үстіңе түсіп, елпектейтінін қайтерсің. Тал түсте жайма базарға жетіп барды.

– Қызым-кә, не іздедің? Маған келе ғой,– деді жылы жүзді өзбек апасы.

– Кухонный комбайн керек.

– Көмбәйн іздедің бе, табылады, Мынауский!

Айнагүл қуанып кетті. Өзбекше кең көйлек киген сатушының көңілі де кең екен. Жүгіріп үлкен бір қорапты көтеріп келеді. Қорапты ашып, ішінен үлке-е-е-н қазан шығарды. Қазан болғанда қандай, күнмен  шағы­лысып, жалтырап тұр. Оны қойшы, өзі пештің үстіне қонжиыпты.

– Мына­ны тоққа тығасың, қаттыға қойсаң мынаны, жайға қойғың келсе, мынаны басасың. Айнагүл аң-таң. Мынадай да қазан болады екен-ау. Ас­тындағы пешімен бірге. Құрбысы Гүл­жайнаның пысығын қарашы. Қазанын тоқ­қа қосып, мына кноп­кыны басса, тамағы бабымен пісіп тұрады екен ғой. Өте қымбат та емес екен. Тойға жи­налған аз-маз ақшадан бір букет гүл алуға тиын-тебен артылды. Өзі де көптің көзінше беруге қомақты дүние екен.  Айнагүл кіп-кішкентай бойына қарамай, үлкен қорапты мықшыңдай көтеріп, кешкі тойға баруға үлгеру үшін зырылдай жөнелді. Той да басталды. Сән-салтанаты келіскен мей­рам­ханаға үлкен қорапты мық­шыңдай сүйрей кірген Айна­гүлге достары риза, өзі де мәз.

…  Сыйлықтың қызығы он-он бес жыл өткен соң болды.Одан бері талай тойлар өтті ғой. Мұнан кейін ақша жинап, базарға барғаны да есінде жоқ. Тіпті қанша жыл өтті. Бәрі балалы-шағалы болды. Бір күні үйлі-баранды құрбылардың басы қосылғанда Гүлжайнаның: «Осы сен менің тойыма не алғансың. «Кухонный комбайн» десем, астына пеш жабысқан дәу қазан әкелгенің не? Ұялғанымнан қоя салдым. Шаң басып, он жыл тұрды, жақында көршімнің туған күніне апардым», – деп көптің көзінше қойып қалмасы бар ма? Әуелгіде Айнагүл құрбысының сөзіне ашуланып, бір қызарып, бір бозарды. Сонда сыйлықты ұнатпай, есінде сақтап жүр екен-ау» деп күйіп-пісті. Тіпті не алғаны да есінде жоқ. Он жыл бұрынғы дүние есте тұра ма? Бір кезде тоқтай алмай ішін басып күлсін. Көзінен жас аққанша күлді. Есіне түскен сайын күлді. «Астына пеш жабысқан дәу қазан» дегенде жайма базардан алған жалтыраған қазан көз алдына келе қалды. Ақкөңіл, аңқылдақ ауылдың қызын мейірімді өзбек апасы «кухонный комбайн» деп алдап жібергенін осы кезге дейін ойламапты да. Қазір «кухонный комбайн» көрсе, күнмен шағылыса жалт-жұлт еткен шойын қазан есіне түсіп, ішін басып, рахаттана күледі. Аппақ қағаздай аңғал да албырт шақтың жып-жылы естелігі ғой бұл.

Қазанды көршіге бекер бердің…

М.Қымбат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: