Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Нәубет жылдар санадан өшпек емес

04.06.2022

2765 0

31 мамыр − саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қалада осыған орай «Достық» үйінде «Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін: Сыр өңіріндегі нәубет жылдар шежіресі» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова модераторлық етті. Шараға саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша облыстық комиссия мен жұмысшы топтың мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қоғамдық даму басқармасының бас­шысы Мира Жомартқызы Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жыл­ғы 5 сәуірдегі Жарлығымен саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын мәңгілік жады­мызда сақтау мақсатында 31 мамыр − Сая­си қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бандарын еске алу күні ретінде аталып келе жатқанына биыл 25 жыл толғанын айтты. Сондай-ақ нәубетті жылдардың зардабын тартқан халық жайында ақпарат бере отырып, ащы шындық бүгінге дейін бұрмаланып келгенін, десе де тәуелсіздік алған жылдан бері алаш азаматтарының ерен еңбектері мен маңызды құжаттары айшықталып, ақиқаттың көзі әлі де ашылып жатқанын айтты. Мұндай ауыр кезеңді Сыр жұртшылығы да бастан кешіргенін мәлім етті.

Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың салдарынан облыс бойынша 4038 от­басы қуғынға ұшыраған. Ал 1153 адам өлім жазасына кесіліп, атылған. Тоталитарлық жүйе салдарынан  болған ашаршылық қазақ халқынан бөлек  Украина, Беларусь, Молдова және Ресей жұртшылығын да айналып өтпеді.

  1992 жылы құрылған Парламенттік комиссияның қорытындысы бойынша, Қазақстан халқынан 1931-1933 жыл­дары ашаршылықта 2 млн 300 мың адам қырылған деді. Сондай-ақ этнос өкілдерінің саны 200 мың адамды құраған. Мұндай ауыр азапты оқиғалар халық жадында мәңгі сақталмақ, − деді басқарма басшысы.

Конференцияға «Темірбек Жүрге­нов» атындағы қоғамдық қор төраға­­сы Сәпен Аңсат «Ұлт зиялыларын ұлық­тау – елдіктің белгісі» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақов «ХХ ға­сыр­дың І жартысында Сыр өңіріне депортацияланған халықтар», Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің Гуманитарлық-педагогикалық институ­тының директоры тарих ғы­лымдарының кандидаты, доцент Сағат Тайман «Архив құжаттарындағы түркістандық әскери тұтқындардың тағдыры», Қызыл­орда облысының мемлекеттік архиві­нің басшысы, эко­номика ғылым­дарының кандидаты Жанат Абзалиева «Ұжымдастыру науқаны және ашаршылық ақиқаты архив кұжаттарында», одан әрі Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков «Саяси репрессия мен ашаршылық тақыры­бының қазақ баспасөзіндегі көрінісі» тақырыптарында баяндамаларын оқы­ды. Жиынға қатысушылар тарихи датаның маңызы мен пайымын болашақ ұрпаққа жеткізу − адамдық әрі тұлғалық борышымыз екенін баса жеткізді.

Конференция соңында Мира Қазбекова: «Бір конференция аясында халқымыздың басына түскен нәубет-зобалаңды түбегейлі қарастыру мүмкін емес. Бұл бағыттағы кешенді іс-шаралар өзінің қисынды мәресіне жеткенше әлі жалғаса береді. Бұл баршамыздың ортақ мүддеміз», – деп, зерттеулер аяқсыз қалмайтынын атап өтті.

Динара ЖҰМАДІЛ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: