Жаз – қауын-қарбыздың маусымы. Десек те, дұрыс таңдалмаған қарбыздан уланып қалу қаупі де жоқ емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарбыздың қабығы бүлінбеген, түсі біркелкі болуына назар аударыңыз. Қолыңызбен ақырын түртіп көргенде терең, тырсылдаған дыбыс шығуы керек. Бұл – нағыз піскен қарбыздың белгісі. Сатушыдан тауардың құжатын талап етіңіз. Сонымен қатар қабағының түсі қанық, сабағы құрғақ болуы – жемістің әбден піскендігінің белгісі, – деп түсіндірді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы – мегаполистің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы.
Айтуынша, қарбыздың жерде жатқан бүйірінде «сары дақтың» болуы қалыпты.
Кесілген немесе сабағы шіріп кеткен қарбызды алмаңыздар. Себебі қарбыздың ішінде божу мен ашу процестері болуы мүмкін. Ал қарбызды жейтін кезде арнайы жеміс жууға арналған сабын немесе құралмен жууды ұмытпаңыз. Одан кейін міндетті түрде қайнаған сумен шайған дұрыс. Бұл кескен кезде микробтардың түсу қаупін төмендетеді, – деді дәрігер.
Тағы бір ескеретін жайт, көшеден қарбыз сатып алмаған абзал. Себебі жеміске шаң қонып, көшедегі газдар мен зиянды заттардың түсу қаупі жоғары. Сондай-ақ жоғары температура да жемістегі бактерия мен микроорганизмдердің жылдам көбеюіне алып келеді. Мұның бәрі улануға, ішек инфекциясының, аллергиялық реакцияның пайда болуына әкелетін факторлар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!