Жұма, 27 желтоқсан, 04:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қазақстанда ипотекалық несиесі бар азаматтар банкроттыққа қалай өтініш бере алады? Маман түсіндірді

14.04.2023

576 0

Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша заң қабылданғалы айдан асты. Соттан тыс өтініш 40 мыңға жақындаса, сот арқылы банкроттыққа жүгінгендер қатары 200 адамға жетіп қалды. Жақында Қаржы министрлігі ипотекалық қарыз бойынша да өтініш беруге болатынын айтып қалған. Stan.kz ақпарат агенттігі осы орайда ипотекасын төлей алмай жүрген тұлғалар банкроттыққа қандай санат бойынша жүгіне алады, ол үшін нені білу керек деген сауалдарға жауап іздеп көрді.

Қазақстанда ипотекалық қарызы бар азаматтардың банкроттыққа өтініш бере алатынын Мемлекеттік кірістер комитетінде де растады. Басқарма басшысы Айнұр Сартаева тұрғындар бұл бойынша 2 санатқа да жүгіне алады деп отыр. 

“Ипотекалық несиесі бола тұра оны төлемегеніне 1 жылдан асып кетсе азаматтар сот арқылы банкроттыққа өтініш бере алады. Ол үшін өздерінің тұрғылықты жеріндегі азаматтық сотқа баруы керек. Ал егер де ипотекалық қарызды төлемегеніне 5 жылдан асса, онда соттан тыс банкроттық бойынша жүгінуіне толық құқығы бар. Бірақ басты талап – қарыз мөлшерінің сәйкестігіне назар аударуды ұмытпауы керек”, – деп жауап берді маман тілшіміздің жауабына. 

Ипотекалық несие бойынша банкроттық рәсімін нақтылау үшін белгілі заңгер Бауыржан Сералинмен әңгімелестік.

Маман бұл жағдайды толық түсіндіріп берді. Айтуынша, ипотекалық несиесі бар тұлғалар сот арқылы банкроттықпен қатар төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін де қолдана алады. 

“Ипотека шарты бойынша сол сатып алынған тұрғын үй немесе пәтер кепілде болады. Бұл дегеніміз, кредиттік шартқа қосымша ретінде арнайы кепілдік шарты жасалған болуы керек, ол тіркеуден өтеді және кепілдік ретінде бұл мүлік есебінен банк өз қарызын өтеп алуға құқылы. «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» ҚР Заңының 20-бабында көрсетілгендей, кепiл ұстаушы (Банк) өз талаптарын келесі жолдармен қанағаттандыруға құқылы:

1) ипотеканы сот тәртiбiмен өткiзу;

2) ипотеканы сот тәртiбінен тыс өткiзу (егер бұл заңдарында не ипотека шартында немесе тараптардың кейiнгi келiсiмiнде көзделген болса);

3) кепiлге салынған мүлiктi өз меншiгiне айналдыру (сауда-саттық өткiзiлмеді деп жарияланған жағдайда).

Оның үстіне «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының 38-бабында былай көрсетілген – борышкердің мүліктік массасының құрамына борышкердің міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету болып табылмайтын жалғыз тұрғынжайы кірмейді. Бұл дегеніміз, егер пәтер кепілде тұрса, бұл банкрот болатын тұлғаның мүліктік массасына кіреді және ол сатылып соның есебінен кредиторлардың талаптары орындалады деген сөз. Сондықтан, банкрот болып қарыздан да құтылып, пәтерді де сақтап қалу мүмкіндігі жоқ, егер бұл дәл ипотека болса. 

Алайда түсініп алатын бір айырмашылық бар. Егер борышкердің (ипотека алған тұлғаның) барлық қарыздарының көлемі меншігінде бар мүліктің құнынан аспайтын болса, онда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану керек. Бұл рәсімнің басты ерекшелігі – борышкер өз мүлкін сақтап қалуға мүмкіндік алады. Мысалы, егер барлық қарыздары 10 млн теңге болып, ал ипотекаға алған пәтерінің нарықтық құны 15 млн болса, онда пәтерді сатуға жеткізбей төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі арқылы өзінің қаржылық жағдайын түзеп алуға мүмкіндік туады. Ал егер қарыздар мөлшері меншігіндегі мүліктің құнынан асып кететін болса, бұл тұлға тек сот арқылы банкроттық рәсімін қолдана алады. Ол жерде меншігіндегі мүлкі сатылуы керек болады, – дейді заңгер. 

Сонымен қатар Бауыржан Сералин төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі қалай жүргізілетінін де толық айтып берді. Әрі бұл рәсімде тұлға банкрот болып танылмайды, оған белгіленген уақыт ішінде орындалуға міндетті арнайы жоспар бекітіледі дейді. Сол жоспар бойынша қарыздарды өтеу графигі белгіленіп, борышкердің қаржылық жағдайын түзелтуге бақытталған өзге де іс-шаралар көзделмек. 
“Жоспар 5 жылдық мерзімнен аспайтын уақытқа есептелуі керек және оның аясында мындай құралдар қолданылуы мүмкін. Яғни міндеттемені орындау мерзімін өзгерту, борышты немесе оның бір бөлігін, оның ішінде тұрақсыздық айыбын кешіру, қарызды пайдаланғаны үшін сыйақының пайыздық мөлшерлемесін төмендету және қарыз шартын орындаудың жалпы мерзімін бір мезгілде ұлғайта отырып, тұрақты ағымдағы төлемдердің мөлшерін азайту, міндеттемені орындау тәсілін өзгерту, кепілді кредитор қарыз шарты бойынша міндеттемелерді кешірген жағдайда, оған кепіл нысанасын беру арқылы кепілді кредитордың талаптарын қанағаттандыру. Әрине, бұдан басқа шаралар да бар.
Оған мыналар жатады: 
1) мүліктің бір бөлігін сату;
2) мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру;
3) дебиторлық берешекті өндіріп алу;
4) тұрғын үйді (автокөлікті) құны төмен тұрғын үйге (автокөлікке) айырбастау;
5) кейіннен құны төмен тұрғын үй (автокөлік) сатып ала отырып, тұрғын үйді (автокөлікті) сату;
6) борышкерді жұмысқа орналастыру шаралары;
Осындай құралдар мен шараларға қол жеткізу үшін борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен сотқа жүгінеді. Сот арызды қабылдап, осы туралы іс қозғаған жағдайда, қаржы басқарушысы тағайындалады. Қаржы басқарушысы борышкермен келісім-шартқа отырады. Өйткені борышкер оның қызметік ақысын төлеуге тиіс.  Өз кезегінде қаржы борышкері сол тұлғаның қаржылық жағдайы туралы мәліметтер жинап, қаржы басқарушысының қорытындысын әзірлейді. Әрі борышкердің мүлкін түгендеп, инвентаризация, бағалау жүргізеді.
Сонымен қатар кредиторларды түгендеп, олардың талаптарының тізілімін жасап, салық органының интернет-ресурсында хабарлама жариялауды ұйымдастырады. Осылайша борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын әзірлеп, сотқа ұсынады. Өз кезегінде сот осы жоспарды бекітіп шешім шығарған уақыттан бастап, борышкер өзі дербес түрде сол талапты орындайды”, – деп қорытындылады сөзін. 
Еске салайық, бұған дейін соттан тыс банкроттыққа өтініш берген 139 адамның тек біреуі ғана оң шешімін ала алғанын жазған едік.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: