«Қарыз күліп кіріп, жылап шығады» деген бар. Бірақ қазіргідей борышқа белшеден батып, оның тек пайызын ғана төлей алатын деңгейге түсіп, сыпайы тоналған жоқпыз. Әйелдер алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, оның тек үстемесін төлейтіндей жағдайға жетпедік. Кеңес дәуірінде банктен несие алып ешкім той істемеді. Қазіргідей көлдей дастархан жаймады. Жастар отыратын орынды безендіріп, қыруар пайда тапқан мейрамхана ол кезде болмады. Өзіміз сол заманда отау құрғанда бізден бұрын үйленген құрбымыздың той көйлегін, желегін киіп шықтық. Жаңа түскен отауымызға салмақ салмай, көлік жалдап қаржыны шашпай, мамыражай өмір сүрдік. Біреудің қарыз алып, қиналып жүргенін естімедік. Ол кезде ажырасу да аз еді. Бүгінде орасан қаржыны оңды-солды шашу тойдан кейін отбасын құрған жастарға зиянын тигізіп жатқаны рас. Соның кесірінен отбасы ойран болып, шаңырақ шайқалып жатыр. Банктерден кезінде тойға деп алған қарыз кейін опа бермей, тығырыққа тірейтіні өтірік емес. Заманына қарай адамы дейді ғой. Бұл да заманның лебі болар. «Кедей байға жетем…» дегеннің кері ме әлі жетпейтін шоқпарды беліне байлап тұңғиыққа батып, сабыры таусылып жүргендер қатары көбейіп барады. Бірақ бір күнгі қызықтың пәлен жыл зардабы барын кейде ойламай іші-сырты көз арбаған қымбат мейрамханаға маңдай тіреп, тапқан- таянғанымызды тойға шашамыз. Маңдай термен тапқан-таянған болса жақсы ғой, артында сұрауы бар қарызға той жасау тәуекелге бел байлайтын қадам емес. Бір сәттік қуаныш үшін сан жыл қиналып, пайызы жоғары несиеге ұрынып, өзін-өзі өлтіріп жатқан замандастарымыз аз емес.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде бүгінде 8 миллионнан астам экономикалық белсенді, яғни жұмысқа жарамды адам бар. Олардың 6 миллионнан астамы борышкер екен. Қазіргі кезде қарызы жоқ отбасы кемде-кем. Қарыз халықтың ұлттық идеясына айналғандай. Сондай-ақ қаржы, бизнес саласындағы мамандардың айтуынша, қарыз алу бүгінгі өмірдің ажырамас заңдылығы. Досыңнан, танысыңнан, туысыңнан немесе банктен қарыз алу көпшілігімізде кездеседі. Бүгінгі адамдардың тыныс-тіршілігі де, экономика да осыған бейімделген. Яғни қазіргі адамдардың бір бөлігі «қарызға өмір сүріп жатыр». Тіпті дүкендерден тамақтарын да Каспии банктен несиеге алып жатқандар қатары көбейіп келеді. Онсыз болмайтын да сияқты. Жұрт қатарлы өмір сүру, баспана салу, балаларыңды аяқтандыру, оқыту молырақ қаржыны қажет етеді. Көпшілігіміз солай етіп те жатырмыз. Психологтар несиеге құштарлық – ауру десе, экономистер банк халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдаланып пайдаға батып отыр дегенді алға тартады. Бұл да шындыққа жанасады. Банктер тек өзінің пайдасын ғана ойлайды. Маңдай терің малшынып жүріп тапқан ақшаны басын бұзбай несиеге төлейсің. Несиені несібе деп ойлап, замандастарымыздың көпшілігі қиындықпен бетпе-бет келіп жүр. «Халықтың қасіретіне айналған қарыздан құтылудың жолы қандай? «Қарызсыз қоғам» болу үшін қандай әрекет керек? Мойнымызға түскен қыл бұраудай қарызды қашанғы арқалап жүре береміз?» деген сауалдар қалың бұқараны алаңдатып отырғаны мәлім.
Рауан Аманова, қала тұрғыны: «Қарыздың қайтарымын дәл сол уақытта ойлай қоймаймыз. Адамдардың бір бөлігі бүгінде сәл ақша қажет болса, өзінде жетпесе банкке жүгіретінді шығарды. Соңғы кездері қымбаттау киімнен және тұрмыстық заттардан бастап бәрін де несиеге алушылар саны көбейіп барады. Сауда үйлері мен банктер де бірігіп осындай жарнаманы көбейтіп, елді өзіне тартып жатыр.Солардың арзан сөзіне сеніп ақшаны немесе тауарды тегін беріп жатқандай ұмтыламыз. Бұл әрине, дұрыс емес», – дейді ол.
Көпбалалы ана, қала тұрғыны Анар Уақбаева:
«Қаржылық жағдайымды жақсартам деп қарыз алуға болмайды. Адам өзіне сенбеген соң осындай қауіпті қадамға барады. Құр үміттенудің қажеті жоқ. Көпбалалы анамын. Бірақ қарыз алғанды қаламаймын. Бүгін қарыз алсам, оны бір амалын тауып қайтарармын» деген алдамшы сенімге бой алдыруға болмайды. Бір қарызданып, оны өтеген адамның бойы қарыз алуға дағдыланып кетеді. Үнемі қол жайып қарыз сұраған адамның өмірі өмір емес, ылғи кінәлі адамдай шегіншектеп жүреді. Біреудің ақшасына сеніп өмір сүргенше, қанағатпен өмір сүргенге не жетсін. Біреуге кіріптар болып, берешекті уайымдап жаныңды жегідей жеп еркіндігіңді шектейсің. Қарыз алу арқылы біз өзімізді өзіміз уайымға саламыз. Отбасының да берекесі кетеді. Әсіресе тойға деп шашылып несие алмаған дұрыс. Мейрамханада той жасау деген меніңше дарақылық. Мына баға асқақтап тұрғанда бір жалақыға қарап отырған қарапайым халық үшін бұл ауырлық етеді» дейді көпбалалы ана.
Гүлнар Баймаханова, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:
«Қазіргі таңда кез келген ересек адамға қаржы саласында сауатты болу өте маңызды. Халықтың қаржылық сауаттылығы мәселесі соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да өзекті бола бастады. Халықаралық зерттеу көптеген дамыған және дамушы елдердегі халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі қаржы нарығына сәйкес келмейтінін көрсетті. Қаржылық білімнің жеткіліксіздігінен көптеген адамдар дәстүрлі, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық технологияның арқасында пайда болған қаржы нарығының өнімі мен қызметін тиімді пайдалана алмайды. Олар қаржылық шешім қабылдауға, өз бюджетін жоспарлауға, ұзақ мерзімді жинақты жүзеге асыруда қаржы дағдарысына ұшырайды.
Әркім өз бюджетін дұрыс жоспарлау және қаржылық алаяқтықтың құрығына түспеу үшін қаржылық сауаттылықты игеруі керек. 2020 жылы 2020-2024 жылдарға арналған қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасы шеңберінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша қаржылық сауаттылық индексі 2021 жылы өткен жылмен салыстырғанда 0,45 тармаққа ұлғайып, 39,52%-ды құрады.
Бұл көрсеткіш қаржылық білім мен қаржылық қызметті пайдалану деңгейін, өз қаражатын басқара білуін және тұтынушының қаржы жүйесі туралы хабардар болуын бағалайды. Қаржылық сауаттылық – бұл адамның әл-ауқатын жақсартуға және өмір сүру сапасын түзеуге әкелетін қаржылық білімнің, дағдының және көзқарастың жиынтығы.
Қаржылық сауаттылық негізін меңгеру алға нақты мақсат қоюға және оған қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тапқан ақшаңызды сақтау үшін өз біліміңізді үнемі жаңартып отыруыңыз керек. Табысты арттыру үшін үнемі табыс табудың жаңа құралын енгізу қажет.
Осылайша, халықтың қаржылық сауатының жоғарылығы азаматтардың өмір деңгейінің жақсаруына, ел экономикасының дамуына, бәсекелестіктің артуына, қаржылық тұрақтылықтың нығаюына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді», – дейді қаланың бас экономисі.
Айгүл Мұсабаева, қалалық мәслихат депутаты:
«AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірлерінде халықтың қаржылық сауатын арттыратын «Қарызсыз қоғам» жобасын бастады. Бұл жоба қазақстандықтардың қаржылық мәдениеті мен кредиттік тәртібін арттыру үшін пәрменді құрал болады деп күтіліп отыр. Мемлекет басшысының Жолдауында да жаңа экономикалық саясатқа қолдау көрсетіп, оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын қолдап, ерекше атап өтіп, оны әрі қарай толық, жүйелі, нәтижелі жүргізуді тапсырды.
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды әрі шығындарын оңтайландыруды үйренеді және қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренеді. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарты туралы құнды ақпарат алады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін «AMANAT» партиясы жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп белсенді жұмыс жасап жатыр», – дейді депутат.
Роза Жүнісова, қалалық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары:
«Жолдауда қаржы жүйесінде банк ұйымымен нақты секторға берілетін несиенің азайып, тұтыну несиесінің көбеюі, азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырғаны айтылды. Ұлттық банктің 2023 жылғы маусым айындағы статистикалық мәліметіне сәйкес, банк секторы берген несиенің үштен екі бөлігін тұтыну мақсатындағы кредиттер құрайды. Кепілсіз тұтыну несиесіне сұраныстың артуының себебі – тауарды сатып алу үшін банктердің бөліп төлеу бойынша акция ұсына отырып, тұтынушылық несиені белсенді ынталандыру нәтижесі болып отыр.
Осы ретте халықтың қарыздық жүктемесін төмендету үшін Үкіметке «AMANAT» партиясының азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын әрі қарай жалғастырып, кең ауқымда жүргізуді тапсырды.
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқу бағдарламасымен қатар, түрлі нысаналы аудитория үшін әлеуметтік желі арқылы әрбір азаматқа өзінің кірісі мен шығысын жоспарлай білуі, қаржыны үнемдеу, белгілі бір қажеттілікке ақша жинау, қаржылық алаяқтарды танып білу және қаржылық міндеттемені орындау мүмкіндігін бағалай білуді кеңінен насихаттау, бейне роликтер шығару, қаржылық сарапшының кеңесін тыңдау жұмысын жүргізу мүмкіндігі бар.
2022 жылы 30 желтоқсанда қабылданған «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңымен азаматтар кредит пен микроқарызды төлеу міндеттемесін орындауда қиындыққа тап болған жағдайда қарызын төлеуді реттеуге бағытталған шаралар жүргізілуде.
Әлеуметтік-экономикалық саясаттың элементі ретінде халықтың қаржылық сауаттылықты меңгеруі азаматтардың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға, жеке инвесторлар қаражатының ел экономикасына құйылуына, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан «қарызсыз қоғам» жобасын насихаттау қарапайым халыққа қаржысын тиімді пайдаланып тұрмысын жөндеуге көмектеседі деген тұжырым бар», – дейді қаржыгер.
Жазира Әбілдаева, банк қызметкері: «Amanat» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Halyk Bankпен» бірлесе отырып, «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Оның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Жобаға қатысуға өтінім 2 мамырдан бастап қабылданып, жыл соңына дейін жалғасады. Оқу бағдарламасы несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқтар, жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырылатын, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған», – деді қаржыгер.
Шынында, «қарызсыз қоғам» жобасы қалың бұқараның қаржы жөнінде сауатын ашуға көмектеседі деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда экономистер, қаржыгерлер өз пікірін әлеуметтік желіден де, ақпарат құралдарынан да беріп, қоғамда орын алған қаржылық қиындықтармен бірлесіп күреспек.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!