Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 21:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Қазақ мектебінде шіркеу «қоңырауы» неге жүр?..

01.05.2021

2846 0

Осыдан біршама уақыт бұрын қазаққа жетпіс жылдай астана болған Алматының шойын жолында алабөтен шара өтті. Шаһардағы І теміржол бекетінен Алматы мен Атырау арасында үздіксіз қатынайтын «Ақжайық» пойызы тұңғыш рет жолға шықты. Бұл – ел көптен күткен, тіпті тағаты таусыла аңсаған отарба еді. Пойыз қазір жалпы халыққа қолайлы қоғамдық көлік болып тұрғанын ешкім терістемес. Бәрі жақсы-ақ, бірақ басшы да, қосшы да жиылған осы «Ақжайықтың» тұсаукесеріндегі бір жоралғыны көргенде, қатты ойланып қалдық. Ол – пойыз жүрер сәтте соғылған қоңырау еді. Кәдімгі шіркеу колоколы іспеттес «қоңырау».

Біз пойызтанушы немесе теміржолтанушы емеспіз, сон­дықтан «қоңырау соғу» дәстүрі қашан шыққанын дәл айта алмаймыз. Бір білетініміз, тәуелсіздік алғалы бері жаңа жол тораптары ашыларда, арнаулы һәм атаулы пойыздар шы­ғарда осы «құрығыр қоңырау» қайта-қайта соғылып жүр. Ау, біз халқының 72 пайызы мұсылман ел емеспіз бе? Пойызға мінетіндер де, пойыздан түсетіндер де негізінен хақ жолындағылар ғой. Сонда әлгі қоңырауға неге мән бермедік?.. Ойлана қарасақ, оның себебі де бар екен. Біздегі шойын жолдың тарихы Ресей империясының өрістеу тарихымен сабақтасып жатыр. Оңтүстік пен солтүстіктегі де, шығыстағы да темір жолдың арғы тарихы Петербордағы екі басты самұрыққа барып бір-ақ тіреледі (ақын Мағжандардың шойын жолға қарсы болуының астары осыған байланысты). Баяғы «Хабар-2»-нің тілімен айтсақ, солай болған. Әрине, мәселеге әміршіл империя тұрғысынан қарасақ, барлық шарада державалық-православтық этикет көрінуі тиіс. Сондықтан жаңа пойыз жолға шығарда ресми сөз де сөйленеді, діндар «благославие» да береді, шіркеудің бөлшегі іспеттес колоколды да соғады. Кейін кеңес тұсында жолашардың біраз христиандық элементі сол күйінде қалып қойды. Міне, сөйтіп оны түсінбей біз де қабылдап отырмыз. Әлбетте, өкінішке қарай!..

Тағы бір тездетіп реттеуді қажет ететін рәсім – құлағымызға да, сүйегімізге де сіңісті мектеп қоңырауы болып тұр. Енді екі айдан соң кезекті оқу жылы аяқталып, барлық орта мектепте «соңғы қоңырау» соғылады. Нешінші рет екенін тап басып айту қиын. Жәңгір хан тұсынан есептесек, бұл – 179-қоңырау!

Енді тоқтай қалыңыз. Бұл жез қоңырау қайдан шықты? Түр-тұрпаты, сыңғырлауы шіркеу колоколын елестетпей ме? Қоңырау қашан колокол болды немесе колокол қашан қоңырау болды? «Мемлекет діннен бөлек» дегенде, даусымыз жер жара­ды, ал сонда христиандықтың элементі ретінде колокол-қоңы­рау қалайша мектепке кіріп кеткен? Осыны ойланған адам болды ма?..

Бірінші қазақтың «қоңырау» сөзіне келейік. Рас, бұл – халқымыздың төл сөзі (мұны марқұм Мұрад Аджи мұраттас­тары естісе, «әне, қазақтардың христиандығын дәлелдейтін колокол-қоңырау ежелден бар» деуші еді). Бірақ ол сөз ешқашан да колоколдың баламасы болған емес. Себебі түсінікті: қазақ христиан емес. Рухани мұрамызға үңілсек, мынадай жолдарды ұшырастырамыз: «Қоңыраулы найза қолға алдың, Қоңыр салқын төске алдың, Жауды көрсең шүйілдің, Жеңсіз берен киіндің» («Ер Тарғын» жыры), «Қараша емес қауыс-ты, Қоңыраулатып дауысты» («Қобыланды» жыры), «Қоңыраулы найза қолға алып, Қоңыр салқын төске алып, Қол төңкерер ме екеміз» (Ақтамберді), «Ақсүйектің баласын, Қара ұлына теңгеріп, Қоңыраулы найза өңгердім» (Махамбет), «Түстіктен орай жатқан Жоңғар жоны, Қоңырау тау терістікте қорған-қобы» (С.Тастанбекқызы), «Біреу-міреу, кім біледі, газетке де жазып жіберуі мүмкін. Сонсоң біржолата күміс қоңыраулы Сейілбек атанғаным ғой» (С.Садуақасұлы), «Күлдірлеп қоңыраудай күй сыңқылдап, Бота күй маймаң қақты үн былқылдап» (І.Жансүгірұлы), «Күміс қоңыраудай күлкісі де күн күйінен, көңіл кірбіңінен аулақ» (М.Әуезов), «Су ала сол өзенге барды Ләззат, шолпысы қоңыраудай сылдыр қағып» (Қ.Аманжолов).

Байыптай қарасақ, бұл мысалдардағы «қоңыраудың» бірде-бірі «колокол»-ға дәл келмейді. Бірінде – жауынгер қаруының түрі (оның өзінде бұл найзадан шығатын дыбысқа қатысты болса керек), екіншісінде – әуен, келісім, наз. Смағұл­дың тұсында «күміс қоңырау» (осы аттас повесі бар) кісі бойындағы жылтырақ мінездің сипатын да аңғартса керек. Сөйте тұра отаршылдықтың салалануы шіркеуді де күшейткен ХІХ-ХХ ғасыр қаламгерлері шығармаларынан еріксіз шіркеу сыңғырына ұқсас дыбыс та еміс-еміс естіліп қалады… Бұл даң-дұңның ежелгі жырға да кіріп кеткені байқалады. Мысалға 1900 жылы Қазанда басылған «Қыз Жібек» жырын алайық: «Жеті қырдан асқанда, Гүрілдеген қоңырауды, Есітті сонда құлағы…», «Қоңырау даусы келгесін, Төлегендей мырзаңыз, Көкжорға атты ағызып, Жетіп бір келді қасына». Жыршы Ж.Шайхисламұлының қоңырау деп отырғаны – «пәуеске қоңырауы» екен. Бір қызығы, осы нұсқада пәуескені (павозка) жегетін «тройке» де жүр. Бұдан кейін әлгі «қоңыраудың» қай­дан шыққанына таңдануға болмас.

Біз, әлбетте, мәселенің мәнісіне үңілу үшін тарих тереңі­не бойлауға мүдделіміз. Бәріне төреші – сол өткеннің қат­парлары болмақ. ХІ ғасырдың энциклопедиялық мұрасы сана­латын М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» (Түрік сөздігі) еңбегінде «қоңырау» сөзі сол күйінде жүр. Мұнда «қоңырағу» сөзінің екі мағынасы берілген: біріншісі – бір нәрсенің сипаты мағынасында (не дыбыстың, не ана­томиялық мүшенің), екіншісі – «құлақтың түбіндегі шы­ғыңқы сүйек» (3-том, 515-бет). Сонымен бірге Сара ақынның жырындағы Қоңырау топонимі де бізді әжептәуір ойға жетелеуі тиіс.

Ұлт руханиятының тарихы «қоңырау» сөзіне, міне, осын­дай анықтама береді.

Ал мұны қазақтың сөзін әлемге және кейінгі ұрпаққа танытатын «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» қалай тәпсірлейді екен?

Тіл-әдебиет марғасқаларының көзі тірісінде шыққан екі томдық түсіндірме сөздік бүй дейді: «ҚОҢЫРАУ зат. Төбесі доғалдану конус тәрізді, ішінде тербеліп тұратын тілі бар, дыбыстық белгі беретін металдан жасалған құрал» (2-том, 64-бет). Бұл сөздікте С.Мұқановтың анық шіркеу қоңырауын сипаттаған екі сөйлемі мысалға алынған.

Тіл білімі институты 1999 жылы жариялаған «Қазақ тілінің сөздігінде»: «ҚОҢЫРАУ. 1. Ішіндегі тербеліп тұратын білеу ар­қылы дыбыс шығаратын құрал. Құлынға қоңырау тақ­ты … 2. Шырылдап дыбыс беру үшін жасалған техникалық құрал. Сағаттың қоңырауы шырылдап қоя берді (Қанахин)» делінген. Осы сөздікте мынандай да сөздің түсіндірмесі бар: «ҚОҢЫРАУБАС. бот. Гүлі қоңырау пішіндес көп жылдық шөптесін өсімдік»(407-бет).

Енді осы сөздіктердің мәліметін орыс тіліне аударсақ, М.Аджилер «е,бәсе!» деп бөркін аспанға атып қуанатын шы­ғар. Сонда, сөздікке сенсек, қазақта «тербеліп тұратын тілі бар» құрал ежелден болғаны ғой. Мәссаған! Құлынға тағылатын қоңырауға келсек, бұл – қазақ даласына қарашек­пен­ділермен бірге енген дәстүр (В.Даль колоколды – «божий глас», ол тек қана шіркеуге байланысты қолданылады дей келе, «колокольчик, нпр. на шею скоту» деп түсіндіреді, 2-том, 139-бет). Базаршылап барып, құлынға қоңырау сатып алуды қаймана қазақ қызық көрген. Ал пәуескіге жеккен атқа қоңырау тағып, даланы да, қаланы да жаңғыртып жүру – православ дініндегілер үшін әжептәуір мерей әрі сән бол­ған. ХІХ ғасырдың қазақ бай-шонжары орыс ұстасына пәуескі жасатқанда, көліктің сәні ретінде бұл «колоколчик» қазақ сахарасына да келген. Біздің аңқау мырза кәпір дінінің бөлшегін қаперіне де алмаған.

Ал «қоңыраубасқа» келсек, бұл – орыс шөп атауының калька-аудармасы. Шіркеуді де, колоколды да көрмеген дала қазағы қайдан оның «қоңырау пішіндес» екенін біледі? Алаш баласы үшін қоңырау – дыбыстың, әуеннің сипаты ғана ғой. Яғни ол заттық форма болған емес.

Міне, осыдан кейін қазақ мектебіне колоколдың қашан орныққаны жөнінде ойлануға тура келеді. Сөз жоқ, ол ХІХ ғасырда орыс-қырғыз школдарының ашылуымен бірге пайда болды. Бұл – атышулы миссионер Ильминскийлер еңбегінің жемісі. Школ звоногы – шіркеу колоколының кішкене түрі (аталымдарды түсінікті болу үшін орысша бердік). Тіпті бүгін де Қазақстанда электр қуаты болмай қалған жағдайда қаладан ауылға дейін осы «тербеліп тұратын тілі бар» шіркеу колоколының кіші түрі соғылады. Ал оқу жылы аяғындағы «соңғы қоңырау» тоқтың бар-жоғына қарамай мұны қаза қылған емес… Мұның астарын байқамаған марқұм ақын Ғ.Қайырбеков Ыбырай туралы поэмасын «Дала қоңырауы» деп атап жібергені де есімізде. Дәл осы жерде Ғафекең дала әуенін емес, «тербеліп тұратын тілі бар» мыс колоколды (мектеп колоколын) қаперіне алғаны сөзсіз…

Бір қызық жері, В.Даль сөздігі мен Қазақ сөздіктеріндегі колокол-қоңырауға берілген анықтама өте ұқсас. Орыс ға­лымы – православ, ал мұсылман қазақ ғалымдарына не жо­рық? Сонда олар батырлар жырындағы, Ақтамберді мен Махамбеттегі «қоңырауды» шіркеу колоколы деп түсіндірмек пе?..

Бүгінгі мектепте колоколды қалыптасқан әдетпен «звонок» дейді. Қазақ тілшілері звонокты да, колоколды да – «қоңырау» деп аударады. Орыс сөздігінің атасы В.Даль колоколец, колокольчик, звонок аталымдарын қатар қояды. Орыс сөзі­нің этимологиясын қарастырған Н.Шанский, В.Иванов, Т.Шанская колокол-ды – жалпыславяндық сөз дей отырып, ежелгі үнді тілінде kalakalas – жүйесіз шу, айқай мағынасын бергенін, латында calo, гректе kaleo, ескі неміс тілінде hellan – шақыру, дауыстау дегенді білдіргенін жазады (205-206-бет). М.Фасмер сөздігінде әлгіге қоса бұл сөздің «грек жерінің бас киімі», «кезбенің бас киімі» сияқты мағынасы болғаны да көрсетілген (2-том, 294-бет). Қалай десек те мұның бәрінен христиандықтың, шоқыншақ Үрімнің иісі шығады.

Біз өзімізше қызығып «колоколды туысқан түрік халық­тары не дейді екен?» деп те бағамдап көрдік. 1992 жылы Анкарада шыққан «Karsilastirmali Turk lehceleri sozlugu» еңбегінің 1-томында (114-115-бет) түрікше – can, әзір­байжанша – zang, башқұртша – san, kingirav, қазақша – konirav, қырғызша – konguro, өзбекше – kongirak, zang,  татарша – can, kingirav, түркіменше – can, ұйғырша – can, орысша – kolokol деп тізбеленген (біз мұнда техникалық себеппен түріктің әріп дәйекшелерін қоймадық). Сонда шіркеу даңғырағын түрік, татар, түркімен, ұйғыр, әзірбайжан, башқұрт, өзбек негізінен – чаң, заң, саң дейді екен (біздің даң-дұң, шаң-шұң деген еліктеуіш сөздеріміздің бір сыңары сияқты және бұл «колокол»-дың арғы мағынасын дәл ашады). Жалпы түрік халықтары қатарында шіркеу колоколына байырғы өз сөзін яки әуен атауын оп-оңай қия салған – біз бен қырғыз екен. Қырғыз дәу де болса бізге еліктесе керек… Бұл «тумысымыздан музыкантпыз» деп жүрген біздің жұртқа ұят емес пе?.. Дәлірек айтсақ, қазақтың қоңыр және содан өрбіген қоңырау әуені мен шіркеу құралының даңғыр-дұңғыры, шаң-шұңы бірдей һәм үндес болғаны ма? Ана тіліміз бен ата дініміздің тек-тамырынан ажырай бастаған бүгінгі ұрпаққа тарих қойнауындағы қоңыраумен байланысты сөздерімізді қалай түсіндіреміз?

Қазір жат дін өкілдері өздерінің қызылды-жасылды діни кітаптарын Алтайдан Атырауға дейін таза қазақша «Киелі кітап» деген атаумен таратып жүр. Кие де, кітап та – бізге аса қадірлі сөздер. Қазақы қоңыраудың шіркеу қоңырауына айналып кеткенін және оның ақ парақтай мектебімізді жаулап алғанын осы үрдіспен түсіндіруге болады.

Енді мәселенің практикалық жағына келейік.

Бірінші, мектепті шіркеу «қоңырауынан» қалай құт­қара­мыз? Біздіңше, жыл сайын өтетін «соңғы қоңырау» сал­танатында «тербеліп тұратын тілі бар» шіркеу колоколчигінің орнына сылдырмақты немесе басқа да ұлт дәстүріне қатысты аспап пішіндес құралды пайдалануға болады ғой (егер аса керек деп тапса). Әйтпесе сол сыңғырдың не керегі бар? Жалпы оқу орындарында үзілістің келген уақытын білдіретін дыбысты ұлттық құндылықтармен байланысы бар музыканың бір үзігімен алмастыру қажет. Қазақстан бойынша мектеп, колледж, университет жүйелерінің әрқайсына арнап ортақ үзіліс әуенін қабылдауға да болады (мысалы, Еуразия ұлттық университетінде біздің ұсынысымызбен, ректордың қолдауымен 2005 жылдан бері үзіліс әуені ретінде Н.Тілендиевтің «Аққу» күйінің бір үзігі алынды).

Екінші, ендігі жерде темір жолдың ашылуында, жаңа пойыздың тұсаукесерінде шіркеу даңғыры секілді «қоңырау соғудың» дым да қажеті жоқ. Шойын жолға жауапты азаматтар ислам құндылықтарын қадірлейтін Шығыс елдерінде осындай рәсім қалай жүретінін біліп пе екен? Әрине, оны тура көшірудің қажеті жоқ. Бірақ бұрынғыша жүргізе беру елдігімізге қиғаш.

Үшінші, біз жалпы қоңырау сөзін ақтап алуға тиіспіз. Отаршылдық та, онымен ере келген миссионерлік басқын­шылық та ресми жойылды. Қазақтың әп-әдемі, тарихи орны бар сөзі неге шіркеу колоколының баламасы болуы керек? Бұл колоколды – А.Байтұрсынұлы анықтаған қағидатпен көлекіл деп алуға да немесе 1926 жылғы Түріктану сиезінің шешіміне сәйкес («бір түрік тілінде жоқ сөз басқа түрік тілінен алынсын») шың (шаң-шұң, даң-дұң-ның кез келген сыңары бұған сәйкес келеді) деп алуға да мүмкіндік бар ғой («Ер Тарғында» торғауыт пен оймауыттың «шың қаққаны» туралы дерек айтылады. Сондай-ақ М.Қашқарида бүгін мәнін жоймаған «шың», «зың» т.б. заттық мағына беретін еліктеуіш сөздер ұшырасады. Қазіргі түрік халықтарында кездесетін «колоколдың» баламасы содан шықса керек).

Қалай десек те ғасырлар бойы армандап жеткен тәуелсіздік тұсында Ақтамберді мен Махамбеттің қоңыраулы найзасы қай-қайдағы жат діннің қоңырауына емес, дәстүрге берік ұлттың қоңыраулы қаламына, тіпті қоңыраулы технологиясына ай­налуы қажет-ау! Ал жаратқанға серік қосатындардың һәм ежелден қазақты энтомологиялық коллекцияға (мәселен, қатырылған көбелек т.б.) айналдыруды қалағандардың салт-сана қондырғыларын ана тіліміздің жағымды сөзімен бүр­кемелеу кімге бақ, кімге сор екенін аңғаратын уақыт жеткен секілді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,

ҚР ҰҒА академигі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: