Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанның тұрақты даму мен өсуін жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Халықаралық қайта құру және даму банкімен, Халықаралық қаржы корпорациясымен және Көпжақты инвестициялар кепілдігі агенттігімен Әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы Заңды қабылдады, – деп хабарлайды KAZINFORM
Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, заң жобасы Қазақстанның тұрақты даму мен өсуін жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Халықаралық қайта құру және даму банкімен, Халықаралық қаржы корпорациясымен және Көпжақты инвестициялар кепілдігі агенттігімен Әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялауды қарастырады.
— Бұл келісімге өткен жылғы 18 маусымда Астанада қол қойылған. Ол Дүниежүзілік банкімен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталуына, сондай-ақ елдегі жобаларды тиімді және жедел жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажеттігіне орай жасалған. Негіздемелік келісімде мемлекеттік кепілдікпен қарыздар мен гранттық жобаларды іске асыру кезінде Дүниежүзілік банктің саясаттары мен ережелерін қолдануға байланысты ұлттық заңнамадан өзгеше нормалар белгіленген. Атап айтқанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік, еңбек, гендерлік стандарттарды және Дүниежүзілік банк тобының ақпаратты көрсету нормаларын қолдану көзделеді. Өздеріңіз білетіндей, Дүниежүзілік банк — әлемдегі ең беделді халықаралық қаржы институттарының бірі. Біздің елде ол 30 жылдан астам жұмыс істейді. Көлік, білім беру, экология, цифрландыру, қаржы салаларында 8 млрд доллардан астам сомаға 50 жоба іске асырылған болатын, — деді министр.
Оның атап өтуінше, Дүниежүзілік банктің мемлекеттік кепілдікпен борыштарды іске асыру жөніндегі ережелері дамушы елдердің көпшілігінде қолданылатын ең үздік әлемдік тәжірибесін көрсетеді.
— Әдетте, мемлекеттік кепілдікпен берілетін борыштар ұзақ мерзімді (35 жылға дейін) жеңілдетілген қаржыландыру түрі. Олар мемлекеттік қарыздың ұлғаюына әкелмейді және ұлттық бағдарламалық мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Осылайша, келісім жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекеттің шығыстарын басым жобаларға қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, — деді ол.
Вице-премьер мәліметінше, келісім күшіне енгеннен кейін бірқатар инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс басталады. Олар:
«Жезқазған-Қарағанды» және «Бейнеу-Сексеуіл» автожолдарын қайта жаңарту және салу;
Қазақстандағы теміржол қатынасы мен көлік байланысын трансформациялау жобасын іске асыру;
Қамбарата ГЭС-1-ді салу және басқа жобалар.
— Ұзақ мерзімді жоспарда келісім аясында Дүниежүзілік банктің жобаларын іске асыру ЖІӨ-нің өсуіне, жұмыс орындарын құруға, жеке сектор мен ШОБ-ты дамытуға, инновацияларды ынталандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға жәрдем көрсетеді. Айта кетерлігі, 2020 жылы Қазақстан Үкіметі мен Азия Даму банкі арасында ұқсас келісім ратификацияланған болатын. Жалпы, келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді, — деді Серік Жұманғарин.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
