Жұма, 29 наурыз, 19:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Президент пәрмен берді, аймақ қалай орындап жатыр?

23.07.2022

924 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір апта бұрын үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Сол жиында үкіметтің жұмысына орташа баға беретінін және халықтың табысын арттыру, бағаны тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өттті. Президент негізге алған бағыттар бойынша Сыр өңірінде қандай жұмыс атқарылуда? 

БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ ҮШІН НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?

Үкімет отырысында Мемлекет басшысы инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отырғанын және бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер еткенін айтып өтті. Шынтуайтына келгенде, бағаны тұрақтандыру бойынша Қызылордада атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен баспасөз мәслихатында об­лыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев қазір тұрақтандыру қорында 796,2 тонна өнім бар екенін мәлім етті.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында аймақта өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Өнім қорларын қалыптастыру мақсатында облыстық бюджеттен соңғы үш жылда 3,9 млрд теңге бөлінді. Сонымен бірге айналым сызбасы аясында 20 келісім шарт негізінде кәсіпкерлерге 1143 млн теңге қаржы қарыз ретінде берілді. Қарыз алған кәсіпкерлер 9584,5 тонна өніммен қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелерге қол қойған. Тұрақтандыру қорының өнімдері және айналым сызбасы шеңберінде қарыз алған кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдері 38 әлеуметтік дүкен және облыс орталығының 17 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрыштары арқылы сатылады. Форвардтық негізде келісім шарттар жасақталып, өңірлік тұрақтандыру қорына барлығы 1050 тонна картоп, 450 тонна жуа, 150 тонна сәбіз, 150 тонна қырыққабат сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қант баға­сын тұрақтандыру және жетіспеушілігін болдырмау мақсатында өңірге тікелей «Көксу» қант зауытынан және «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы ҰК» АҚ арқылы қант жеткізу бойынша жұмыс жолға қойылды. Жыл соңына дейін 3155 тонна қант сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар нан бағасын арзандату мақсатында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ  арқылы 7 айға 14317 тонна астық бөлінді. Ұн өндіруші кәсіп­орын арқылы облысқа 3674,6 тонна ұн келіп, оның 3532,7 тоннасы ірі наубайханаларға бөлке нанды төмендетілген бағада сату үшін мақсатты түрде берілген.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қар­масының басшысы Мұса Қалдарбековтің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері 17 сауда нысанындағы азық-түлік бағаларына қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындалған көріне­ді. Қазір 10 нысан тексеріліп, оның 8-де заң бұзушылық анықталып, әкімшілік шара кө­рілген. Мамандар қалған 7 сауда нысанын тексеріп жатыр.

Қазақстан Президенті азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттағанын және үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шыққанын баса айтқан болатын. «Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқ­тат­қысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосым­ша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр», – деді Президент.

Бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде реттеп отырудың тиімсіз жол екенін нарықтың өзі айқындап берді. Дәл қазір бағаны тұрақтандырмақ түгілі ауыздықтау қиын болып тұр.

ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ ДА КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕУ КЕРЕК

Дәл бүгінгідей қымбатшылық алқымнан алған тұста қарапайым адамның тапқан табысы да маңызды. Соңғы мәлімет­терге сүйенсек, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Мемлекет басшысы Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кеткенін баса айтып, биыл мамыр айында азаматтардың нақты табыс көрсеткіші минус 2,9 процентке дейін төмендегенін және мұндай құлдырау көптен бері болмағанын назарға салды.

Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, халықтың табысын арттыру мәселесін көтерді. Расында, Қызылордада соңғы 2 жылда халықтың табыс көлемі төмендеп кеткен. Мәселен, 2019 жылы халықтың нақты қаржылық табысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 109,4% болса, 2020 жылы өсу динамикасы біршама төмендеп, 103,8%-ті құрады. Жауапты сала басшылары тарапынан жіберілген кемшіліктер салдарынан 2021 жылы көрсеткіш тағы да төмендеп, 99,9%-ті көрсетті. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажет.

Облыс әкімі халықтың табысын арттырудың бірден бір жолы ретінде өңірде түрлі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажет екенін алға тартты. Бұл ретте аймақта нақты жұмыстар басталды. Айталық, биыл Сыр өңірінде 30490 жаңа жұмыс орнын құру межесі белгіленіп, 6 ай ішінде 14423 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 5491 тұрақты жұмыс орны. Аймақта инвестиция тартуға басымдық берілуде. 2022 жылдың I жартыжылдығының қорытындысы бойынша Сыр өңірі республикада алдыңғы бестікке еніп, 127,7 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Облыс әкімі Президент тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет екенін қатаң ескертіп, өзінің тұрақты бақылауында ұстайтынын жеткізді.

АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ – ҮКІМЕТТІҢ БАСТЫ МІНДЕТІНІҢ БІРІ

Мемлекет басшысы кеңейтілген отырыста осылай айтқан болатын. Өкінішке қарай Қызылорда облысында ана мен бала өлімі көбейген. Жыл басынан бері 3 ана өлімі тіркелген. Өткен жылы 10 ана, 2020 жылы 12 ана қайтыс болды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов 6 айда 113 нәресте шетінегенін мәлім етті.

– Биыл ана өлімі Арал, Қазалы ауданаралық ауруханасында және Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасында орын алды. Ал сәби өлімі бойынша тоқталсақ, 6 айда 113 нәресте шетінеп, көрсеткіш 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 11,4 промильді құрады.  Былтырғы 6 айда 94 жағдаймен 8,4 промильді құраған болатын. Салыстырмалы түрде алғанда 35%-ке жоғарылағаны байқалды. Негізінен,  61 жағдай, яғни 54 процентінде перинатальды кезеңдегi жағдайлар, 20 жағдай, яғни 17,7%-і – туа біткен аномалиялар, 11 жағдай  немесе 9,7%-і – инфекциялық-паразитарлық себептер, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Аймақ басшысы өңірде ана мен бала өлімінің көбейгені алаңдатып отырғанын жеткізді. Келеңсіз көрсеткішті төмендету мақсатында дер кезінде тиісті іс-шаралар атқар­маған денсаулық сақтау басқармасының басшысын қатаң сынға алды. Сондай-ақ басқармаға мәселені шешетін кешенді жоспар әзірлеу үшін 10 күн уақыт берді.

– Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдық-техникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Жауапкершіліктен құтылмайсыздар. Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте, қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Сонымен қатар жүкті әйел­дерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиумдар ұйым­дастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет, – деді облыс басшысы.

Қарап отырсақ ана өлімі де, шетінеген бала да аз емес. Әрбірінің артында ондаған отбасы қара жамылып, қасірет шегетінін ұмытпау керек. Алдағы уақытта жанды ауыртатын, жүректі езетін ана мен бала өліміне жол бермес үшін жауапты сала дұрыс жолды табады деген үміттеміз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: