Жұма, 27 желтоқсан, 18:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Қазақстан халқына» қоры кімдерге көмектеседі?

25.01.2022

1699 0

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Президенттің айтуынша, бұл президенттік, үкіметтің немесе қандай да бір мемлекеттік органның қоры емес, барша қазақстандықтың қоры болады.

– Бұл – халық қоры. Ол әкімшіліктің немесе үкіметтің жанынан құрылмайды. Беделді бақылау кеңесі құрылады. Адал, жауапты басшы тағайындалады. Оның қызметі толығымен ашық болады. Қоғамға есеп береді. Жоспарлары, бюджеті мен жобалары сайтта жарияланады. Бүкіл ақпарат ашық болады, – деді қор жайлы Мемлекет басшысы.

Қордың басшысы болып Болат Жәмішев тағайындалды. Бүгінде қарапайым халықтың мүддесі үшін құрылған қордың алдағы жұмысына күмәнмен қарап, түрлі қауесеттер тарауда. Сондай-ақ әлеуметтік желіде қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесі құрамына көңілі толмайтындар өз ойларын ашық білдіріп жатыр. Қазақ халқына арналған бұл қордың мақсаты мен міндеті қандай?

ҚОР НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоры немен айналысатынын түсіндірді. Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысады. Мәселен, осы арқылы сирек кездесетін аурумен ауыратын балаларға көмек көрсетілмек. Сондай-ақ саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында елді мекендерде балалар үшін спорт нысандары салынады. Қабілетті балаларға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимі енгізілгенде зардап шеккен халыққа көмек беріледі. Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау мақсатында жүзеге асырылады. Бір сөзбен атқанда, қордың ең басты мақсаты – қайырымдылық көмек көрсету.

ҚАРЖЫ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ?

Әлеуметтік желіде «халықтың ақшасы халыққа жұмсала ма?» деген түрлі пікірлер айтылуда. Себебі қа-зақстандықтардың бір күндік жалақысы қорға аударылады деген сыбыс шықты. Бұл қаншалықты шындық? Расында, аталған қорға қаржы көзі қайдан келеді? Бүгінде қарапайым халықты алаңдатып отырған осы сауал. Мәселен, мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілері бір күндік жалақысын қорға аударады деген пікірге Білім және ғылым министрлігінің баспа-сөз қызметі мәлімдеме жасады. «Мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, БҒМ-ге қарасты жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлері қорға ақша аударуға міндеттелмейді. Білім ұйым-дарының басшыларының бәрі хабардар», – делінген министрлік хабарламасында. Анығын айтқанда, қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асады. Мәселен, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін, лотерея қызметі операторының және басқа да ірі бизнес өкілдері қаржысын міндетті және тұрақты түрде тарту жоспарлануда. Дегенмен Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Фейсбук» әлеуметтік желісінде қорға байланысты өз пікірін білдірді.

– Аталған қорға ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері бір күндік жалақысын аудару туралы шешім қабылдады. Қорға аударылған қаржы азаматтардың денсаулық, білім, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы мәселелерін шешуге жұмсалады. Сонымен қатар төтенше жағдайларда және төтенше жағдай енгізілген кезде зардап шеккен халыққа көмек көрсетіледі деп жоспарланып отыр, – деді ол.

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫНА ТҮСКЕН ҚАРЖЫ ҚАЙДА САҚТАЛАДЫ?

Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» қорына түскен қаржы 7 қазақстандық банкте сақталмақ. Қаржы неліктен 7 банкте сақталады? Бұл сұраққа қор басшысы Болат Жәмішев жауап берді.

– Қорға түскен қаржы 7 банкте болады. Барлығы да – отандық банктер. Қайырымдылық жасаған адам немесе ұйым қаржыны қай банк арқылы жібереді, ақша сол банкте сақталады. Қор ашыла сала алғашқы қаржы «Halyk Bank» арқылы түсті. Одан кейін «kaspi.kz» және тағы 5 банкке қайырымдылық қаржысы түсе бастады. Қаржыға біз жауапты болғандықтан, халық сеніміне кірген, несие жүйесі оң жолға қойылған банктер таңдалды. Одан әрі отандық ірі кәсіпорындармен тікелей жұмыс істейтін боламыз. Ал орта және шағын кәсіпорындармен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы меморандум жасаймыз. «Көлеңкелі табысқа кенеліп жүргендер қорға қаржы аударсын деген ұсыныстарды естіп жатырмыз. Қаржы халық игілігіне жұмсалады. Сондықтан қорға адал жолмен тапқан табыстың түскенін қалаймыз. Мен үшін қайырымдылық қаражаттың қайда жұмсалатыны өте маңызды, – деді қор басшысы Б.Жәмішев.

ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖИНАЛДЫ?

Бүгінде қоғамдық қорға 12 миллиард теңгеден аса қаражат жиналды. Қор мәліметінше, 17 қаңтарда таңертең заңды тұлғалардан 12,36 миллиард теңге түскен. Атап айтсақ, «Kaspi Bank» және оның құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 10 миллиард теңге көлемінде қомақты үлес қосты. Сондай-ақ «Халық» қайырымдылық қорынан екі миллиард теңге түсті. «Степногор» тау-кен-химия комбинаты 350 млн теңге аударған. Ал қорға ерікті ретінде 6519 қазақстандық ақша салды. Сонымен қатар «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры 500 миллион теңге аударды.

Елімізде бүгінге дейін қаншама қайырымдылық қорлар қарапайым халықтың мұң-мұқтажына көмек қолын созып келеді. Олардың да басты мақсаты – тұрмысы төмен отбасылар мен ауру балалардың еміне көмек көрсету. Бұл игі істер осыған дейін халықтың жиналған қаражатынан жүзеге асып келді. Ал енді Мемлекет басшысының бастамасымен ашылған қоғамдық қордың көмегін халық қалай алады?

– «Қазақстан халқына» қоры көмек алушылармен тікелей қарым-қатынас жасамайды. Елдегі көптеген қайырымдылық ұйымдар арқылы жұмыс істейді. Біз оларды мазмұны жағынан қаржыландырмаймыз. Бірақ азаматтар қайырымдылық ұйымдарына жүгінеді. Өйткені қайырымдылық ұйымдары белгілі бір шығындардың негізділігін растау үшін көптеген құжаттар жинауы керек. Қор қалыптастыруы тиіс мәлімделген бағдарламалар шеңберінде осы қоғамдық ұйымдардың қаржыландыруына әлеуметтік саладағы қандай да бір жобалар ұсынылатын болады. Жалпы атйқанда, біз халықтың проблемаларын шешу үшін жұмыс істейтін боламыз, – деді қоғамдық қор басшысы.

Айта кету керек, қазір 140 қайырымдылық ұйымы халықпен бірыңғай портал арқылы өзара іс-қимыл жасайды екен. Яғни ол өтінімдерді қабылдайтын, қайталауды болдырмайтын, жауапсыз негізсіз бас тартуды болдырмайтын электрондық портал. Бұл жүйе – біздің елімізде халық үшін қызметтерді ақпараттандыру бағыты. Алдағы уақытта жаңа қордың да жұмысын жандандыруы мүмкін.

– Қоғам белсендісі ретінде халықтың арасында жүргендіктен түрлі жағдайға тап келеміз. Әрине, өзгеге қуаныш сыйлап, жоғын түгендеу – ең сауапты іс. Дегенмен қайырымдылықтың да өз деңгейі болады. Бүгінде оны көбі басқаша түсінеді. Мәселен, басым көпшілігі «киім мен тамақ» сұрайды. Менің ойымша, болашақта мұндай қайырымдылық қорлар болмау керек. Әр адам өзі үшін, өзінің қажеттілігі үшін жұмыс істеу керек. Десе де қазіргі кезде, шынында, қайырымдылыққа мұқтаж жандар өте көп. Оның бірі көмек алғанына намыстанса, енді бірі жақсылықты түсініп, алғыс айтып жатады. Тағы бір түрі бар. Олар бере түскеннің үстіне бере берсе екен деген мақсатта болады. «Қазақстан халқына» қоры құрылғанына қуаныштымын. Алайда бұл қордағы қаражаттың діттеген жерге, шын мұқтажға жеткенін қалаймын. Мәселен, осы тұста үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. Олардың басты мақсаты – бастаған жұмысын аяғына дейін жеткізу. Сондай-ақ сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға бөлек медициналық қор ашылу керек. Әрине, бұл тек менің ойым, – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Серік Ерімбетов.

«Қазақстан халқына» қоры басшысының айтуынша, қорға жыл сайын шамамен 100 миллиард теңге түсетін болады. Ал алғашқы қаржы қаңтардағы бүлік кезінде қаза тапқан әскери және полиция қызметкерлерінің отбасыларына бағытталмақ. Сондай-ақ ақшаның бір бөлігі ауру балаларды емдеуге жұмсалады.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: