Жұма, 29 қараша, 08:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

«Қарттар үйінің тұрғынымын»

21.01.2023

592 0

Қазір Қызылорда қарсыз болса да, күннің райы қара суығымен ерекшеленіп тұр. Біздегі қоғамдық орынның бірі – аялдама. Бәріміз жаңа базар маңындағы аялдамада маршрут күтіп тұрған сәт. Жастар жағы аялдаманы ықтап, Қызылорданың желінен жасырынған сыңайлы.

Бір кезде сол жерге бір қарт кісі келді. Қолында пакетке салынған азғантай заты бар. Ал бір қолында – балдағы. Екі қолы да тоңғаннан қызарып кетіпті. Үстіндегі сыртқы киімі де жұқалау, жұтаңдау көрінді. Әлгі қарияның тоңғанына қарап, іштей «бұл кісі неге күннің қара суығында базар жаққа келді екен? Балаларына айтса да, әкеліп берер еді ғой. Өзінің киімі де жұқа сияқты. Тоңып қалды-ау» деген ойға шомып кеткенім де рас.  Бір кезде қалтасынан қара қолғабын шығарып, кигісі келді.

– Көке, қолыңыздағы заттарды маған беріңіз. Сіз қолғабыңызды киіп алыңыз, – дедім.

– Айналайын, рахмет, – деп менің көмектескім келгенін сезгендей, пакетін қолыма бере қойды. Сол сәтте көпшілік күткен қоғамдық көлігіміз де келді. Бірнеше адам болып, маршрутқа қарай бет алдық. Артқы жақтан: 

– Балам, бұл көлік микрорайондағы қарттар үйіне бара ма?, – деп сұраған қарияның қоңыр даусы құлағыма жетті.

– Иә, ата, барамыз, – деген кондуктор жігіт ақсақалды демеп, ішке кіргізіп жіберді. Қарт кісінің сол аялдаманы сұрағаннан-ақ ішім бірнәрсені сезгендей болды. Қарияға қарама-қарсы орын босап, мен де соған жайғаса кеттім.

– Күннің суығы қатты екен. Біз арасында ғана шыққан соң мән бермейді екенбіз, – деді әлгі қария қасында отырған жігітке қарап.

– Иә, ата, біздің қыс осылай қара суықпен, желмен өтеді ғой. Сіз мұндай суықта неғып жүрсіз?, – деп жанындағы серігі атаны әңгімеге тартқысы келсе керек.

– Е, балам-ай, қарттар үйінің тұрғынымын. Егер өз үйімде болсам, балаларымды жұмсап отырар едім ғой, – деген жауапты қойып қалды. Одан кейін қария да, жанындағы жігіт те үнсіз қалды. Себебі бәрі де түсінікті еді.

Қоғамдық көлік қарттар үйінің аялдамасына да келіп жетті. Қария түсуге дайындалды. Сол кезде қолындағы пакетке қарасам, ішінде бір шағын көрпеше, жаңа кебіс ұлтарағымен және тағы екі қорап заты бар екен. Өз аялдамасынан түскен қария қарттар үйіне қарай бет алды.

Мен де терезеден көз алмадым, бір жағы қарияға қарадым, бір жағы көзімнен аққан жасты айналамдағы адамдардан жасырдым. Көңілім тынышталмады. Себебі жүзі жабырқаулы жүрген қазыналарды көрсем, өз ата-әжем есіме еріксіз түседі. Өйткені мен де сондай ата мен әженің махаббатына бөленіп өскен жанның бірімін. Шүкіршілік айтамын, әрине… Ол кісілер ұрпағының алдында бақытты ғұмыр кешіпті. Ал мына қарттарымның жайын бір сәт болса да ойлайтын балалары қайда жүр екен? Біреуінің әкесі мен анасы үйінде жайма-шуақ жадырап отыр. Енді бірінің әкесі осылай тоңып жүр. Мен де өз аялдамама жетіп, әлгі қарияның амандығын бір Аллаға тапсырдым да, еріксіз жылай бердім… Одан басқа қолымнан ешнәрсе келмеді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: