Жексенбі, 08 желтоқсан, 09:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Нұрлан Көбегенұлы, газеттің 2005-2007 жылдардағы редакторы: «Жаныма жақын басылым»

16.04.2022

1667 0

Алғашқы еңбек жолым «Ақмешіт апталығы» газетінен басталды. 1997 жылы университеттен дипломды қолға ал­ған­нан кейін Сыр журналистикасы тари­хында алғашқы тәуелсіз басылым «Ақмешіт апталығына» келдім. Оған дейін облыстық, республикалық газеттерде әр жанрда материалдарым шығып, ұжыммен байланыста болғанмын. Ол кезде газеттің бас редакторы Әділхан Бәймен, орынбасары Аманжол Сақыпұлы еді. Газетке келген беттен-ақ бас редактор маған газеттің соңғы бетінің жүгін көтеруді тапсырды. Соңғы бет «Қуақы» деп аталатын әзіл-сықақ беті. Әзіл жазу ақпарат пен мақала жазудан басқа, стилі бөлек, сатиралық жанр. Содан қаламымды сатира мен юморға батырып, әзіл бетін апта сайын шығарып тұрдым. Авторлармен де байланысып, талай дүниелер жарық көрді.

Биылдан бастап «Қуақы» беті «Ақмешіт апталығы» газетінде қайта қолға алыныпты. Айына бір рет шығатын әзіл бетін үзбей оқып тұрамын. Сол кезде апталықтың өзге басылымдардан ерекшелігі, бірінші бетке белгілі тұлғалардан сұхбат алып, көлемді етіп беру болатын. Мен де талай тұлғалардан сұхбат алдым. Сол кезде «Ақмешітке» сұхбат бергісі келетін, көрінгісі келетін жандардың көптігін байқадым. Тіпті, сұхбаттың кезе­гінде тұратын. Осылайша газет оқырманның жүрегінен орын алды.

Мен редакцияға алғаш келген кезде журналистердің жазған-сызғанында еркіндік болды. Проблемалық мақала, сұхбат болсын, репортаж жасасын, шынайы болатын. Сын жазылса, оған салқынқанды қарайтын. Кейін қоғамда қысым пайда болды. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда шектеулер қойылды. Журналистің кәсіби қызметіне араласа бастады. Демократиялық үрдістерге сызат түсті.

2004 жылдың салқын күзі ауыр тиді. Газеттің негізін қалаған ағамыз, Сыр өңірі журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар, газеттің бас редакторы Әділхан Бәймен дүниеден озды. Осы сәтте 1994-2000 жылдар аралығында басылымның бас редакторының орынбасары болған Аманжол Сақыпұлы құлап бара жатқан басылымға демеу берді. Ауыр сәтте мені шақырып алып: «Нұрлан, жағдайды түсініп отырсың. Әдекеңнің жары бізге газетті шығаруға көмек сұрап отыр. Біз Әдекең алдында шәкірттік міндетімізді орындауымыз керек. Мен осы жылдың аяғына дейін екі ай газеттің шығынын көтерейін. Сен газеттің редакторы болып қызмет ет» деді. Мен алғашқы ұстазым ретінде екі ай шығаруға келістім. Бірақ газеттің соңғы бетіне өзімді «бас редактор» деп жазуды әруақ алдында жөн көрмейтінімді айттым. Есесіне Әдекеңнің аты-жөні ұмытылып қалмау үшін «газеттің негізін қалаған Әділхан Бәймен» деп жазуға келістік. 2005 жылы газеттің меншік иесі «ASU» баспа үйі ЖШС болып, қайта тіркелді. Осылайша, 2005-2007 жылдары «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы қызметін атқардым.

Жаныма жақын басылымды қолға алғанда бірден жоспар құрып, бастап кеттік. Сол жылдары газеттің таралымы 2000 болды. Сыр өңірінің әдеби-тарихи басылымы болып өзгерген газетке жаңа арнайы беттер қосылды. Жастар үшін «Толқын» деген бет ашып, жас журналистерді, студенттерді оқырман ретінде тарттық. «Тағылым» беті арқылы тәлім-тәрбиеге мойын бұрдық. «Алақай» балаларға арналған бет мектеп оқушыларының шығармашылығына арнал­ды. Оқырманның тарихи жадын жаңғыртуға тырысып, тарихи мақалалар жариялап тұрдық. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге күш салдық. Ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптың жандануына мән бердік. Сондай-ақ, әзіл мен әңгімелер «Қуақы» бетінде тұрақты беріліп тұрды.

Сыр өңірінің мәдениеті мен өнеріне, әлеуметтік дамуына ақпараттық қолдау білдіруді мақсат тұтқан «Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымына шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: