Сенбі, 20 сәуiр, 14:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

«Қазақстан халқына» қорынан көмек алу үшін не істеу керек: Қор өкілі ең маңызды сұрақтарға жауап берді

04.03.2022

697 0

Қаңтар оқиғаларынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Оның пайда болғанына екі айға жуық уақыт өтсе де, қазақстандықтар көмек алу үшін қорға қалай жүгіну керек екенін түсінбеуде. Осыған орай Stan.kz тілшісі тұрғындардың көкейіндегі сауалдардыды “Қазақстан халқына” қорының басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Чинкисбаевадан сұрап білді. 

– Редакциямызға қорға қалай өтініш жолдау керек екені, көмекті қалай алуға болатыны жайлы көп сұрақтар келуде. Осы орайда қордың жұмыс механизмі туралы айтып бере аласыз ба?   

–Қордың жұмыс механизмі ашық түрде жүзеге асырылады. Әкімшілік шығындары көп болмасын деген мақсатпен, өңірлерде филиалдарды ұйымдастыру мәселесі қарастырылмады. Штатымыз да үлкен емес. Барлық қазақстандықтарға қолжетімді болу үшін өтініштерді онлайн қабылдап жүрміз. Арнайы көмекті қажет ететін тұрғындар www.qazaqstanhalqyna.kz сайтына кіріп, «Өтінішті қалай бере аламын» батырмасын басып, қажетті құжаттарды толтыруы тиіс. Барлық мәлімет автоматты түрде www.atamekenim.kz порталына жіберіледі. Мұнда өтініштердің әрбірі қатаң тексеруден өтеді. 

Біріншіден, порталды ашып, мұқият оқып, асықпай өз мәселесін, қажет болған жағдайда диагноздарын жазып, қажетті құжаттарын тіркеп, бізге жолдауы керек. Жалпы, өтініштер енгізілген соң, элекронды түрде Egov арқылы мақұлдаудан өтеді. Содан кейін өтініштер қорға келіп түседі, ары қарай қызметкерлер әр сала, әр бағыт бойынша қарастырып, сарапшылар комитетіне жолдайды. Қабылданған шешімдер туралы ақпаратты сайтқа міндетті түрде дереу жүктеп отырамыз. Баспасөзге хабарламалар сайтта да бар және журналистер қауымына да таратылады. 

– Жалпы кімдер қордың көмегіне жүгіне алады?

– «Қазақстан Халқына» қоры аса мұқтаж азаматтарға қайырымдылық көмек көрсетеді. Алдағы жұмыстарымызға тоқталсам. Біз аса мұқтаж азаматтарға қайырымдылық көмек көрсету мәселелерін пысықтап жатырмыз. Жергілікті атқарушы органдардың басшыларына ұсыныстар беру туралы және жұмыспен қамту басқармалары арқылы көмекке аса мұқтаж адамдардың тізімін ұсыну үшін жүгіндік. Бұл қазіргі таңда көп балалы, аз қамтылған отбасылар және басқа да азаматтарға берілетін жәрдемақы емес екенін айтқым келеді. Біз аса мұқтаж азаматтарға тікелей қайырымдылық көрсететін боламыз. 

Негізінен қор төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтсам, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларына, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халыққа көмек көрсетіледі. 

Қор мін­дет­тері мемлекеттік органдардың негіз­гі қызметтерін қайталамау екенін тағы да атап өту маңызды. Егер құры­лы­мына келсек, Қор атқарушы орган, сондай-ақ бақылаушы органнан, яғни қамқоршылық кеңестен тұрады. Бұл құрылымның әрқайсысының өз қызметі бар. Тікелей көмек көрсету тура­лы шешімді Қор басқармасы қабыл­дайды. Ал қамқоршылық кеңесі қыз­мет­тің стратегиялық бағытын бекітеді. Қамқоршылық кеңесінің құрамы кеңес­тің әрбір мүшесінің кәсіби білік­ті­лі­гі мен дағдылары Қор жобалары бойынша негізделген шешімдер қабыл­дау­ға мүмкіндік беретіндей етіп қалып­тас­тырылды. Өздеріңіз білетіндей, Қам­қор­шы­лық кеңес қоғамдық бастамаларда жұмыс істейді.

– Не себепті “Қазақстан халқына” қорының call-центрі жоқ? 

Сайтта қажет ақпарат түгел тұр. Бұл қоғамдық қор, колл-центр қосымша әкімшілік шығындарды қажет етеді. Оның үстіне өтінім қалдыру бойынша қадамдар түгел әрі түсінікті көрсетілген.

 – Қазақстанда ауру балалардың саны көп. Қандай критерийлер бойынша өтінімдер қабылданады? 

– Бір ғана портал бар. Өтініш жіберемін деген кез келген адамға, баршаға ортақ бір ғана талап бар. Көп балалы отбасыларға, балаларға, ересектерге, ауыр дертке шалдыққандарға, айрықша қамқорлықты қажет ететін топтарға деп бөліп-жармайды. Баршаға ортақ онлайн өтініштерді жолдаудың бір ғана ережесі бар. Критерийлерге келетін болсақ, мемлекет бұрынғы ережелерге сай көмек бере береді. Мемлекеттік орган ережелеріне бағынбайтын, көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылмаған жағдайлар болады, сол кезде Қор қызметкерлері, арнайы құрылған Сарапшылық комитетінің мүшелері мәселені қарастыруға күн тәртібіне алады. 

 Балалардан бөлек, ауыр дертке шалдыққан ересектер қорға өтініш жолдай ала ма?

–Қазақстан Халқына Қоғамдық Қорында көмек көрсетуші азаматтардың жас ерекшелігі немесе өзге де әлеуметтік сипаттамаларына қарай шектеулер жоқ. Порталға онлайн өтініш жіберген кез келген қиын жағдайдағы азаматтың өтініші қарастырылады. 

 Тұрмысы нашар отбасыларға қандай көмек көрсетіледі? Несие жауып, тұрғын үй алып бермейміз деп едіңіздер. Сонда қандай көмек көрсетіледі? 

– Қор көмек көрсетуге қатысты несие жабу, үйге арналған қарызды өтеуге көмектесу секілді мәселелерді қарастырмайды. Қазір тұрғын үйдің қолжетімділігі туралы мемлекеттік бағдарламалар бар, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң шығып жатыр, соған сәйкес мәселелерді шешу жолдарын қарастырып көруі керек деп ойлаймыз. Қордың қызметі тұрмыстық жағдайы төмен, тіпті азық-түлік жетпей қалатын отбасыларға көмек көрсетуді ойлап отыр. Сондай-ақ ауыр дертке шалдыққан, қысылтаяң жағдайға тап болған азаматтардың өтініштері қарастырылады. 

 «Қазақстан халқына» қорының құрылғанына 2 айға жуықтады. Қазірдің өзінде қор қанша адамға көмек ұсынды? Қандай мәселелер бойынша? Оларға қанша қаражат бөлінді?  

– Сарапшылық комитетінің шешімімен қор «Тұсаукесер» атты реабилитолог-нұсқаушыларды оқыту жобасын және әлемдегі ең қымбат Zolgensma дәрісін сатып алу бойынша жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылдады. «Тұсаукесер» жобасы Қазақстан өңірлеріндегі дене шынықтыру-сауықтыру клубтарын қолдауға бағытталған, онда ментальді және дене кемістігі бар балалар білікті мамандардың бақылауымен арнайы әдістеме бойынша спортпен шұғылдана алады.

Жоба еліміздің төрт өңірінде нұсқаушы-реабилитологтарды оқытуды көздейді. Қор жол шығындарын, үй-жаймен қамтамасыз етуді, мамандарды оқытуды қаржыландырады. Бағдарламаны іске асыруға 45,35 млн теңге жұмсалады.

Сондай-ақ, қор сирек кездесетін (орфандық) өмірге қауіп төндіретін және созылмалы аурулары бар балаларға атаулы көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша соңғы бес жылда орфандық аурулары бар науқастар санының 49%-ға, оның ішінде балалардың – 11%-ға өсуі байқалады (2021 жылдың соңында – 13426 бала).

Орфандық ауруларды емдеудегі дәрі-дәрмектердің құны жоғары, сонымен қатар бірқатар дәрі-дәрмектер тіркелмеген. Сондай-ақ орфандық ауруларды емдеудің заманауи әдістері бойынша науқастарды нәресте кезінен емдесе жоғары тиімділікті көрсетеді.

Емдеуді уақытылы бастау балаларды мүмкіндігінше оңалтуға мүмкіндік береді. Қор 9,7 млрд теңге сомасына 24 бала мен жұлын бұлшықетінің атрофиясына шалдыққан екі ересекті дәрімен қамтамасыз ету бойынша жобаны қаржыландырады.

Соның ішінде Қазақстанда тіркелмеген Онасемноген абепарвовек (Zolgensma) қымбат дәрілік препараты жұлын бұлшық ет атрофиясы бар пациенттерге арналған төрт бала үшін сатып алынады. Сарапшылық комитеті орфандық аурулармен ауыратын науқастарды емдеу үшін дәрілік заттарды сатып алуға Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы сараптамалық-кеңесші кеңестің қорытындысы болған жағдайда ғана қорға ұсынымдар береді. Қажетті құжаттардың болмауына байланысты өтінімдердің бір бөлігі қабылданбады, алайда алдағы уақытта бұл өтінімдер қарастырылуы мүмкін.

Сондай-ақ «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі 25 ақпанда өткен отырыста қаңтар айында орын алған оқиғалар кезінде қаза тапқан және ауыр жараланған әскери қызметшілердің, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ кездейсоқ құрбан болған азаматтардың отбасыларына, қаза тапқан және жараланған балалардың отбасыларына берілетін материалдық көмек беру туралы шешім қабылдаған болатын. 

 “Қазақстан Халқына” қоры қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмғандар мен жарақат алғандарға қаражат бөлді. Бұл қаржы қашаннан бастап беріле бастайды? 

– Қаңтар оқиғасында құрбан болған ішкі істер және қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне және кездейсоқ жағдайда көз жұмған азаматтардың отбасына 7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. 

Кездейсоқ көз жұмған азаматтар саны бүгінде 25 адам, алайда тергеу әлі аяқталмағандықтан олардың саны тағы да артуы мүмкін. Бұл нақты цифр деп әзірге айта алмаймыз. Қаза тапқан азаматтардың 18 жасқа толмаған балалары болса көмек көрсетуге дайынбыз. Бірақ отбасының жағдайы мен табысын анықтап барып, қандай көмек болатынын шешеміз. 

Ал қор бөлген 7 миллион теңге тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін барып, бәріне бірдей төленетін болады. Ал егер қазір қаражатты осындай уақытта төлейміз деп айтатын болсақ онда әркім ақпаратты өзінше түсініп қалады. Жоғарыда атап өткендей құрбан болғандар саны әлі де өсуі мүмкін. Сондықтан бәріне бірдей уақытта төлем жасауды жөн көріп отырмыз. 

Марқұмдардың туыстарымен тікелей жұмыс жасаймыз. Егер олар рұқсат берсе, біз қандай қаражат қай туысына берілгенін жазатын боламыз. Себебі заңды тұлғаның жеке бекітілген мәселелері бар. Жұмыс күрделі бақылауда болады. Бүкіл есеп берілетін болады. 

 30 мыңнан астам өтініш түскенін айтып жатырсыздар. Қор ұжымы мұның барлығын қарап шығуға қарай үлгеріп жатыр?  

– 30 мыңнан астам өтініштің 70%-ы­ қордың негізгі міндеттеріне сәйкес келмейді. Барлық өтінімдер жан айқайы екенін түсінеміз. Қор бүкіл кедейлік мәселесін шеше алмайды. Барлығын бірдей несиесін жауып, тұрғын үймен қамтамасыз ете алмайды. 

Жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Тұжырымдамаға сай келіп түскен өтініштер қарастырылып жатыр. Белгіленген тұжырымдамаға сәйкес келмейтін өтінімдер ережеге сай түсіндіріліп, кері қайтарылуда. Штатымызға қарамастан барлық өтінімдерді қарап жатырмыз. 

– Өтінімдер қанша уақыт қаралады?

– Әр өтінімге әртүрлі уақыт жұмсалады. Бәрі жағдайға сай. Ауыр дерттердің мәселесі бойынша мысалы, денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестермен бірлесе отырып, шешім жолдарын іздестіреміз. Өзіңіз түсінесіз, барлығы да заңға сай болуы керек. 

– Қордың білім және мәдениет саласына көмек көрсететіні айтылды. Сонда нақты не көмек көрсетіледі?                
– Қор мәдениет және білім саласында еңбегі сіңген, осы бағытта қызмет ете алатын сарапшылар комитетін құрып жатыр. Комитет ережеге сай келетін өтінімдерді қарастыратын болады. 

– Биылғы жоспарға сай қор қанша адамға көмек көрсетпек? Қанша қаржы бөлініп отыр?

– Қорға келіп түскен қаражат түгел халыққа көмек көрсету үшін жұмсалады. Нақты жоспарлы санын айту қазір қиын, себебі жылдың соңына дейін келіп түсетін өтінімдердің санына, қанша өтінімді қанағаттандыруға қаражат жеткеніне байланысты. 

 Бұған дейін борда жұмыс істейтін бір қызметкердің жалақысы 587 мың теңге деген ақпарат таралған еді. Бұл қаншалықты рас? 

– Бір жарым ай ерікті ретінде жұмыс жасадық. Штатымыз енді құрылып жатыр. Қазақстан бойынша 400-ден астам өтініш түсті. Қазіргі кезде штатта басшымыз Болат Бидахметұлын қосқанда 25 адам бар. Біз үлкен штат жасамай жатқан себебіміз, өңірлерден барлық өтінімдердің онлайн түсуі. Сондай-ақ өңірлерде серіктес ретінде осы салада жұмыс істеп жүрген қоғамдық бірлестіктер және қорлармен жұмыс жасаймыз. Бюджеттен әлеуметтік мәселелерге ешқандай шығын шығып жатқан жоқ. 

Бюджеттен Болат Бидахметұлы өз жалақысын алып тастаған, ал қалған 24 адам 567 мыңнан аспайтындай жалақы алады. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: