Бейсенбі, 26 желтоқсан, 12:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мектепке дайындық қанша тұрады?

26.08.2023

923 0

Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар балаларын ертіп базарда жүр. Бүгінде мектепке дайындық қарбаласы.

Қалтаны қымбат­шылық қы­сып тұрғанда бағасы мен сапасы сай киім-кешек пен құрал-жабдықтарды табу оңай емес. Бір баланы мектепке киіндірумен қатар оқу құралдарын алу үшін қанша теңге керек? Осы сұрақтың жауабын базардағы бағалар арқылы бағамдадық.

Қыркүйек айы жақындаған сайын мектепке дайындық нау­қаны қызу жүріп жатыр. Сауда орындарында халық көп. Әсіресе баласын жетектеген ата-аналар. Олардың басты міндеті – балаларына мектеп формасымен, оқуға керек құрал жабдығын алып беру. Бұл қалтаға салмақ салмай қоймайды. Өйткені күннен-күнге азық түлікпен қатар мектеп формасы, оқу құралы, сөмке және аяқкиім бағасы өсіп жатыр. Биыл өткен жылмен салыстырғанда мектеп формасы 15-20 пайызға қымбаттаған. Ал оқу құралының бағасы өзгеріссіз.

– Мен көпбалалы анамын. Жаңа оқу жылына балаларымды кезекпен дайындап жатырмын. Ең бірінші үлкен балама ауыстырып киетін екі ақ жиде, пиджак, екі шалбар, майка, спорттық киім, туфли, спорттық аяқкиім алдым. Бұның барлығы 70000 мың теңге болды. Бұл  бір баламның киіміне кеткен шығын. Ал құрал жабдықтарына жұмсалған шығын 40000 мың теңгеге жетті. Жал­пы мектепке дайындық үшін бір баланың өзіне  110000 мың теңге­ден жоғары қаражат жұмсадым, – дейді Салтанат  Ханкелиева. 

Қазіргі нарықпен есеп­тегенде бұл ең аз жұмсалатын қаржы. Себебі бір танысым 10-шы сынып оқитын ұлына бір туфли мен спорттық аяқкімді 55 мың теңгеге алған.

Бұған дейін ата-ана­лардың көбі мектеп киімін «арзан әрі таңдауы көп» деп Түркістан мен Алматы қаласындағы базардан алған. Қазір олардың да қатары жыл сайын азаюда. Оған себеп базар бағасындағы айырмашылықтың болмауы. Сон­дықтан ата-ана­лар балаларға керек құрал-саймандар мен мектеп фор­масын ба­зар­дағы сауда сө­релерінен алуда. Онда балалардың тал­­ғамындағы түр­лі кейіпкерлер бей­неленген құрал жаб­дықтар және са­палы, жаңа үлгідегі формаларды табуға болады. Әрине, қалтаңызға қарай таңдап аласыз. Мәселен, қыз балаға арналған ақ жейденің орташа бағасы 6000 теңгені құрайды. Шамаңызға қарай одан арзаны да табылады. Егер сапалысын аламын десеңіз қымбаты да жетерлік. Белдемше 7500 теңге болса, ақ бантиктің екі данасы 2000 теңгеден сатылуда. Ер балаларға арналған костюм-шалбар да өткен жылға қа­рағанда қымбаттаған. Са­пасына қарай 18000 мыңнан бастап, 30000 мың теңгеге дейін кездестіресіз. Ал спорт­тық киімдер 10000 мың теңгеден әрі қарай құны арта береді. Сөмкенің ор­таша бағасы 4000 теңгеге саудалануда. Аяқкиімді 3500-ден бастап 10-15 мыңға дейін алуға бо­лады. Сапалысы одан да қымбат. Жалпы базардағы киімдер Қытай, Бішкек, Түр­кия, Ресейден, Еуропадан келетіндер де бар. Сондықтан бағасы мен сапасы да әртүрлі.

– Мен бес бала тәрбиелеп отырған анамын. Қазіргі таңда екі қызымды жаңа оқу жылына сақадай сай болуы үшін оқуға керек-жарақтарын алып жатырмын. Бірер күн бұрын белдемше мен жейдесін осы базардан алдым. Оның әрқайсысы 6500-7000 мың теңгеден жоғары. Жалпы екі балаға бір сөреден зат алатын болсаң сатушылар барынша түсіріп беруге әзір. Сондықтан үл­кен қызыма 100000 теңге, ал кішкентайыма 50000 тең­ге жұмсалды. Бұл жұм­салған қаржы тек киімге кеткені. Алда әлі құрал саймандары бар алатын, – дей­ді көпбалалы ана Динара.

Сатушылар да заттың қым­­баттағанын айтты. Тауарды көбіне Қорғас, Түркия, Алматы, Қыр­ғызстаннан әкеле­ді. Қазіргі таңда сән­­ді жаңа үлгідегі киім­дерге сұ­раныс көп.

Біз базар ара­ла­ғанда базар сө­релерінде көздің жауын ала­тын кітап, қаламдар толып тұр. Қытайдікі керек пе, басқа елдікі керек пе, шамаңа қарап ала бересің. Әрине, жұрттың көп­шілігі сапасына мән беретіні анық. Сапалы заттың бағасы да пұлдылау келеді. Қаламдардың бағасы 50 теңгеден басталады, ал өшіргіші бар қалам 200 теңге. Түрлі түсті қаламдар – 450 теңге, дәптер –  25 теңге, дәптер қап – 15 теңге, кітап қап – 1000 теңге. Сурет дәптері – 450 теңгені құрайды. Ал мұқабасы қатты күнделіктер 400-600 теңгенің арасында болса, желім – 250 теңге, қайшы – 400 теңге, сызғыш – 250 -450 арасында, өшіргіш – 150 теңге, акварель – 750 -1500 дейін сатылуда. Оның стақаны мен щеткасы – 300 теңге болса, карандаш қорап – 1000 – 3000 теңге арасында. Қазіргі ең көп сатылымдағы оқу құралдарының бұл жар­тысы ғана. Балалар өскен сайын мектепке керек құрал жабдықтар саны да арта түс­пек. Базардағы сатушы да өз пікірін айтты.

– Оқу құралдарын Шым­кенттен әкелемін. Баға был­тырғыдан қымбаттаған  жоқ. Қыркүйек жақын­даған сайын тауар­лардың өтімі жақсы.  Әр­кім  әр­түр­лі сауда жа­сайды. Егер көп сауда жа­саса, заттарды тө­мен бағада бе­ремін. Өзі­ме тиімді бол­маса да көп­балалы ана­ның жағдайын жақсы түсінемін, – дейді сату­шы Гүлмира Жакешова.

Биыл төрт және көпбалалы отбасыға бе­рі­­летін  әлеу­меттік жәрдем­ақы өт­кен жыл­мен са­лыс­­тырғанда 8.5% -ға арт­қан. Бұл Қа­зақстандағы жүр­гізген зерт­теулер бойынша 541.4 мың от­басыға беріледі. От­басындағы әр­бір ба­лаға берілетін ай сайын­ғы төмен 13800 тең­гені құрайды.  

Осымен баланы мек­тепке дайындауға қанша қаражаттың жұмсалатынын орташа есеп­пен көрдік. Нәти­жесінде мек­теп формасына 18000 теңге, аяқкиімге 18000 мың теңге, кеңселік тауарлары мен сөмке орта бағамен 20000 теңгеге ба­рады. Қорыта келгенде, бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 100 мың теңге қаражат болуы қажет. Дегенмен бағаның тұрақсыздығына бай­ланысты бұл  қаражат та аздық етеді.

Кез келген ата-ана бала­сының сапалы зат ұстауы үшін қымбатын алуды көз­дейді. Ал көпбалалы от­басы үшін қалтаға салмақ түсері анық. Десе де ата-аналар балаларын қатардан қалдырмай, ешкімнен кем болмасын дейді. Сондықтан балаларының қалауын орын­дап, шамасы келгенше мек­тепке дайындап жүр. Қанша қымбатшылық қалтаны қысса да бала алдындағы парызын орындаймын деп соңғы қар­жысын жұмсаса, енді бірі несие алып әлек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: