Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

ПИК емес, МИБ бола ма?

16.07.2022

893 0

Қай кезде де көпқабатты үйдің мәселесі таусылған емес. Көпқабатты үйдің тозығы жеткен жайы, шұрқ тесік шатыр, суға толы өжіре, мүжілген баспалдақ, жылуға жарымаған пәтерлер, су жөнді көтерілмейтін жоғары қабаттағы пәтер иелерінің мұңы… Иә, саусақпен санап тауыса алмайсың.

Ең қиыны да сол, көпқабатты үй тұрғындары кімге барып мұңын айтарын білмейді. Ай сайын есік қағып, төлем жинайтын ПИК кас­сирлеріне мәселе айтқанмен қайран жоқ. ПИК төрағасын орнынан табу да мұң, табыла қалған күнде де оның да көмектесер мүмкіндігі жоқ. Тұрғындар түсінігінде ПИК мамандары жылу маусымында жылу­ды қосқанша және көктемде жылуды ажырату қызметінен әріге аса алмай қалған секілді. Расында, ПИК-те көкпқабатты үйдің «жыртығын жамар» дәрмен жоқ. Сол себепті де ПИК-тен елдің үмітін үзгені қашааа-аан. Белсенді тұрғындар өз беттерінше ақша жинап, ортақ подъезді әктеп, сырлап, тіпті пысықтары есік-те­резеге дейін жаңалап, тазалықшы ұстап, тап-тұйнақтай отырады. Әри­не, тұрғынның бәрі бірдей емес, енді бірі немқұрайлы, енді бірі тиын санайды дегендей, түрлі сылтаумен күтімсіз үйлер тозып барады. Бір сөзбен айтқанда, ПИК-тің атына арыз айтушы тұрғындардың көптігінен, бүгінде көкпқабатты үйлердің жайын дұрыстауға, күтіп ұстауға келгенде ПИК-тің пәрменсіз екеніне билік басындағылардың да көзі жеткендей. Сонымен ұзын сөздің қысқасы, енді ПИК-тің орнына МИБ болады. Пәрменсіз ПИК келмеске кетіп, МИБ келгенде не өзгереді? МИБ-тің мақсаты қандай? МИБ-тің ПИК-тен айырмасы қайсы? Бұл қоғамдағы көкейкесті сұрақтар екені даусыз.

МИБ деген не?

Шынында, МИБ деген не? Көп­қабатты үй тұрғындарының үміт сәулесін жылт еткізген тұрғын үй қызметіндегі реформа ел сенімін ақтай ма? Бұл сұрақтарға жауап іздемес бұрын МИБ дегеннің не екенін біліп алайық. 2019 жылғы 26 желтоқсанда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап пәтер иелері кооперативтері (ПИК) болмайды, ал олардың орнына мүлік иелері бірлестіктері мен жай серіктестіктер болады.

Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) – тұрғын емес үй-жайдағы пәтер ие­лері құрған заңды тұлға. Жай серіктестік – азаматтық шарт негізін­де үйге ортақ мүліктерді барлық мен­шік иелерімен үйді бірлесіп басқару және күтіп ұстау. Жаңа тәртіп бойынша МИБ – бір шот қағидаты бойынша жұмыс істейді және бұл бір үйдің тұрғындарына мақсатты пайдалануын қадағалауға мүмкіндік береді. Тағы бір атап айтарлығы, МИБ-те әр үйдің өз шоты болады, қаражат бір үйдің қажетіне жұмсалады, мұны тұрғындар да, жергілікті билік те қадағалай алады. МИБ-тің Пик-тен бір айырмашылығы да осы. МИБ төрағасын тұрғындар бір жылға сайлайды. Тағы бір атап айтарлығы, ПИК-те өз есепшісі, тазалықшы, сан­техник секілді жұмысшылар еңбек етсе, МИБ-те мұндай қызметтің бар­лығын төраға келісім-шарт арқылы жүргізеді. Сонымен қатар төрағаның еңбекақысы тұрғындармен өткен жи­налыста келісіледі.

МИБ-ті тіркеудің де өз тәртібі бар. Ең алдымен МИБ құру туралы тұрғындар жиналысының хаттамасы, тұрғындардың келісім хаты, төрағаны таңдау туралы шешімі, жарғы және тіркелуге 1АЕК көлемінде ақша тө­ле­гені туралы түбіртекті Әділет ор­ганына тіркетеді. МИБ төрағасы сай­­ланғаннан кейін 15 күн ішінде банк­тен 2 шот ашуға міндетті. Бірі – ағымдағы жөндеуге, екіншісі – жинақ шоты. Жинақ шотындағы ақша күр­делі жөндеуге жұмсалады. Бір сөз­бен айтқанда, МИБ-тің мақсаты – тұрғындардың өзі тұратын үйді өзі басқаруға, өзі күтіп-ұстауға мүмкіндік жасау. Тұрғын үй шаруашылығындағы жаңа реформа қаншалықты нәтижелі болатыны белгісіз.

ПИК-тен МИБ-ке өту жайы облыс орталығында қалай жүзеге асып жатқанын білу үшін қалалық «Тұрғын үй инспекциясы» мекеме­сіне хабарластық. Мекеме қызмет­керлері берген мәліметке сүйенсек, Қызылорда қаласы бойынша көп­пәтерлі тұрғын үйлердің жалпы саны 815 болса,  оның ішінде коммуналдық және жеке меншіктегі барлығы 240 көппәтерлі тұрғын үй «Меншік ие­лерінің бірлестігі» немесе «Жай серіктестіктер» құруға жатпайды.

Бүгінгі күнге дейін меншіктік бас­қаруға өткізуге жататын 575 көппәтерлі тұрғын үйлердің 568-не жай серіктестік, 7-не мүлік иелерінің бірлестігі құрылған. Алай­да бұл өзгеріс келер жылға шеге­рілгендіктен, ПИК-тен МИБ-ке өту жұмысы тоқтағанын білдік.

Тұрғын үй шаруашылығын жақ­сартуға арналған бұл реформа әзір жүзеге аспайтын болды. Келер жыл­дың шілдесіне шегерілген тұрғын үй шаруашылығындағы басқарудың жүйесі әлі де жетілдіруді қажет ететін сияқты.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: