Бейсенбі, 26 желтоқсан, 23:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Ң» әрпінен басталатын сөз

30.01.2021

14380 0

Қаңтардың 28 жұлдызында Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысында ұсынылған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасында «ң»-ның бас әрпі көрсетілген. Көп жағдайда бұл әріптен басталатын сөз жоқ делінеді. Осы ретте «ң» әрпінен басталатын сөз бар екенін, оны бізге дейін де қолданғанын айтып өткенді жөн көрдік.
Жалпы көпшілік «ң» әрпінен басталатын сөз жоқ деп ойлайды. Белгілі жазушы, драматург, публицист Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние» атты туындысында: «Жарықтық Осекем әулие екен-ау деп ойлаймын. Қазіргі мына заманда «ң»-ға тілі келмейтіндер көбейді. Теледидарды тыңдап, қарап отырсаң «жанағы, жанағы» деп сөз арасына «арам» сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі. «Женістен женіске жете берейік» дейтіндер де бар. Бұл да бір кем дүние» – деп жазған екен.
Шерхан Мұртаза айтып отырғаны Оспанхан Әубәкіровтің «Ң» әрпіне арнаған «Ңөң» атты өлеңі болатын. Сатира сардары осы өлеңі арқылы «айсбергті» қазақша «Ңөң» деп атайтынын жеткізеді.
«– Білмесеңдер айтайын,
Оның аты – «Ңөң», – деді.
Айсберг дегенді,
Арғы қазақ «ңөң» деген.
Көктемде көшетін
Өзен мұзын «Сең» деген.
Айтқан сөзім айғақты,
Керегі не мазақтың?!
Өмір бойы зерттедім,
Ана тілін қазақтың.
Зілдей ауыр зілдерді,
«Ңөң» дейді екен бұрындар» – деп «ң»-нан басталатын сөздің барын көрсетеді. Осылайша Оспанхан Әубәкіров қазақ тілінің сөздік қорын байытты. Бұдан бөлек Оспанхан Әубәкіров пен режиссер Асқар Наймантаевтың «Ңөң» атты комедиялық қойылымы да бар екенін айтқымыз келеді.
Қалай болғанда да қазақ тілінде «ң» әрпінен басталатын жалғыз болса да сөз бар. Оның не себептен әдеби нормаға енбей жатқанын тіл білімі ғылымының мамандары зерттер деген ойдамыз.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: