Бейсенбі, 19 ақпан, 12:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№13 (2225)
17.02.2026
PDF мұрағаты

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар әлеуметтік төлемдерді төлей алмай жатыр

19.02.2026

57 0

Фото: shutterstock

Банк қосымшалары арқылы арнайы шот ашқан өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар әлеуметтік төлемдерін төлей алмай отыр. Ал төлем ай сайын 25-іне дейін жасалу керек. Сол себепті көпшілік төлем кешігіп кетсе, өсімпұл салына ма деп алаңдаулы. Krisha.kz сарапшылары мұндай жағдайда не істеу керектігін түсіндірді, – деп хабарлайды  kursiv.media

Айта кетейік биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим күшіне енді. Бұл режим, әсіресе, пәтерін жалға беретін азаматтарға қатысты.

2026 жылдан бастап тұрғын үйді жалға беру тәртібіндегі өзгерістерге сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табыс салығын төлемейді. Оның орнына тек әлеуметтік төлемдер қарастырылған  табыстың 4%-ы:

  • 1% міндетті зейнетақы жарналары;
  • 1%  жұмыс берушінің зейнетақы жарналары;
  • 1%  әлеуметтік аударымдар;
  • 1%  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарнасы.

Төлемдерді ай сайын 25-іне дейін төлеу қажет. Уақытында төленбесе, өсімпұл есептеледі.

Мәселе неде?

Көптеген азамат жарналарды банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлемек болған. Алайда қазіргі таңда бұл қызмет уақытша қолжетімсіз.

Банктерде төлем қашан іске қосылады?

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің түсіндіруінше, банктердің қосымшалары арқылы төлем жасау мүмкіндігі жақын күндері іске қосылады. Қазір техникалық баптау жұмыстары жүргізілуде.

Департамент өкілдері төлем алдыңғы ай үшін алынатынын айтады. Сондықтан, әзірге алаңдаудың қажеті жоқ. Ал сервис қызметі жақын арада іске қосылады. Ең бастысы, 25-іне дейін төлем жасау мүмкіндігі ашылса, уақытында төлеп үлгеру керек.

Банктер не дейді?

Kaspi Bank өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта олар Мемлекеттік кірістер комитетінен есептелген төлемдер туралы деректерді күтіп отыр. Банк төлем сомасын өзі есептемейді, дайын мәліметтерді салық органдарынан алады. Есептеулер жүйеде пайда болған кезде, клиенттерге бірден хабарлама жіберіледі. Бұл жақын арада жүзеге асады.

Осындай хабарламалар арнайы шоты бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға Halyk Bank, Банк ЦентрКредит және Freedom Bank қосымшаларында да жолданады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар дегеніміз кім?

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, Қазақстанда 193 мың адам ресми түрде өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесін алған.

Оны табысы тұрақсыз, жұмысшы жалдамайтын, айына табатын табысы 1,3 млн теңгеден аспайтын адамдар қолдана алады. Үкімет бекіткен рұқсат етілген 40 қызмет түрінің (такси, пәтер жалға беру, аяқ киім жөндеу, үй тазалау қызметі және т.б.) бірімен айналысуы керек. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: