Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев елімізде су тасқынынан 7 адам көз жұмғанын растады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Бірнеше өңірде қайғылы оқиға тіркелді. Мысалы, Атырау облысында 4 адам, Түркістан облысында кішкентай бала суға батып кетті. Осы оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалып, алдын ала тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді Марат Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
БАҚ өкілі Абай облысы Аягөз ауданындағы тракторда отырған 2 адам суға кеткенін атап өтті.
«Осы деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдарының нәтижесі бойынша шешім шығарылады», – деді министрдің орынбасары.
Журналист «Тасқын судың құрбаны 5 адам деп айта аламыз ба? Әлде бұл дерекке Аягөздегі 2 адам өлімін де қосамыз ба? » деп сұрағын нақтылады.
Марат Қожаев табиғи апаттан жалпы 7 адам қаза тапқанын жеткізді.
«Иә, Аягөздегі (2 адамның өлімін) қосу керек», – деді басшы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!