Жексенбі, 24 қараша, 07:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Қасіретті қаңтар: зардап шеккен де, жан берген де қазақ

07.01.2023

1177 0

Тарихқа қанды таңбасымен, жүректен өшпес қасіретімен енген қаңтар оқиғасына да жыл толды. Осыдан бір жыл бұрын қарапайым жұрттың бейбіт шеруі қанды қырғынға ұласты. Қос бүйірден қысып, алқымнан алған елдегі қымбатшылық халықты әбден титықтатып жіберді. Бұған жастар арасындағы жұмыссыздықты қосыңыз. Тоқсан тоғыз емес, тоқсан тоғыз миллион күрмеуі тарқатылмаған мәселе бар біздің елде. Соның ең бастысы – қымбатшылық.
Газ бағасының арзандауын талап еткен Жаңаөзен тұрғындары бастаған шеру айналасы екі-үш күннің ішінде бүкіл елді қамтыды. Шеруге шыққандар «газ-50» деп өзімізден шығатын газ бағасының 50 теңгеге дейін арзандауы керек деген талап қойды. Бүкіл ел бойынша жиылған шерушілер қатары сәт санап артты. Адамдар әлеуметтік желілер арқылы бір-бірін шақырып жатты. Қымбатшылық пен жұмыссыздыққа әбден ығыр болған халық онсыз да жарылуға сәл-ақ қалып еді. Дәл осы сәтті тиімді пайдаланған арандатушылар мұның артын толқуға, билікке қарсы көтеріліске ұластырып жіберді. Ал нәтижесі не болды?.. Республикадағы бірнеше аймақтың әкімдігі қирады, сауда орындары тоналды, құқық қорғау органдарына қарсы оқ атылды. Мемлекетке орасан-зор шығын келді. Автокөліктер өртелді. Ең сорақысы, кісі өлімі де болды. Тіпті қаңғыған оқтан жапа шеккендер де аз емес. Қаза болғандар арасында қарт та, жас та, бала да бар. Осылайша қасіретті қаңтарда біреу әкесін, біреу анасын, біреу баласын жоқтап зар қақты, қайғыдан қан жұтты. Республикадағы жағдайды жіті қадағалап отырған Мемлекет басшысы тиісті шешімдер қабылдап, бүкіл Қазақстан аймағына төтенше жағдай енгізді. Осыдан кейін барып арам пиғылдыларға тосқауыл қоюға мүмкіндік туды.
Қаңтар қырғынында
238 адам қайтыс болған

Қаңтардың 5 жұлдызында Республика Парламенті Мәжілісінің алғашқы отырысы өтіп, қаңтар оқиғасына байланысты мәселе қаралды. Анығын айтқанда, өткен аптада Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қаңтар оқиғасына қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары Мәжіліске келіп жауап беруін талап еткен болатын. Халық қалаулыларының алдына келген еліміздің бас прокуроры Берік Асылов мәжілісмендердің сұрағына жауап берді.
– Қаңтар оқиғасы бүкіл елді дүр сілкіндіріп, бәрімізге үлкен сын болды. Бүгінде қолымызда толық мәліметтер бар. Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жо¬ғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері де болды. Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздеу жалғасуда. Қылмыскерлерді жауапқа тартудамыз. Олардың ішінде қызмет мүддесінде опа-сыздық жасап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендер де бар. Азаптау бойынша істерді аяқтап жатырмыз, – деді Берік Асылов Мәжіліс отырысында.
Бас прокуратура қаңтар оқиғасы туралы бейнеролик көрсетті. Ондағы мәліметке сәйкес, қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 5149 адам жараланып, 238 адам мерт болған.
– Бұл күні қасиетті тәуелсіздігімізге орасан зор қатер төнді. Көптеген ірі қалалардың ғимараттары өртке оранып, астаң-кестең болды. Басты құндылығымыз – адам өміріне қауіп төнді. Президент қабылдаған батыл қимылдар нәтижесінде ғана елге төнген қауіп-қатердің беті қайтты. Ол күндері барлық заңнама бұзылды. Өкінішке орай, қоғамда бейбіт митинг өткізу мәдениеті қалыптаспағанын мойындауымыз қажет. Адамдар жиналып, көшеге шыққанда, бейбіт митинг туралы заңның барлық нормалары бұзылды, – деді бас прокурор.
Мәжіліс отырысына ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та қатысты. Ол бір мезгілде Тараз, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Орал қалаларында мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдіктердің ғимараттарына шабуыл жасалғанын, барлық жерде қызметкерлерге қарсы күш қолданылғанын, нәтижесінде көбі ауыр жарақат алғанын жеткізді. Министрдің айтуынша, ғимараттар, қызметтік автокөліктер, бейнебақылау каме¬ралары зақымданған. Ол қысқасы, мұны «бейбіт митинг» деп айтуға мүлдем келмейтінін мәлім етті.
– 5 қаңтарға қараған түні бірқатар өңірде митингі¬лер ұйымдастырылды. Автожолдар мен теміржолдарды жапты, вокзалдар мен әуежайларды бұғаттады, мемлекет¬тік органдар ғимараттарын қоршады. Яғни елді мекендердің инфрақұрылымы мен күнделікті тіршілігіне кедергі келтірді. Яғни қарапайым қазақстандықтардың қоғамдық құқықтары бұзылды, – деді министр.
Бас полицейдің айтуынша, 5 қаңтарда күндіз тәр¬тіпсіз¬дік болған. Олар Қызылорда, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған қалаларында жалғасты. Сал¬дары¬нан Қызылорда қаласында сағат 15:30-да Ұлттық ұланның әскери қызметшісі М.Қайсаровты, сағат 16:00-де Талдықорғанда тағы бір әскери қызметші А.Амановты жаулап алған арнайы көлікпен қасақана қағып өлтірген. Қызылордада сағат 16:15-те қару-жарақ иемдену мақ¬сатында полиция бөлінісіне шабуыл жасалған.
Бас прокурордың сөзінше, WhatsApp пен Telegram арқылы тәртіпсіздікке қатысушылардың жиналуы мен қозғалысы үйлестірілген.
– Алматыда санаулы сағатта бір топтың ғана ішінде қатысушылар саны 5,5 мыңға дейін көбейді. Сол сияқты Жамбыл облысында қатардағы қатысушылар саны 4 мыңға дейін өсті. Кейін тобыр әсері орын алды. Адамдар полицияның заңды талаптарын орындамай, қарсылық көрсетті, өртеді, тонады және күш қолданды. Бұл үшін Алматыда арнайы көрші облыстардан адамдар келе бастады. Кейін жағдай ушыға түсті. Тек бір күні 5 қаңтарда 8 өңірде әкімдікке шабуыл жасалды. Тәртіпсіздікке қатысушылар мұны биліктің символы ретінде басып алғылары келді. 5 қаңтарға қараған түні шабуылдаушылар Алматы әкімдігінің ғимаратына басып кірді. Бір сағаттан кейін Шымкенттегі әкімдік ғимаратына шабуыл басталды. Сол күні қылмыскерлер Атырау мен Қызылорда облысы әкімдіктерінің ғима¬ратына шабуыл жасай бастады. Шамамен сол уақытта Алматыда шабуылдаушылар әкімдікті өртеп, Президент резиденциясына қарай бағыт алды, – деді Б. Асылов.
Бүлікті
ұйымдастырған кім?

Бас прокурор қаңтар оқиғасына кімнің кінәлі екенін де жасырмады.
– Аумақтық күштік органдар басшыларының билікті асыра пайдалануы туралы фактілерге жеке тоқталғым келеді. Жаппай тәртіпсіздіктер шегіне жет¬кен кезде Алматы қаласы, Алматы облысы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті депар¬таменттерінің жеке құрамының барлығы өз ғимараттарын тастап кеткен, – деді Берік Асылов.
Тергеу мәліметі бойынша 5 қаңтарда жеке құрамның ғимараттан кетуге дайындалуы керектігі жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Садықұловтан нұсқау келген. Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен.
– Басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттері басшылары өз ғимараттарын тастап кеткен. Нақтырақ, осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақытылы қабылданған жоқ, – деді Берік Асылов.
Салдарынан Алматы мен Талдықорған 2 күн бойы қарулы адамдардың билігінде қалған. Олар 3 мыңға жуық автомат, пистолет, снайперлік винтовка және он мыңдай оқ-дәріні тонаған.
– Яғни осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қарулары бүлікшілердің қолына түсті. Әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз. Арнайы прокурорлар билікті асыра пайдаланудың осы фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 аумақтық департаментінің экс-басшылары, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы және басқа адамдарға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды, – деді бас прокурор.
Мәжілісте арнайы прокурорлар 720 қылмыстық іс тергегені белгілі болды. Бас прокурордың мәліметінше, бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталған. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынған. Одан бөлек күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар. 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталған. Негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі – 35 жасқа дейінгілер. Бұдан бөлек шетелдік азамат¬тар жаппай тәртіпсіздікке қатысуға және басқа қыл¬мыс¬тар бойынша күдікті болып танылды. Оның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары бар.

Президент бұйрық бермей тұрып оқ атылған

Бас прокурор келтірген мәліметке сүйенсек, күштік құрылым қызметкерлері жауынгерлік қаруды бірінші рет Алматыдағы Президент резиденциясын қорғау кезінде пайдаланған. Яғни 5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында қолданған. Одан соң полиция мен әкімдіктер ғимараттарына және басқа да объектілерге шабуыл жасалған уақытта, яғни тәртіпсіздіктер күш көрсету сатысына өткен кезде құқық қорғау органдарының қыз¬меткерлері қару пайдаланған.
– Естеріңізде болса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев террористерді ескертусіз ату туралы бұйрықты 7 қаңтарда берген болатын. Демек шабуыл¬даушыларға қарсы оқ ату Президенттің белгілі сөз сөйлеуінен едәуір бұрын болған. Бұл жағдай туралы барлық дискуссия қоғамдық пікірді әдейі басқа бағытқа бұрып жатыр. Іс жүзінде, қылмыскерлерге оқ ату үшін күштік құрылымдарға арнайы бұйрық қажет емес. Бұл туралы құқық қорғау қызметі туралы, ұлттық ұлан туралы, терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңдарда тікелей нормалар бар. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді. Дәл сондай қатерлі жағдай 5 қаңтар күні орын алып, 8 қаңтарға дейін, яғни жағдай тұрақталғанға дейін жалғасты, – деді бас прокурор.
Мұны еліміздің бас полицейі де қуаттады
– Халықтың, сонымен қатар полиция қызмет¬керлерінің өмірі мен денсаулығына қатердің алдын алу мақсатында қылмыскерлерге қарсы қару қолданылды. Қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылды. Ол үшін барлық негіз болды. Яғни азаматтарды қылмыстық озбырлықтан қорғау, қару иеленуге тырысушылардың жолын кесу, қызметкерлерге, қызметтік және әскери кезекшіліктерге, күзетілетін нысандарға шабуылды тойтару. Егер полиция қызметкерлері заңда көзделген кешенді іс-шараларды орындамағанда трагедия мұнан да ауқымды болар еді. Прокуратура құқықтық баға берді. Оларды қолдану заңды деп танылды, – деді М.Ахметжанов.

Азаптағандар мен
азапталғандар хақында

Мәжіліс отырысында қаңтар оқиғасына қатысты азаптау деректері де айтылды.
Жалпы азапталғандар жайында жәй айта салу оңай емес. Олардың жанайқайы жаныңды ауыртады. Әсіресе Талдықорғанда қамалғандарды аяусыз азаптағандарын естігенде не ойлап, не айтарыңды да білмейсің. Сол тұста белсенді Дана Жанай Instagram-дағы парақшасына Талдықорғанда Азамат Батырбаевты уақытша ұстау изоляторында қатты азаптағанын жазған. «Полиция қызметкерлері Азамат Батырбаевты ұрып-соғып, денесін үтікпен күйдірген. Құзырлы органдар оны емделуіне және сауығып кетуіне қажетті, тиісті көлемдегі медициналық көмек әлі алмаған кезде емдеу мекемесінен алып кетіп, емдеуге және сауығып кетуіне жағдай жасалмаған тергеу изоляторына қамады», – деді Дана Жанай.
Бұл жазба жарияланғаннан кейін-ақ қоғамда қызу талқыға түсті. Жұртшылық азаптауларды тоқтатуды талап етті. Қазақстан Президенті тергеу кезінде рұқсат етілмеген әдістерді қолданбауды және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауды тапсырды.
Мәжіліс отырысында бас прокурор азаптауға байла¬нысты қылмыстық істердің басым бөлігін сыбайлас жем¬қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергегенін баян етті.
– Азаптау туралы қылмыстық істердің басым бөлігін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі терге¬ді. Прокурорлар неғұрлым резонансты және адам өліміне қатысты істерді қамтыды. Арнайы прокурорлар полиция мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің 34 қызметкеріне қатысты істі тергеді. Алматы облысының полиция ғимаратында 24 адамды азаптау фактілері туралы істі сот¬қа жолдадық. Жалпы біз қараған азаптау істері бойынша айыптаудан бас тартқан деректер болмады. Барлығын тергеп, сотқа жолдап отырмыз, – деді Б.Асылов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде еліміздегі колонияларда бейнебақылау жүйесі орнатылған. Осы жүйе арқылы прокурорлар тиісті бақылау жүргізе алады. Өз кезегінде ішкі істер министрі Марат Ахметжанов азаптауларға жол бермес үшін ведомство тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтты.
Жиында мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен Еділ Жаңбыршин, Ерлан Сайров, Дархан Мыңбай сынды депутаттар сұрақ қойып, ұсыныс айтып, пікір білдірді. Сонымен қатар адвокат Абзал Құспан мен «Сана-Сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бір¬лестігінің директоры Шахноза Хасанова, Алматы қаласы полиция департаментінің аға инспекторы, подполковник Ботагөз Исенова, Алматы қаласы №7 ауруханасы реанима¬ция бөлімшесінің меңгерушісі Есеней Еспенбетов, «Қорған орталық» қару-жарақ дүкенінің директоры Артур Осипов, ерікті Бағдат Анарбаева баяндама жасады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: