Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Қала тазалығы – біздің міндет»

15.06.2022

2103 0

Тазалық. Үйінің, тұратын жерінің таза болғанын кез келген адам қалайды. Тазалық – адамға керемет көңіл-күй сыйлайтыны белгілі. Мәселен, қала ішінде кетіп бара жатып, жан-жағыңа қараған кезде мұнтаздай таза болса керемет емес пе?! Ал қоқыс жатқанын көрсеңіз, көңіліңіз әп-сәтте бұзылады. Осы тұрғыда тазалықшы болып қызмет атқаратын кісілердің еңбегі зор. Таңертең жұмысқа келе жатқаннан көшенің қоқысы жиналып, тазарғанын байқаймын. Кейде «олар сонда жұмысты нешеде бастайды?, Нағыз еңбек сол кісілердікі ғой»  – деген ой жетегінде жүремін.  Күн ауғанда да, тіпті көлеңкенің өзі сая болмайтын аптапты жазда тынымсыз еңбектен бас алмайтын тазалықшы еңбегі өлшеусіз. Әр істің қыр-сырын маманы білетіні сөзсіз. Тазалықшылар еңбегін жазу үшін олармен жай сөйлескеннен гөрі бір күнді қала тазалығына арнағанды жөн көрдік.

"Қала тазалығы - біздің міндет"

Таңмен таласқандар

         Таңғы 7-00. Кейбіріңіз шырт ұйқыда жатқан боларсыз. Ал бұл кезде тазалықшылар өздеріне белгіленген жерге жаяулатып келіп, жұмысын бастайды. Өйткені бүкіл қаланың тазалығы – «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жауапкершілігінде. Осыны сезінген олар халық жұмысына бара жатқанда қаланы тазалап тастауға тырысады. Кейбіреулер сағат 9-да басталатын жұмысқа кешігіп келеді ғой. Мен де осы әдетке салып, бұл кісілердің жұмысына кешігіп келдім. Бізге қаламыздағы Сүлейменов көшесін тазалап, талдарын әктеу міндеті бөлінген. Жастары үлкен болса да  апалар бұл жұмысты қиынсынып тұрған жоқ. Қолдары ширақ екен. Тез-тез талдарды әктеп бастап кетті.

 Жұмыс барысында «Қызылорда тазалығы» мекемесінің тазалық бөлімінің бастығы Гүлзинат Жұмабековамен аз-кем тілдестік.     «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 115 тазалықшы қызметкер бар. Одан бөлек жүк тиейтін 50 адам еңбекпен қамтылған. Гүлзинат апай жұмыстың ауыр екенін жасырған да жоқ.

          – Мұнда жұмыс істейіндердің еңбегі адал. Олар қандай қиындыққа да шыдап, көше тазалауға бар күштерін салады. Қалай десек те аптап ыстықта далада көше тазалап жүру оңай емес. Қазіргі таңда көше тазалау қарқынды жүріп жатыр. Жасыратыны жоқ, бүгінде арықтар қала халқының қоқыс тастайтын жеріне айналған. Тіпті бүгін тазаланса, ертеңіне-ақ қоқысқа толып қалады. Пластикалық ыдыстар мен қалталардан, қағаздардан аяқ басып жүре алмаймыз. Тіпті тағам қалдықтары мен босаған ыдыстарды көшеден көруге болады. Себебі жеке тұрғындар қоқыстарын кез келген жерге тастап кете береді, – дейді Гүлзинат Жұмабекова. 

           Байқағанымыз, көше тазалауға жастар келе қоймайды. Көбіне зейнет жасындағылар және жұмыспен қамту бөлімі жіберген жұмыссыз жандар. Мұнда күнделікті сегіз сағат жұмыс, аптасына бір күн демалады. Жылына бір рет еңбек демалысына шығару міндетті түрде сақталған.

          – Біздегі мәселе жастар мұндай жұмысқа келмейді. Сонымен қатар ер адамдар да қауқарсыз. Әсіресе әйел кісілер осындай ауыр жұмысты арқалап жүр. Тазалықшылардың өтініші коммуналдық қызметкерлерге арнайы үй салынса. Себебі мемлекеттік қызметкер ретінде тұрғын үй кезегіне де тұра алмайды. Қызметкерлер арасында жалғызбасты, көпбалалы әйелдер бар. Олар пәтер жалдап тұрады. Сондықтан осы кісілерге арнап жатақхана, болмаса арнайы баспана ма салынса, – деген ұсынысын жеткізді Гүлзинат апай.

           Ескере кететін жайт, қала әкімі Асылбек Шәменов жастарды ынталандыру мақсатында қызметтік пәтер беру мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан болатын. Тазалықшыларға көрсетілетін қолдау мен көмек әлі де жалғасын табатыны сөзсіз.

Тыным таппайтын тазалықшы

Сағат тілі 10-00-ді көрсетіп тұрса да күн ыстық. Аузым кеуіп барады. Шөлдедім. Тазалықшы апайлар біраз жұмысты еңсерген соң, ол кісілерді әңгіме тарттым.

 Жұмакүл Боханованың көше тазалаушы болып жұмыс істегеніне 12 жылдан астам уақыт болған. Таңғы сағат алтыда тұрып, үйдің тірлігін жасайды. Себебі сағат 7-де жұмысына кірісуі тиіс. Қаламыздың көшесін сыпырып, қоқысын тазалайды.  «Ақмешіт» мөлтек ауданы және қала орталығындағы көшелерді,  «Қауын базар» маңын тазарту оның міндеті саналады. Таңнан кешке дейін ерінбей, тазалық жұмыстарымен айналысатын ол  бізге жұмысы туралы айтып берді.

– «Еңбектің наны тәтті» демекші еңбектенген адам далада қалмайды. Өзімізге белгіленген аумақты, көшелерді қоқыстан тазартамыз. Тал әктейміз. Кейде қап-қаппен қоқыс жинаймыз. Жұмыс болған соң, қызығы да қиындығы да кездеседі. Ішің ашитыны, кейде машинада кетіп бара жатып, қоқыстарын лақтыра салады. Әсіресе ер-азаматтар. Солардың анасы жоқ па деп ойлаймын. Олардың санасына «тазалықшы тазалауы тиіс, айлық алып отыр» деген ой кіріп кеткен. Жастар тазалап жүргеніңді көріп тұрып, сусынның ыдыстарын, қағазды тастап кете береді. Жеке тұрғын үйлердің арасындағы шашылған қоқыстарды теріп, жинаймыз. Көпқабатты үйдің тұрғындары төбемізден қоқыс тастаған кездер де болған. Сол қоқысты әкеліп, контейнерге салуға ерінеді. Біздің жинап жүргенімізді көріп тұрып, төбеде балконнан лақтырады. Шаршайтын кездер болады. Бірақ осы жұмысқа етіміз үйренген. Бұл жұмысты жастар істей алмайды. Қыста желдің ызғарында, қалың қарды тазалау оңай емес. Жазда өздерің көріп тұрғандай күннің ыстығына қарамастан еңбек етіп жүрміз,  – дейді ол.  

Тазалықты жаны сүйетін Жұмакүл апа саудагер болып еңбек етті.  Қазір көше тазалап, адал қызмет етіп жүргенін мақтан етеді. Бірақ, тұрғындар еңбектерін бағаламайтынына налиды. 

Жұмакүл Боханова тыным таппай, еңбек еткеніне 95 мың теңге айлық алатынын айтады. Аймақ басшысы тазалықшыларға қоғамдық көлікте жүру үшін тегін билет берілетінін айтқан кезде қатты қуанды. Бүгінде билеттің игілігін көріп жүр. Алайда жеке маршруттар үшін тегін билет жарамайды екен. Оның өтініші, алдағы уақытта осы мәселе реттелсе. Сонымен қатар «еңбек демалысымда шипажайға тегін жолдама алып, денсаулығымды жақсартып қайтсам» деген жоспары да бар.

Талдарды әктеп жүріп, көшедегі қоқыстарға көзім түсті. Түрлі иіс, ішінде не жоқ дейсіз. Бәрі бар. Кейбірінің пакетін иттер тістеп, шашып тастаған. Әр жерден теріп алу қажет. Бір көшенің бойындағы әр жерде жатқан қоқысты теремін деп, неше рет еңкейіп, неше рет иілесің. Үлкен кісілердің белдерін ауыртатыны анық. Күннің суығында қолғаптан да ызғар өтіп кетеді. Аяқтан өтетін ыза айтпасақ та түсінікті. Ал жаздың аптап ыстығында бір көшені жағалай қоқыс жинау оңай емес. Ол кісілер бір күнде қаншама шақырым жаяу жүреді. Міне, осы жұмыстың барлығын «Қызылорда тазалығы» мекемесінде қызмет ететін тазалықшылар жасайды. Сондықтан да жылына бір рет еңбек демалысы кезінде шипажайға тегін жолдама беру ол кісілерді қуантады.

P.S. Қала тазалығы бір мекеменің ғана емес, тұрғындардың да қолында. Мәселен, «Қызылорда тазалығы» мекемесі бүгінде шаһардың мұнтаздай болып тұруы үшін қарқынды тірлік жасауда. Дегенмен арқаны кеңге салып отыра бермей, тазалыққа сіз де үлес қосыңыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Тазалық – табалдырықтан басталатынын ұмытпаңыз. Бұл кісілердің еңбекқорлығына бір күнде тәнті болдым. Олардың еңбегіне басымды идім. Тазалықшы кісіні көргенде өзіңіздің анаңызды елестетіңіз, олардың еңбегін бағалаңыз. Арасында сізде иіліп, жерде жатқан қоқысты алыңыз. Мүмкін сонда ғана қала қандай еңбекпен тазарып жатқанын сезінерсіз. Тазалық сақтауға бәріміз үлес қосайықшы…

 Айтолқын БАТЫРБАЙЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: