Жұма, 26 сәуiр, 08:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Өркениет тұтқасы

08.02.2020

1397 0

Біз адамзаттың даму жолын зерделеуде «Өркениет үстемдігі» ұғымына жиі ұшырасамыз. Әсіресе, өнертану мен тарих, мәдениеттану ғылымында. Бұл нені білдіреді? Қысқа қайырсақ: бұл – жекелеген елге тиесілі мәдени-тұрмыстық өмірдің әлемдік сипат алуы. Яғни, дамуы кенже ұлттар ғылыми жетістігі мен технологиялық жаңалығы, мәдени иммунитеті жоғары елдер үшін тұтынушыға айналады. Ең қызығы, өркениет үстемдігін орнататын әскери не сауда қатынасы емес, тілдік ықпал екен. Барша ғылымның бастауы болған антика өркениетінің –  латын тілі, ислам әлемінің – араб тілі, өнер мен сән саласының – француз тілі, интеллектуалды ақыл-ой қазынасының ошағы – ағылшын тілі тиесілі мемлекеттің дамуына жол ашқан. Әлем халықтары болса, бөгде тілдерді игеру арқылы алпауыт өркениеттер арасында өз болмысын қорғауға, ұлттық ерекшелігін сақтауға мүмкіндік алды. Ал, бүгінгі тіл игерудің маңызы қандай, ерекшелігі қайсы?

Полилингвизм шеңберіндегі көшпенді

Қазақ қоғамындағы полиглоттық үрдіс Кеңес кезеңіндегі билингвизм, яғни екі тілді қосарлы қолдану аралығында бастау алды деген пікір бар. Біз білсек, бұл – жансақ ой. Орта Азия елдерінің өзге тілге құштарлығы мен қажеттілігі, кем дегенде, он ғасыр бұрын дағдыға айналған. Себебі, ОА-ға ислам дінінің таралуы араб тілінің қолданыс аясын кеңейтсе, адамзаттың мәдени жәдігеріне айналған Иран әдебиеті аймақта парсы тілінің таралуына ықпал жасады. Содан болар, өзін ғылым жолындамын деп санаған әрбір түркі ғұламасы араб-парсы тілін меңгеруге күш салды. Және бұл ұмтылыс өз-өзін ақтады. География, әдебиет теориясы, астрономия саласындағы алғашқы ғылыми еңбектерді әлемге сыйлаған Ұлы Даланың ойшылдары еді. Тіпті, діни қайшылықтан күлге айналған киелі кітаптар мен ежелгі шығармалардың Еуропа тілдеріне қайта тәржімалануына себепші болған Бағдаттағы «Парасат үйінің» (Байт аль-Хикма) ғалымдарының көбі – түркі мигранттары. Ұлттық рух үшін келтірілген мысал болғанымен, айтылған деректерден қазақ даласында көптілді әмбебап ғалымдардың болғанын жоққа шығару мүмкін емес.

Әрине, Орта Азия халықтарының барлығы бірдей араб, парсы тілін жетік меңгерді десек, тарихқа қиянат болар. Қарапайым бұқараның тілдік қатынасы өзгеше сипатта бөрбіді. Этносаралық ықпалдастық, географиялық ерекшелікке сәйкес қазақ-өзбек, қазақ-татар, қазақ-ноғай т.б. тілдердің ортақ диалектісі пайда болды. Сол арқылы өзара туыстас елдер мәдени, сауда байланысын орнатып, бір-бірімен еркін сөйлесуге мүмкіндік алды. Бүгінде халық ауыз әдебиетіндегі кейбір батырлар жыры мен жыраулардың ноғай, қырғыз ұлттық мұрасына телініп, ғылыми ортада талас тууы, ортақ рулардың қатар қоныстануының сыры – көршілес халықтардың біркезгі қойын-қолтық араласта болуында жатыр. Сондықтан қазақ даласындағы тіл меңгеру институтының тамыры тереңде деп айтуға толық негіз бар.

Ғасыр алды немесе аудармадағы ахуал

Орыс әдебиетінің алтын дәуірі мен күміс ғасырына тиесілі ақын-жазушының дені полиглот отбасының өкілдері. Сол кезеңдегі ең гуманды жетістік – педагогика сапасының артуына тұспа-тұс келеген қаламгерлер аударма саласында да өнімді еңбек етті. Жасынан өнер-ғылымға құштар буын гимназиялық сапалы білім жүйесінің өзге тілдерді еркін меңгерді. Нәтижесінде неміс, француз, ағылшын тілдері интеллектуалды ортада танымалдыққа ие болса, көне грек, латын тілдері ғалымдар арасына кең таралды. Зиялы қауым өкілдерінің эпостолярлық мұраларынан-ақ, көптілді сөйлеу мәдениетін тұрмыстық өмірде де қолданысқа енгізгенін байқауға болады. Сол арқылы француздардың өмір дағдысы, немістердің философиялық көзқарасы, ағылшындардың заңнама тұғырнамасы секілді фундаменталды еңбектер орыс тіліне аударылып, бүтін Ресейдің XIX-XX ғасырдағы рухани қажеттілігін толық қамтамасыз етті.

Бұл мысалды тілге тиек етуіміздің мәнісі зор. Себебі, тәуелсіздік жылдарына дейін қазақ қоғамы батыс өркениеті мен өмірін, ғылымы мен өнерін орыс тәржімасы арқылы таныды. Тұрмағанбет Ізтілеуұлы, Қуандық Шаңғытбаев, Қалтай Мұқамеджанов шығыс тіліндегі мұраларды қазақша сөйлеткенімен, батыс тілдерінен тұрақты аударма мен көлемді зерттеуді жүйелі қолған алған жазушы болмады. Анығы, саяси ахуал мен қоғамдық өмір мұрша бермеді. Әйтпесе, қазақ оқығаны алып қытай мен жапон, қиырдағы ағылшын тілін өткен ғасырда-ақ еңсерген еді.

Жаңа буын бойындағы тілдік ген

Бұл жолғы өткенді қаузауымыздың жосығы бөлек. Себебі, тарих қайталанады. Баба бойындағы қасиеттің балаға даруы, ата мұрасын ұрпағы жалғауы табиғи құбылыс әрі бұлжымас шындық екені анық. Әріде, жетпіс тілді жадына тұтып, әлем ұстазына айналған Әл-Фараби мен орыс тілінде алғаш аудармаға барған Хакім Абай, беріде ағылшын, француз, неміс, түрік тілінде саяси ұстанымын еркін жеткізген Мұстафа Шоқай мен Нәзір Төреқұловтың табаны тиген топырақта ұлттық геннің сақталуы – аңыз емес. Өзгесін айтпағанда, алты атасы мешіт ұстаған ауыл баласының шығыс тіліне қабілетті болуы, қала баласының еуропа тілдерін еркін игеруі сөзіміздің дәлелі болса керек. Оған қоса, генетика ғылымы адамның мінез-құлқы, дағдысы, қарым-қабілеті ұрпақтан-ұрпаққа алмасып, сапасын жоймайтынын әлдеқашан дәлелдеген. Қазақ мұны: «Ат аунаған жерде түк қалар» дейді. Бұл сөзде салмақ бар деп ұғынған жөн.

 Сымбат Аманбай, жас полиглот:

«Қазір таңда орыс, араб, ағылшын, түрік тілдерінде еркін сөйлеймін. Болашақта француз, итальян тілдерін үйренетін боламын. Ағылшын тілінде кәсіби тұрғыда білім беруді мұрат тұтып жүрмін. Сондықтан, көп ізденуге, білімімді толықтырып отыруға күш саламын. Ел арасында полиглот болу сирек қасиет деген жалған түсінік бар. Түптеп келгенде, көп тілді меңгеру еңбектенген жанға қиындық тудырмайды. Негізгі формула  қатаң тәртіп пен табандылық екенін естен шығармай, тұрақты түрде жарты жыл немесе одан көп дайындалса, нәтиже шығаруға мүмкіндік бар. Ал, жай білу деңгейін ғана емес, қолдануды жетілдіруді қаласаңыз, арнайы сабақ алған дұрыс».

Зейнеп  Қанатқызы, жас полиглот:

«Орыс, ағылшын, неміс, тілдерін білемін. Әрбір жаңа үйренілген тіл – бейтаныс әлем мен мәліметтер кеңістігін ашады. Шет тілде сөйлеу үшін, сол елдерше ойлана білу мен жаңа көзқарастарды қабылдау қасиетінен бөлек, тілді үйрену әдістемесі де пайдалы болуы шарт. Жеке дайындалу (жаңа сөз жаттау, грамматика үйрену, оқулықтар) мен видео-сабақтар практика барысында міндетті түрде пайдаға жарайды. Алайда, мен басымдықты ағылшын тіліне беремін. Себебі, ғаламтордағы 51,3% веб-сайт қорының тілі мен БҰҰ-ның алтылығындағы алғашқысы болғандықтан мен үшін маңызды».

Әдебиеттен әдістемеге дейін

Орта ғасырда еуропалықтар заңнама, киелі кітаптарды жекелей оқу арқылы ғана тіл үйренуге мүмкіндік алса, көшпенді халықтардың басым бөлігі ауызша біліммен шектеліп, жазбаша даму тежелген еді. Себебі, тіл – тірі организм. Арнайы әдістемелік оқулық, лингвистикалық қағидаларда ақсақтық байқалса, таралым мен қолданыс аясы тарылады.

Ал, бүгінгі күн мүлде бөлек. Ынталы жанға ғылымның қақпасы ашық, тілдің тетігі қолжетімді. Оқулық бар, орта бар. Тек ерінбей еңбек етсе болғаны, қай тілдің болса да қалауын табу қиынға соқпайды. Осы орайды, ғалымдар тіл меңгеруді жеңіл не ауыр деп екшеуге келмейтінін айтуда. Олардың пікірінше, тілді үйренудің «қолайлы-қолайсыз әдістемесі» категориясы тұрғысынан ғана қарастырған жөн. Сондықтан, бар кезде аянбай, мол  кезде қарпымай білімнен құр қалсақ, өткенге кеткен тағы бір есеміз болары сөзсіз!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: