Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қаңтар оқиғасында азапталған жетім жігіт бар шындықты айтты

06.01.2023

927 0

«Онсыз да қиын өмірімді қиындатып жіберді…» Алматыда қаңтар оқиғаларына қатысып, аяғына екі жерден оқ тиіп, ота жасатып ауруханада жатқан жерінен қауіпсіздік қызметкерлері күштеп алып кетіп, түрмеде азаптаған жігіт осылай дейді. Оралдан оңтүстік астанаға жұмыс іздеп келіп, жарымжан болып қайтқан Нұртай Кажгалиевтің оқиғасы.

Нұртай Кажгалиев Орал қаласында туған. Жетімдер үйінде тәрбиеленген ол алты ағайындының кішісі. Жастайынан қара жұмыс істеп үйренген азамат өмірге ерте араласқанын айтады. Алматыға келуінің себебі де екі қолға бір күрек іздеуі еді.

Нұртайдың аяғына оқ қаңтардың 5 күні тиген. Екі оқтың бірін дәрігерлер алып тастағанымен екінші оқты алуға үлгермейді. Өйткені ауруханада жатқан жерінен бетін тұмшалаған қауіпсіздік қызметкерлері алып кетіп, түрмеге апарып жабады. Екі айға жуық әбден қорлық пен зорлықты көрген жігіт шартты жазамен босап шыққаннан кейін ғана екінші оқты алдырған. Айтуынша, бұл уақытта аяғы іріңдей бастаған еді.

Қазір Нұртай Орал қаласына қайтып келген. Аяғының жарасы әлі толық жазылмаған. Күн ала бұлттанса қатты сырқап ауырады, дейді өзі. Өз бетінше әзер тұрып жүретін жігіттің жұмыс істеуге де қауқары келмейді. Тек анда-санда жеңіл жұмыстарға баратынын айтады. Күнкөрісіне тұрмыстағы әпкелері мен ағалары көмектесіп тұрады екен.

Алаңда

Нұртай Алматыдағы қаңтар шеруіне 5 қаңтарда қосылған. Сөзінше, көшеде жүрген көп халықтың арасына қосылып біраз жерге дейін барған. Алайда, қауіпсіздік қызметкерлердің ұсталғаннан кейінгі «тәртіп бұздың» деген айыбымен келіспеген, өзі мұны түбегейлі жоққа шығарады. Алаңда өзінің де қарапайым халықтың да тәртіпсіздік жасағанын көрмедім, дейді.

«Маған оқ Төле би көшесінің бойында тиді. Ол кезде алаңға барып, қайтып келе жатқанмын. Бұл 5 қаңтардың кеші еді. Жанымдағы адамдардың барлығы қаша бастады, мен де олармен ілесіп жүгіріп бара жатқанымда оқ келіп тиді. Талықсып құлай бердім. Есімді жисам ауруханада жатыр екенмін», – дейді Кажгалиев.

Нұртайға сол бір қиын күндерді есіне алуы ауыр тиетіні сезіліп тұрды. Ал кейбір кезеңдерді мүлдем естен шығарып тастауға тырысатындай.

Жігіт алаңда арандатушылардың ұйымдастыруымен тәртіпсіздіктердің болғанын есіне алады. Бірақ қарапайым халықтың оларға қатыспай, керісінше бетін қайтаруға тырысқанын баса айтады. Сөзіне дәлел үшін сондай бір оқиғалардың бірін айтты.

«Біз қатты соққыға жығылып жатқан әскери адамды көліктің астынан алып шығып, Сбербанк бөлімшесінің ауласына кіргізіп жібердік. Ары қарай күзетші алып кетті», – дейді Нұртай.

Азамат алаңда мұндай оқиғалардың бірнешесіне куә болғанын айтады. Қарапайым халық барлығының барынша тәртіпті болғанын қалағанын, алайда қанның барынша көп төгілгенін қалағандар да болды, дейді ол.

«Палатадан еңбектеп шықтым»

Нұртай есін ауруханада жияды. Сөзінше, оны алаңда азаматтар көлікке салып жіберген. Дәрігерлер аяғына ота жасап, екі оқтың бірін алған. 9 қаңтарда ем алып жатқан палатаға қауіпсіздік қызметкерлері баса-көктеп кіріп, бөлмеде жатқан азаматтардың бәрін тепкілеп, алып кетеді. Нұртайдың бұл уақытта аяғы әлі отадан жазылмаған, ол палатадан еңбеп шыққанын еске алады.

«Спецназ ешкімді аяған жоқ. Кіргеннен тепкілеп, дәлізде де, автозактың ішіне мінгенде де тепкінің астына алды. Палатада менімен бірге ақсақалды қария жатқан, оны да ұрып-соғып, алып кетті», – дейді ол.

Нұртайдың айтуынша, ауруханадан шамамен 3 автозакпен 30-40 адамды алып кеткен. Бұл азаматтың есінде қалғаны ғана, адамдар да әлдеқайда көп болуы мүмкін. Оның үстіне бұл уақытта қаладағы барлық ауруханаларда осындай оқиғалар болып жатқан еді.

Нұртай тергеу изоляторында жағдайдың тіптен ауыр болғанын айтады. Сөзінше, изоляторға келгендерді 3-4 күн бойы нәр татқызбай соққыға жыққан. Ол астына төсейтін төсектің де болмағанын, қызыл қанға боялған бетонның үстінде жатқандарын еске алады. Тек төрт күннен кейін ғана қатқан қара нан берді, дейді ол.

Ұрып-соққандар оларға «террорист, зорлықшылар, ұрылар» деп айқайлап, осы айыптауларды мойындатпақ болған. Бірақ Нұртай бұл айыптаулардың ешқайсысын мойындамаған. Ол тергеу изоляторында 9 қаңтардан 18 ақпанға дейін болған. Азамат қамауда болған 40 күннің 30-ын таяқ жеумен өткізгенін жеткізді. Тек депутаттар келіп, халық шулағаннан кейін ғана ұрып-соғу сәл саябырсыған.

Нұртай тергеу изоляторында 3 мыңдай адам болғанын айтады. Сөзінше, жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталған адамдарды бөлек ұстаған. Ал оқ тиіп жараланғандарды ең қауіптілері деп санаған.

«Оқ тигендерді қаттырақ ұратын. «Сендер ең қауіпті террориссіңдер, шерудің алдында жүрдіңдер» дейтін», – дейді ол.

«Тоқ соқты»

Нұртай изоляторда адамдарды тағылған айып бойынша әрқайсысын бөлек ұстағанын түсіндірді. Ал ұсталғандар бір-бірімен жақын танысып кетпес үшін 10 күн сайын орындарын ауыстырып тұрған.

Нұртайға жаппай тәртіпсіздіктен бөлек, «қарумен күш қолданды» деген айыпты да тақпақ болған. Бірақ оны дәлелдей алмаған.

«6 қаңтар күні Қалқаман ауданында қарумен жүріп, белгісіз біреулерді қорқытқан адамның видеосын көрсетіп, маған жаппақ болды. Бірақ ол уақытта мен ауруханада жатқандықтан, бұлары өтірік болып шықты», – дейді ол.

Айыптауларды мойындату үшін азаптаулардың түрлі ауыр түрлерін жасаған. Нұртай өзіне тоқ соққанын айтады. Кейбір адамдардың қанға бөккен бөлменің ішінде қозғалыссыз жатқанын көргенін еске алады. «Оқ қай жеріңе тиді деп сұрайды да дәл сол жерден келіп ұрады» – дейді ол.

Азамат арнайы қызметкерлердің бір адамға төрт-бесеуінің жабылатынын және олардың бетін тұмшалап алғандықтан ешбірін тани алмайтынын айтады. 

«Алматының бүкіл полициясы сол жерде жүргендей көрінетін», – дейді Нұртай.

Тергеу изоляторында жағдай өте ауыр адамдар болған. Азаматтың айтуынша, онда екі көзі көрмейтіндер, оқ жыныс мүшесіне тигендер болған. Алайда оларға да ешбір аяушылық танытпай, соққыға жыққан.

Нұртайдың соты тергеу изоляторының ішінде болған. Ол өзі соттың күлкілі кейіпте өткенін алға тартады. Сот жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыптап, он екі айға қамауда қалдырады. Екі айдан кейін шартты жазамен бостандыққа шығады. Айтуынша, өзіне қарсы қолдарында ешқандай дәлел болмаған соң, босатуға мәжбүр болған

Нуртай кагаз

Нұртай Қажғалиевтің ақталғаны туралы қағаз

«Қарсы арыз жаздық, бірақ сөзіміз елеусіз»

Бостандыққа шығып, аяғындағы екінші оқты алдырғаннан кейін ол қарсы арыз жазғанын, бірақ сөзімен ешкімді тыңдата алмайтынына налиды. Сот сараптамасы аяғына тиген оқтың Калашников автоматының оғы екенін анықтаған. Бірақ оқты кімнің атқанын әлі күнге дейін таба алмай келеді.

«Қазбалай бастасақ қайтадан отырғызып тастауы мүмкін», – деп сескенеді ол.

Нұртайдың қолында қазір толық ақталғаны туралы қағазы бар. Алайда өзі мемлекеттен ешбір көмек алмағанын айтады.

Азаматтың заңгері Ғалым Нүрпейісов Нұртайдың ісі қаңтар оқиғалары бойынша тергеліп жатқан оқиғалардың арасында бар екенін толық реабилитацияға тек содан кейін ғана өтініш тапсыра алатынын жеткізді.

Ал Қазақстан халқына қорынан қаңтар оқиғалары кезінде оқ тиіп зардап шеккен қарапайым азаматтарға ешбір көмек қарастырылмаған.

Көмек тек ауыр жараланған әскери қызметшілерге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне ғана беріледі.

Қаңтардан кейін

Нұртай қазір Оралда пәтер жалдап тұрады. Пәтер кезегіне 2011 жылы тұрған, бірақ содан бері кезектің жылжымағанын айтады. Денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Аяғы да толық жазылмаған. Қаңтардан қалған ескі жара кеудесінде әлі тұрғандай.

«Бұрын әйтеуір жұмыс істей алатын едік, қазір оны да істей алмаймыз», – дейді ол.

Нұртай қаңтардан кейін орнаған жаңа Қазақстанның болатынына да сенбейді. 

«Қарапайым халық сол орнында. Пәтерден пәтерге көшіп, қолы аузына жетпей жүр», – дейді.

Ол алаңда тек қарапайым халықтың болғанын, қолдарында қару емес тек бейбіт жазу жазылған плакаттың болғанын тағы бір еске алды. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: