Құдірет, қасиет, кие дегенді айтқан кезде ойыңа бірінші туған тілің оралады. Оның бояуы, нақышы, мәнері, өте бай сөздік қоры, мақал-мәтел, нақыл, өсиет, наным-тыйымдары қазақ тілінің өте бай, құнарлы, шұрайлы тіл екенін дәлелдеп тұр. Өз ойыңды төл тіліңде мақалдап, маржан сөздермен әспеттеп, көркемдеп, бейнелеп жеткізу мүмкіндігі шексіз екенін сезіну қандай бақыт! Көкжиегі шексіз қазақтың дархан даласындай тіліміз де еркін самғауыңа, ой маржандарыңды төгіп-төгіп теңіздей толқып жеткізуіңе жол ашады. Бұрынғы өткен бабалардан бізге мұрағатқа қалған шешендік сөздер, жыраулардың төкпе жыры, ұлт көсемдерінің, зиялы қауымның алтынның ұшқынындай жарқ еткен ой орамдары біздің рухани дүниеміздің баюына, кемелденуімізге көмектеседі. Бірақ сол асыл қазынаны меңгеріп, өз керегімізге жарату үшін біздің орысша емес, қазақша ойлауымыз керек. Қалың қазақтың қасиеті туған тілінде.
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Тілім өссе, мен де бірге өсемін.
Тілім өшсе мен де бірге өшемін, – деген бір шумақ өлеңде қанша мағына жатыр!
Тіпті қанды қырғын соғыстың кезінде де қуатты сөз бұйрықтан да қуатты шыққан. Оған бір мысал келтірейік.
Бауыржан Момышұлы өз өміріндегі мына бір оқиғаны былай баяндапты: «Немістердің күшіне мініп тұрған кезі. Рота командирі Мұхаммедқұл Исламқұлов:
– Бауке, ротадағы солдаттар шығын болып, 7-8 солдат қана қалды. Шегінуге рұқсат беріңіз,– деді.
Мен жағдайдың қиын екенін біліп тұрмын. Шегіне бер деуге тағы болмайды. «Шегінуге болмайды!» деп бұйырғанмен оны тыңдауға мұршасы жоғын сезіп тұрдым да:
– Ей, Мұхаммедқұл, сен қазақтың «Қоянды қамыс өлтіреді, Ерді намыс өлтіреді» деген сөзін білесің бе?, –дедім.
– Білемін, Бауке! – деді.
– Білсең, саған берер бұйрығым сол! – дедім де тұтқаны қоя салдым. Мен мына сөзден кейін оның шегінбейтініне сенімді болдым һəм ол шегінбей табан тіреп тұрып алды. Орнымен қолданылған дана сөздің рухты осылай көтеретініне мен сан мəрте куə болдым. Ол жерде Мұхаммедқұлды басқа ешқандай бұйрық ұстап тұра алмайтын еді», – деген екен. Көрдіңіз бе қазақ тілінің бір мақалының құдіреті ерлерімізге рух берген, намысын қамшылаған.
– Өмірге келдім,
Анамды көрдім,
Деді ол: жаным,
Арайлы таңым.
Самал боп желпіп,
Жырымен ертіп,
Үйретті тынбай
Бал тілін, әнін.
Анамның тілі – айбыным менің,
Анамның тілі – ай-күнім менің!
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі – өмірді думан.
Мына керемет өлең жолдарын сатираның саңлағы болған Шона Смаханұлы жазыпты. Бұл өлеңді бала күнімізден санаға сіңіріп, әсем әуенге құндақталып өскеніміз шындық. Бойыңды шымырлатып, жүрекке ұлпа сезімдей қона кетеді.
Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының ұлы Бақытжан Момышұлының әкесі жайлы естелігінде мынандай жолдар бар. «Әкем бір күні мені бөлмесіне шақырып алып, қарсысындағы креслоға отырғызды да:
– Сен қаланың тас кеудесінде өстің, сондықтан сенің тамырың әлсіз. Сен туғанда мен соғыста едім, шинелімнің етегі қанға малшынып, лаулаған оттың түтіні сіңген еді. Сені өзіммен бірге оқтың астына әкете алмадым, өзімнің әкелік парызымды өтеу үшін, саған келе алмадым. Қиырдағы жат жерде жүріп, саған әкелік мейірімді, әке тәрбиесін бере алмадым. Бұған менің кінәлі емес екенімді сенің түсінуің керек. Бірақ саған ұлттық рухтың дәнін себе алмаған айыбымнан бас тартпаймын. Мен сенің мәңгүрт болып өскеніңе қатты күйінемін, бұған да сенің ешқандай кінәң жоқ екенін жақсы түсінемін. Дегенмен сенің айыбың сол: өзіңнің шыққан жеріңе, өз халқыңа қайта оралуға асығар түрің жоқ. Сен нағыз тас жүрек космополит болсаң да, мен сенен кете алмаймын, бірақ бұл менің жүрегімде айықпас дерт болып қалмақ. Маған бала керек, бірақ менің балам өз халқын мақтан тұтатын қазақ болуы тиіс. Маған салса, менің балам паспорт бойынша ғана емес, ет жүрегімен де қазақ болуы керек. Адамзат үшін өз халқының жолы – оның ең дұрыс жолы, ал кез келген қыңырлық оны сөзсіз бақытсыз етеді, өйткені теріс пиғыл халықтан жырақтатады. Өз халқының өгей баласы атансаң, өзгеге де сыймайсың. Осы есіңде болсын, – деген еді» дейді.
Бауыржан Момышұлы өз баласына қазақы тәрбие беріп, ана тілде тәрбие бермегеніне өкініш білдіреді. Қазақы тәрбие ол өзінің тілін, салтын, дінін, ділін білу деген сөз. Батырдың арманы орындалып, келіні Зейнеп қазақы, болмысы дана, салт-дәстүрді көңілге тоқыған, атасының бар қадір-қасиетін бағалап, елге жеткізген адал келін болды.
Шынында жүрекке нұр құятын аналар екені рас. Бауырындағы баласына тәрбиенің көзі анасы арқылы беріледі. Сол үшін аналарымыз ұлт қуаты болар төл тіліміздің жанашыры болуы керек. Осы орайда ана тілімізді ардақтайтын бір ананың қуатты сөзін әеуметтік желіден оқып, дән риза болып, бір сөзін өзгертпестен осы жерде жариялауды жөн көрдім. Ана тілімізді өз перзенттерінің бойына сіңіріп, оларға рухты тәрбие беріп отырған жан Байқоңыр қаласында тұрады. Бірақ ол кісі қызылордалық Гүлнұр Қаржаубаева екен. Ол орыстың ортасында отырғанмен бойындағы ар-намысы балаларының орысшаға ауысып кетуіне жол бермеген.
«Төретамға келін болып түсіп, он жылға жуық сол жақта тұрдық. Балаларды дәрігерге көрсету үшін немесе басқа бір жағдайда Байқоңыр қаласына кіретінбіз. Орысша шүлдірлейтіндер көп болды. Бірақ тілімді бұрап, орысшамды жинап сөйлеген емеспін. Өздері үшін түсінді. Мендегі ұстаным: «Бұл Қазақ елі. Олар қазақ тілін білуге міндетті». Емханаға барсам да бетінде қытығы барларға: «Құжаттарыңыз неге орыс тілінде?» деп айтудан ұялған емеспін. Қызылордаға көшіп келдік. Мектептен келетін бір жапырақ қағаздар да кейде орыс тілінде жазылады. Емхана онсыз да сол хәлде. Айына бір банкоматқа барып алатын азғантай ақшам бар. Сол кезде: «Картаңызды ұмытпаңыз!» деген сөзді қазақ тілінде есту үшін пернеден қазақ тілін таңдауға ұялған емеспін. Бұл – менің ана тілім! Оны қорлауға жол бермеймін. Каспии қызметіне де қазақ тілін енгізіп қойдым. Біреуге хат жазғанда да пернетақтамда қазақ тілі. Каспии қызметкеріне: «Маған қазақ тілінде қызмет көрсетіңіздер» деп үш мәрте хабарласып, мазасын алғаным да бұл орысша білмегендігімнен емес, олардың ұяты оянсын деп қырсығып тұрып алдым. Ақыры қазақ тілді маманға қосып, сұрағыма жауап алдым. Алдағы уақытта да осылай бола береді. Енді бүтін елдің қазақша сөйлеуі үшін «Балық басынан шірімеуі керек».
Әр жексенбі күні балалардан телефонды жинап алып, қолына бір-бір кітап беремін және түсінгенін айтуын талап етемін. Ертең өскенде өз ойын еркін жеткізе алмайтын, өз тілінде сөйлей алмайтын ұл-қыз болмасын деп ойлайтын мендегі ұят «тап-таза қазақылық» кейпінде көрінсе де, ұялмаймын. Себебі сенің балаңды шұбар тіл, сенсор жұтып жіберуі әбден мүмкін. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деп қорытындылапты өз пікір-пайымын.
Міне, аналарға осыдан артық қандай ұлағат керек. Ана тілін құрметтегеніміз ана сүтін ақтауға жасалған алғашқы қадам. Сондықтан тіліміздің мәртебесі мен мерейін көтеруді аналар өзімізден бастайық. Осылайша қоғамға үлгі көрсетейік. Отан отбасынан, отанасының тәрбиесінен бастау алатынын ұмытпайық. Шаңырақта ана тіліне уызынан жарыған отаншыл ұрпақ өсе берсін. Тіліміз тірлігіміздің айғағы, қазақ халқының байрағы екенін ұмытпайық.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Сурет ашық дереккөзден алынды
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!