Бейсенбі, 25 сәуiр, 10:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Арманы асқақ Нұрсұлтан

01.12.2020

2443 0

Бала арман деген бар. Кішкентайлар кәдімгідей қиялға ерік береді. Күндердің күнінде сол арманы жүзеге асарына балғын жүрек сенеді.

Елордадай әсем қаланы көрсем екен деген аралдық Нұрсұлтанның да ақ тілегі орындалды. Ол Тұңғыш Президентпен де жүздесті. Әсем шаһарды көріп, тама­шалады. Асқақ арманы орындалған күнді кейіпкеріміз әлі ұмытар емес.

2017 жылдың күзінде еліміздің Тұңғыш Президенті Сыр өңіріне іс-сапармен келген сәтінде облыстың шалғай ауданы – Аралдан Нұрсұлтан Жақсыгелдиев есімді бүлдіршін келіп, өзінің бала арманын жеткізген еді. Сол бір мезеттің көрінісі болған сурет әлеуметтік желілерде тарады.

– Құрметті Нұрсұлтан ата! Мен өскенде сіз сияқты Президент немесе космонавт болғым келеді. Өйткені Президенттің өз самолеті бар. Ал мен әжемді, достарымды және көрші балаларды самолетпен қыдырт­қым келеді. Әсіресе сіз тұрғызған Астана­ны көрсем екен деймін. Бәрі сол қаланы мақтайды, – деп елдің алдында Елбасыға арманын жеткізгені белгілі. Жас өреннің арманына құлақ түрген Нұрсұлтан Назарбаев кішкентай аттасының басынан сипап, батасын беріп, ата-анасымен бірге елордаға қыдырып қайтуға шақырған болатын. Нұрсұлтанның бала тілегі қабыл болып, елордаға барды. Жеткіншек жалғыз бармады, өзінің отбасымен бірге саяхаттады. Алғаш рет ұшаққа да мінді.

Әжесінің баласы

Бүгінде кішкентай кейіпкеріміз Арал қаласындағы №260 орта мектептің 5-сыныбында озат оқушы. Ұстаздары да қабілетті екенін айтады. Үйінде 3 ағайын­ды, баланың үлкені. Тағы бір ерекшелігі, адамды еш жатырқамай, ортаға тез үйреніп кетеді. Бізбен де бұрыннан танитындай сөйлесіп кетті. Оның мектепте де, ауыл ішінде де достары көп екенін байқадық. Әжесі Айнагүл Бисенбаева немересінің келешегінен үлкен үміт күтеді.

– Нұрсұлтан деп есімін өзім қойдым. Өте алғыр әрі жан-жақты болып өсіп келеді. Немеремнің барынша білімді болғанын қалаймын. Өйткені қазір – білімділердің заманы. Осы баламның арқасында астанаға да бардық. Бәрі де аяқ астынан болды. Әсем қаланы көру Нұрсұлтанның арманы еді. Шүкір, ол да орындалды. Болашақта да баламның жолы ашық болатынына әжелік сенімім зор. Себебі жүрегі мейірімге толы, үлкенге қамқор болып ержетуде. Оған қоса қариялардан бата алған баланың алар шыңы да биік болары сөзсіз, – дейді әжесі.

Болашақ Елбасы

Бала Нұрсұлтанның өзімен де сөйлес­тік. Періште пейіл жас өрен өзінің жүрек­жарды лебізін білдірді.

– Білесіз бе, астанаға тағы да барғым келіп жүр. Ерекше ұнады. Қазір алысқа шыға алмай отырмыз. Сабақты да онлайн оқудамын. Бірақ еліміз аман болса екен деп тілеп жүрмін, – деді ол. Лайым, бала тілегі қабыл болсын дедік іштей… Әңгіме барысында мектебін, ұстаздарын сағынып жүргендігін жасырмады. Барлық пәнді жақсы көретінін айтты. Ал қолы қалт етсе, сурет салғанды, кітап оқығанды, ән айтқанды ұнатады. Шет тіліне қызығу­шылығы басым.

– Нұрсұлтан, арманыңды айтшы, – деп сөзге тартқанымызда бала жауабы тамсандырды.

– Негізі арманым көп… Аралым астанадай әсем болса деймін. Елбасыдай үлкен азамат болсам, барлық адамға көмектессем екен. Үлкендер мен балалар ауырмасыншы. Ешкімнің ауырғанын қаламаймын. Сосын үй ала алмай жүр­гендерге үй әпергім келеді, – деген арманын жеткізді. Әжесі айтқандай, біз де кішкентай кейіпкеріміздің жүрегі кең, үлкенге қамқор екенін байқадық. Осы кезден-ақ оны денсаулық пен баспана мәселесі алаңдатады.

Өзі тым жас болғанымен елдің жана­шыры екені сезіліп тұр. «Үнемі адамдарға жақсылық жасағым келіп тұрады» деген жылы сөзінің өзі бізге ерекше әсер еткендей… Иә, егемен еліміздің осындай жарқын ұланы өсіп келе жатқанына қуанып, еліміздің елеулі, ғұмырлы азаматы болсын деген тілегімізді арнадық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: