Сәрсенбі, 24 сәуiр, 02:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Құрсақ шашу немесе гендер пати

12.07.2022

2049 0

Қазір қоғамда туған күн кештерінде торттың шамын үрлеп, бір-біріне лақтырып, одан жігіттің қызға тізерлеп тұрып, сөз салуы, тұрмысқа шығар алдында қалыңдықтың құрбылар арасында қызойнақ ұйымдастыруы, жүкті келіншектің ішіндегі сәбиін шармен білетіні, оған қоса дүниеге келген баланы перзентханадан дүркіретіп думан­дата шығарып алуы жиі кездесуде. Иә, біз ата-бабамыздан келе жатқан салтты ысырып, тағы да сол батысқа еліктеу үстіндеміз.

Жақында бір танысымның үйінде қонақта болдым. Ол шаңырақтағы келіннің аяғы ауыр болатын. Үйді жан-жақтан шармен безендіріп тастаған. Қабырғасына «ұл ма, қыз ба?» деп әдемі етіп жазып қойған. Бір кезде қонақтарға арналған бөлмеде тарс етіп шар атылып, ішінен кішкентай қызыл шарлар шашылып, бәрі келін мен күйеуін құшақтап, құттықтап жатты.

Шыны керек, алғашында түсінбей қалдым.

– Не болып жатыр?

– Құдай, гендер пати ғой. Келіннің не туатынын анықтап жатырмыз, – деп әлгі танысым бір күліп. Расын айтсам, мен гендер пати жайлы сол кезде ғана естідім. Содан ол патиді зерттей бастадым. Қызық көргеннен емес, ерсі көрінгеннен…

Әуелі «Гендер патиге» тоқталайық. Бұл – америка­лықтардың жақындарымен, дос-құрбыларымен атап өтетін отбасылық мерекесі. Негізгі атауы – Gender Reveal Party. АҚШ-та көптен бері қолданып келеді. Қазір поскеңестік елдерде сәнге айналуда. Гендерлік кешті жоспарлаған ерлі-зайыптылар УЗИ-ге түскенде баланың жынысын айтпауды, жасырын түрде конвертке жазып беруді сұрайды. Оны кеш барысында ашады. Осылайша, өздері де, қонақтар да баланың жынысын біледі. Егер дүниеге келетін сәби ұл болса, көк шар, қызға қызыл шарлар шашылуы тиіс. Сол түсі арқылы жиналған қауым болашақ шарананың жынысын біледі-міс. Содан кеш басталады. Дәл осындай басқосулар қазіргі жас жұптар арасында жиі қолданысқа енді. Бұл дұрыс па, бұрыс па?

Кейіпкерлеріміздің пікіріне жүгінсек… Осыған орай біз кешегі ақжаулықты аналарымыз бен бүгінгі жас аналардың көзқарасын білгенді жөн көрдік.

«УЗИ-сіз, патисіз баламызды дүниеге әкелдік»

Бұл – қаламыздың тұрғыны, көпбалалы, жетпістің үстіне шыққан ақжаулықты анамыз, әзиз әжеміз Шырынкүл Таңрақбаеваның сөзі. Ата салтын ұлықтаған, дәстүрін ұмытпаған қазыналарымыз бүгінгінің патиін құп көрмейді. «Ондай келіндер үшін біз ұяламыз» дейді.

– Жалпы ұлды да, қызды да беретін бір – Алла. Бұрынғылар баланың жынысы түгіл УЗИ-дің не екенін білмеді. Соның бірі – өзім. Біздің кезімізде көпті көрген, алтын құрсақты ана­ларымыз, әжелеріміз келінінің жүкті болғанын сезсе де, оны жалпақ жұртқа жария етіп, сүйіншілемеген. Бала құрсаққа әбден орнығып алғанша ешкімге тіс жармаған. Сұрай қалған жандарға астарлап жүкті болған жас келінді ұялмасын деп және тіл-көздің сұғынан сақтауды ырымдап «күмәнді», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтатын.

Қазақы дәстүрмен үш айға дейін құрсағын сырт көзден жасырып ұстауы тиіс келіндер қазір іші білінер-білінбестен «гендер пати» деген бір «бәлені» тауып алып, дүрілдетіп өткізетін болыпты. Бұл көңілге қонымсыз, әрине. Ол баланың өмірге келу-келмеуі де неғайбыл. Бәрі Алланың қолында емес пе… Өмірге ұрпақ әкелуші жүкті ана керісінше перзентінің саулығын, амандығын ойласа, көптің көзінен сақтанып жүруі деп ойлаймын.

Кейде келініне жөнін айтып, сақтандырып отыратын енелердің де қалмағаны ма деп күйінемін. Бұрын ішімізді жарқыратып суретке түспек түгілі, ата-енемізден ұялып, кең көйлек киюге тырысатынбыз, төркінге де бармайтынбыз. Ал қазіргілер УЗИ-дегі суреттерінен бастап жинайды. Несін айтайын, ішін ұстап, ері келіншегінің ішін сипап, суретке түсіп, жарыса салып жатқандарды да көріп жүрміз, – деді Шырынкүл апамыз еш сырын жасырмастан.

– Қызым, қарап отырсаң, біз батыстан еш кем емеспіз. Қазақы салтымыз бойынша мұндай жоралғыға арналған «Құрсақ шашу» деген әдемі дәстүріміз бар. Мұнда да кәдімгідей мереке, басқосу болады. Бірақ ер-азаматтардың қатысуынсыз, жүкті келіншектің енесі абысын-ажындарын, келін-кепшіктерді шақырып, тойды атап өтеді. Сауық-сайран құрып, ән айтылып, би де биленеді. Келіннің аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алуына ниет білдіріп, ақжарма тілектерін арнайды. Қазіргі мағынасыз той тойлаудан гөрі, осындай ата дәстүрімізді жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болар еді, – деп әңгімесін аяқтады көпті көрген кейіпкеріміз.

Енді жиырма жастан асқан жас аналардың көзқарасын білсек… Өкінішке орай олардың біразының гендер пати-ге қарсы еместігі байқалады.

«Гендер патиді» ұйымдастырғанда не тұр?

Қала тұрғыны, екі балалы, 23 жастағы жас ана Алуа Аманатқызы сөзін осындай сұрақтан бастады.

– Осы кезде үшінші балама аяғым ауыр. Мұндай пати өткізу менің де ойымда болды. Бірақ ата-енем намаз оқиды, үлкен кісілер. Ұсынысыма қарсылық танытты. Дей тұрғанмен, заман ағымынан қалмау қажет. Әр келіншек үшін болашақ сәбиіне осындай басқосу өткізсе несі айып? Қайта бәрінің көңілі көтеріліп, керемет кеш өтеді. Жалпы өзіме ұнайды, еш қарсылығым жоқ, – деген ойын білдірді жас ана.

– Алуа, қазақта құрсақ шашу деген той бар. Естіген боларсың. Неге соны гендер патидің орнына тойламасқа? Ол кеш те көңілді өтеді, – деп сұрадық әңгіме барысында.

– Біз жас болған соң бүгінгі күнмен жүргіміз келеді. Мүмкін, оны басқалары тойлайтын шығар. Бірақ мен емес, – деп қысқа қайырды кейіпкеріміз. Иә, жастардың көзқарасы әртүрлі. Алайда салт-дәстүрімізден аттап қайда барамыз деген сұрақ көкейде тұрғаны жасырын емес.

Тілші түйіні:

Құрандағы «Бұхари» сүресінде «Ғайып (құпия заттың) кілті бесеу. Оны Алладан басқа ешкім білмейді. Ертең не болатынын, әйелдің кімді босанатынын, жауын қашан жауатынын, кісі қай жерде өлетінін, Қиямет қашан болатынын Алладан басқа ешкім білмейді» деген сөз бар. Жарық өмірге келгелі тұрған сәбидің жынысы да, ғұмыры да бір Алланың қолында.

Халқымыздың «тал бесіктен, жер бесікке» дейінгі өмірі салт-дәстүрмен тізбектелгені белгілі. Десек те, дәстүрді бұрмаламай, өзгеден келген салтты санаға сіңірмей, дұрыс дәріптеп кейінгіге жеткізе білген жөн. Қазіргі қоғамға «гендер пати» емес, атадан қалған «құрсақ шашуды» хит қылған дұрыс-ау деген ойға тоқталдық. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: