Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Несие несібе емес

14.05.2022

1770 0

Жайлы үйде тұрып, қымбат көлік мінгіміз келеді-ақ. Қолда айфон болса, тойды дүркіретіп өткізсек. Бүгінде санамызды осы ойлар жаулап алған. Қаражат жетпейді деп қорықпаймыз. Сенімді серігіміз бар. Ол әрине – банк. Қомақты қаржыны бергеніне мәзбіз. Тіпті банк несие берсе қуанамыз. Қайтарудың қамын ойламаймыз.

Қаншама адам несие алып жатыр. Бірақ сол несиені алған үстіне көбейтпесе сол арқылы байып кеттім дегендерді естіген емеспіз. Екі адамның басы қосылса, несиесін төлеуге қаржы таппай жүргенін айтады.  Бұл –  бүгінгі күннің шындығы.

Парламент Мәжілісінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «банктерде жеке тұлғаларға қатысты 6,2 млн адамның несиесі бар, – деп айтып өтті.  Оның ішінде барша банк пен микроқаржы ұйымын, сондай-ақ банктердің коллекторларға сатқан қарыздарын қамтыса, онда 1,5 млн-ға жуық қарыз алушының проблемалы несиесі бар екені анықталған. Яғни қазақстандықтардың банк алдындағы қарыздарының көптігі үлкен мәселеге айналып келеді. Қаржы мәселесі бүйірден қысқанмен, «алмақтың да салмағы бар» қалай болғанда да банкке қарызды қайтару қажет.

Қоғамдағы қымбатшылық, бәсекелестік жұртты несиесіз отырмайтындай жағдайға жеткізді.

– Банк ақшаны тегін беретіндей алатынымыз шындық. Алғаш рет ұлым үйленгенде алдым. Екі жылда төлеп болдым. Зейнетақымды несиеге беремін. Одан кейін машина алу үшін тағы несие алуға тура келді. Ұялы телефонға сізге несие алуға мүмкіндік бар деген хабарлама келген сайын, банкке аяқ тартады. Солай тәуекел етіп, несие алып ұлыма машина алдық. Дегенмен алған қаражатты мақсатты түрде жұмсадым деп айта аламын. Банкке қарыз болған емеспін. Ай сайын уақытылы төлеп отырамын. Қатты қиналған кезде несиенің де пайдасы тиеді. Тек уақытында төлеп, пайызын өсіріп алмасаң болғаны. Қазір жалақыдан қаржы жинауға да мүмкіндік жоқ. Сондықтан қарапайым халық банкті сенімді серігі етіп, несие алып, оны жауып күн көріп отыр. Бұл – шындық. Қазіргі уақытта бөліп төлеуге тауарларды да алуға болады. Енді осы несие азайса, сол бөліп төлеу арқылы үйге жиһаз алуды жоспарлап жүрмін, – дейді зейнеткер Базархан әжей.

Бұл қоғамдағы бір кісінің басындағы ғана жай емес. Ай сайын несиеге ақша таппай жан бағып жүргендер қаншама. Бірі жүйелі мақсатпен алса, екіншісі алған қаржыны есепсіз жұмсап қояды. Қарапайым сөзбен айт­қанда, халық тоналып жатыр. Ешкімнің қалтасына қол салып, әмиянын тексерген емеспіз. Сөздің шындығын айтсақ, қара­пайым халық білместікпен несие алып, 2-3 еселеп қайтарып жатыр. Енді несиеге жоламаспын деп сан соғып жүргендер де бар. Сондықтан да мамандардан кеңес сұрап, несие аларда кәдеге жаратсын деген оймен пікірлерін ұсынғанды жөн көрдік. 

– Қазіргі уақытта халық ара­сында несие, қаржылық сауат­тылық төмен болып тұр. Оны тұтынушы несиелердің көптігінен байқауға болады. Қарапайым халық машинаға, үйге несие арқылы қол жеткізуде. Де­генмен халық тұтынушы не­сиенің процентіне мән бер­мей­ді. Яғни зерттемейді.  Жылдық өсім ол туралы ақпарат іздеме­гендіктен банктер жоға­ры про­центті қойып тастап отыр. Сон­дықтан халықтың қаржылық сауаттылығының тө­­­мендігі кері әсерін тигізбей қой­­­майды. Жал­пы қаржылық сауат­­тылықтың төмен болуы – ха­лықтың әл-ауқатының төмен болуынан деп көрсетуге болады. «Өйткені қарапайым халықта көп қаржы жоқ болғандықтан, қан­дай қар­жыны басқару керек»? – деген сұрақ пайда болады. Осын­дай жағдайдан халықтың әл ауқатымен жұмыс істеуге ар­налған бағдарламалардың өз нәтижесін бермей жатқанын бай­қауға болады. Тұтынушы несие болсын, ақшалай болсын қарапайым халық тәуелді болып отыр. Сондықтан мүмкіндігінше тұтынушы несие болсын, ақша­лай болсын аса қатты тәуелділік болмаса алмаған дұрыс. Тойға, дүниеге несие алып босқа ша­шылмаған жөн дер едім. Осы тұрғыда айта кететін жайт, соң­ғы уақытта халықтың несиесі кешірілеме деген сұрақтар көп­тің көкейінде жүр. Маман ре­тінде айтарым, халықтың не­сиесі кешірілсе банктерге қиын болады. Банк ешкімді мәж­бүрлеген жоқ. Халық оны өзі алды. Несиенің кешірілуі мем­лекет үшін қате бағыттардың бірі, – дейді экономист Нұрмұхамед Маманов.

Қазақта: «Көтере алмайтын шоқ­парды беліңе байлама» де­ген сөз бар. Олай болса, несие рәсімдеудің алдында қар­жы­лық мүмкіндіктерді саралап, салмақтап алу аса қажет. Қар­жыгер Алдияр Саматов банкке жүгінетін тұрғындар несие аларда оның келісім-шартын мұқият оқып шыққаны дұрыс дегенді айтады. Расында да, осы бір шартты қағазды оқымағандықтан, түсінбеушілік  туындап, жағдай ушығып жататыны анық. Қар­жыгер әрбір адам еріккеннен несие алмайтынын, ал алуға зәру болған жағдайда өз жағдайыңды толық жоспарлау қажет дейді. Яғни несиені төлей алатындай тұрақты табыс болу қажет. Қа­рызға белшеден батпау үшін әр адам шамасына қарай іс жасау керектігін ұғындырды.

– Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жыл басынан бері  9,75 % -тен қазіргі уақытта 14 %-ке дейін өсірген болатын. Базалық мөл­шерлеме өсті де­геніміз Ұлт­тық банктің басқа да екінші деңгейлі банктерге бе­ріп жатқан несиесінің өс­кенін көрсетеді. Яғни екінші  деңгейлі банктердің халыққа беретін проценті өседі. Халыққа дәл қазіргі уақытта несие алған тиімсіз болып табылады. Сон­дықтан барынша ақша жи­нақтаған тиімді. Несие алар ал­дында кез келген азамат табысы мен шығындарын есеп­теу қажет. Алған қаржыны уа­қытында төлей ала ма? Нақты қандай мақсатта алып жатыр? Келісім-шартты дұрыстап оқу керек. Кез келген несие келісім-шартта 56 % тен аспауы қажет. Негізі көп адам үсті-үстіне еселеп алып, несиені көбейтіп алады. Сондықтан кез келген адам несие аларда оны төлей ала­тындай мүмкіндігі бар ма? Соны ойлауы қажет. Турасын айтқанда қарапайым халыққа қаржылық сауаттылық керек-ақ. Банктің келісім-шартын оқымай қуанып қол қойып, 2-3 есе артық тө­легенде сан соғып қалатындар бар. Сол үшін де банк шартын толықтай оқып, қол қоярда мұқият болған жөн, – дейді қаржыгер Алдияр Саматов.

Яғни банкке бармай тұрып, «жеті рет өлшеп, бір кескен жөн». Мамандар да біздің пікірімізге қосылады. Несиенің соңына түс­кен халық кедейленіп барады. Тамақты қарызға ішеді. Азық-түлік, киімді де қарызға алады. Көп адам қымбат рестораннан ас ішіп, қымбат киім кигенмен қайтаратын қарызы көп. Бұл дегеніміз – олардың сырты бүтін іші түтін.

Тақырыптың тоқтауын айт­сақ, біреуге «несие алма» деп айту оңай, әрине. Бірақ  мұны да жанашырлық деп түсінген дұрыс. Несиені еселеп қайтарып, әбіргерге түскенше өзіңіздің от­басылық қаржыны үнемдеген дұрыс па дейсің? Дегенмен бұл да құмар ойын секілді. Бір рет несие алсаң қайта-қайта алғың келе береді. Анығын айтқанда, шырмауынан шығу қиын. Қазіргі уақытта «несиесі жоқ, қандай бақытты» деген әзілдер айтылып жүр. Сізде сол бақытқа лайық жан болса деген ой ғана бізде. 

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: