Өкінішке орай, біздің қоғамда тағдыр тәлкегіне түскен, өмірдің ауыр соққысына тап келген жандар бар. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, қоғамда түрлі қиындығы жетерлік адамдар көптеп кездеседі. Біреудің тағдырына жалғыздық жазылса, екіншісінің денсаулығы сыр береді. Ал өмірден баз кешіп жүрген жандар қоғамнан бір-ақ нәрсені күтеді. Ол – мейірімділік. Осындай қиын жағдайда жүрген кісілердің жылы сөзбен жанын жылытып, жүзіне қуаныш сыйлайтын мейірімді мамандық иелері бар. Олар – әлеуметтік қызметкерлер. Бұл мамандық иелері бұйымтайын айтып келген бұқараның өтінішін тыңдайды, тілегін орындауға тырысады, шамаларынша кез келген жәрдемін жасайды. Осы орайда, бұл салада қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі ерен екенін айтып өткен жөн. Әлеуметтік қызметкер болу үшін темірдей төзім керек-ақ. Себебі сенен үміт күтіп келіп отырған жанға жауап беру қажет. Олардың үмітіне селқостық түсірмей, қамқорлық күткен жанды жұбата білу де үлкен жүректілікті қажет етеді. Сондықтан да әлеуметтік қызметкер болу үлкен жауапкершілікті, әділдікті, мейірімділікті талап етеді.
Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Олар халықтың әртүрлі санатына өмір сүру сапасын жақсарту және күрделі өмірлік жағдайдан шығу үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Мәселен, жалғызбасты қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде балаларға, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ жандарға көмек қолын созу – олардың негізгі міндеті.
Әрбір қала, әрбір ауданда әлеуметтің әлжуаз тобына сүйеу мамандар жетерлік. Бүгінде біздің аймақта осы салада 500-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметі де әлеуметтік көмекке және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бастап, тұрақты жұмыспен қамту, мүгедектерді оңалту және өзге де әлеумет үшін маңызы зор қызметтерді атқарып келеді. Сонымен қатар жыл сайын әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны артып, әртүрлі санаттағы мұқтаж жандарға оңтайландырылған көмек көрсетілуде. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев кеңінен айтып өтті.
– Аймақта 9 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы мен басқармаға қарасты 5 медициналық әлеуметтік мекеме бар. Онда 75 мыңға жуық адамға әртүрлі бағытта қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде барлығы 8 үкіметтік емес ұйыммен жұмыс жүргізеді. Соның ішінде, 5 психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 6 мүгедектігі бар 45 адам мен 148 балаға арнаулы әлеуметтік көмек берілді. Бүгінгі күні еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағытында Солтүстік өңірлерге 135 отбасы қоныс аударып, 158 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 3 жерлесіміз кәсіпкерлікпен айналысуда. Сондай-ақ облыста 31 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тиісті көмектермен қамтамасыз етілді. Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық орындағы қозғалысын жақсарту мақсатында биыл 277 нысанның бейімделуі жоспарланған болатын. Қазіргі таңда бюджеттік және басқа да қаржы есебінен 128 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілді, – деді басқарма басшысы.
Бұл – әлеуметтік қызметкерлердің атқарған игі ісінің бір парасы ғана. Мұндағы мамандардың жұмыс ауқымы кең. Олардың күнделікті жұмыстарының өзі тұтастай көмек беруден құралған. Ол мамандардың бір күні текке өтпейді. Әр күндері жұртқа жақсылық жасаудан басталады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!