Бұл жобаны жүзеге асыруға бюджеттен жиырма жеті миллион теңгеден астам қаржы бөлінетіні айтылып отыр.
Қаржы министрлігі чек берілмегені туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы төленетінін хабарлады. Ереже жобасы жарияланды.
Құжатқа сәйкес, хабар берген адамға 1 000 теңге төленеді. Бірақ бұл жайт расталуы керек.
Хабарлама мемлекеттік кірістер жөніндегі аумақтық органдарға жіберілуі тиіс. Бұл үшін ұялы телефонды қолдануға болады. Сондай-ақ, арыз толтыру жолы да қарастырылған. Міндетті түрде мынадай ақпарат болуы шарт:
- болған жайтты растайтын видео дәлел;
- жеке кәсіпкерлік субъектісін анықтауға болатын ақпарат (нысанның мекенжайы, атауы, сауда орнында орналасқан жері (қабат, бутик нөмірі), базардағы орны);
- өтініш берушінің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі.
Бұл талапқа сай келмейтін хабарламалар қарастырылмайды.
Болған жайт расталса, кәсіпкерді әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 284-бабына сәйкес («бақылау-кассалық машинаны қолдану тәртібін бұзу») жауапқа тарту көзделген. Бұл бап бойынша ескерту жасалады. Ал жағдай қайталанса, айыппұл салынады.
Жобаны іске асыру үшін бюджеттен 26 645 000 теңге (63 мың доллардан астам) бөлінетіні айтылып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!