Ел қазынасы ортайып, Ұлттық қор трансфертіне мұқтаждық артты. Еселеп өскен шығынды салық түсімдері жаба алатын емес. Билік осы теңгерімсіздікті түзеу мақсатында қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін арттырамыз деп отыр. Бұл ұсыныс төңірегінде қоғамдық пікір екіге жарылды. Бірі «бизнеске қысым күшейеді» деп алаңдаса, екінші тарап «салық әділ бөлінсе, мемлекет өркендейді» дейді. Көзқарас сан алуан, ал басты сұрақ – бұл өзгерістер елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ете ала ма?
Инфляциялық шок қысқамерзімді болады
Қаржыгер Андрей Чеботарев бұл реформаны ертерек қолға алу қажет еді дейді.
– Кейінгі бірнеше жыл бойы бізде салық мөлшерлемелері өте төмен болып келді. Бірақ ешқандай нақты қадам жасалмады. Енді бюджет тапшылығы асқынған кезде, Үкіметтің басқа амалы қалмай отыр. Салық мөлшерлемесін күрт көтеру мен табыс шегін төмендетудің қисыны бар. Бұл, сөзсіз, инфляциялық шок тудырады, бірақ ол қысқамерзімді болады әрі жылдам басылады, – дейді ол.
Қаржыгер салықтық жеңілдіктерге қойылатын шекті деңгейдің төмендеуі (78 млн-нан 15 млн теңгеге) бизнесті көлеңкелі экономикадан шығарады деп отыр.
– Кейбір сарапшылар бұл кері әсер беріп, «көлеңкелі» бизнестің күшеюіне алып келеді деген пікірде жүр. Алайда біз қазірдің өзінде нарықтағы «бөлшектеу» құбылысын байқап отырмыз. Мысалы, мейрамхана, дәріхана мен дүкендерде бірнеше касса орнату арқылы кәсіпкерлер салықтан жалтаруға тырысып бағуда. Жаңа шарттар аясында, әрине, кейбір кәсіпкерлер «көлеңкеге» кетеді. Бірақ цифрландыру заманында ондай астыртын әрекетті байқамай қалу мүмкін емес. Оған қоса төмендетілген шек бизнестің толық жасырынуына мүмкіндік бермейді, – деді.
«Экономикалық зерттеулер институты» Фискалдық саясат орталығының директоры Ксения Загал ҚҚС мөлшерлемесінің артуына байланысты бизнестің қосымша шығындары пайда болатыны сөзсіз дейді.
– Осы әсерді жұмсартуға Үкімет еңбекке ақы төлеу қорына салынатын салықтық жүктемені айтарлықтай төмендету арқылы бұл шығындардың бір бөлігін өтеуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл бизнестің қаржылық жағдайын жеңілдетуге әрі экономикалық белсенділікті қолдауға көмектеседі. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі тауарлар мен қызметтердің түпкілікті құнына әсер етуі мүмкін. Аталған реформа аясында әлеуметтік көмек, жалақы мен зейнетақының инфляция деңгейіне қарай индексациясы қарастырылған. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдап, бағаның өсуіне байланысты жағымсыз әсерлерді азайтуға мүмкіндік береді. ҚҚС мөлшерлемесінің артуы инфляцияға қысым жасайтыны рас, бірақ бұл қысқамерзімді әсер болмақ. Ортамерзімді кезеңде экономика жаңа жағдайларға бейімделіп, қосымша бюджет кірістері есебінен нақты секторды дамытуға, бизнеске қолайлы жағдай жасауға жол ашылады, – дейді ол.
Баспасөз салықтан босатыла ма?
Бұл салық дегеніңіз өндіріс, өндіріс емес деп бөліп-жармай, қызмет көрсетіп, табыс тауып отырған кез келген ұйымға салынатындықтан оның ішінде медиа саласы да кіреді. Ақпарат таратушы мекемені кәсіпорын, дүкендермен қатар қою қисынға соқпайтын секілді. Осы тұрғыда баспасөзді ҚҚС-дан басы бүтін босату туралы ұсыныс қылаң береді. Мұндай ұсыныс 2019 жылы айтылды да. Одан бері де медиаменеджерлер баспасөзге ҚҚС салқынының қаттырақ тиетінін айтып жүрді.
Біраз уақыт бұрын Мәжіліс депутаты Айдос Сарым газеттерге салықтық жеңілдіктер беру жайын көтерді.
«Салық кодексіне баспа мәселесіне, газет, журналдарға салықтық жеңілдік беру мәселесін енгізуді көтеріп отырмыз. Біз есептеп көрдік, газет, кітап бизнесінің ортақ салыққа салатын қаржысы көп емес. Руханиятты дамытқымыз келсе, қолдау білдіру қажет», дейді депутат. Жалпы бәріне бір өлшеммен қарамай, әр саланың ерекшелігін де ескеру керек секілді.
Лаффер қисығы не дейді?
Сарапшы Аякөз Ханет ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 20%-ға дейін арттыру бастамасына бірқатар елдерге жасалған эмпирикалық зерттеулер көзімен қарап көрген. Оның айтуынша, қазірдің өзінде біздің бюджеттегі салық түсімдерінің төрттен бірі – ҚҚС. Бірақ қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеру салық түсімдеріне әрдайым оң әсер ете бермейді. Бұл құбылысты түсіндіру үшін экономистер Лаффер қисығы ұғымына жүгінеді. Оның мәні – салық мөлшерлемесі белгілі бір шекке дейін өскенде салық түсімдері артады, бірақ осы шектен асқанда салық түсімдері керісінше, төмендей бастайды. Себебі тым жоғары салық бизнеске ауыртпалық салып, «көлеңкелі» экономикаға көшуге немесе тұтыну мен инвестицияны қысқартуға мәжбүрлейді.
![ҚҚС: Уақыт сынын еңсеретін қадам](https://aqmeshit-aptalygy.kz/wp-content/uploads/2025/02/53.webp)
– «Laffer Curves» (Лаффер қисығы) тұжырымдамасы салық мөлшерлемесі мен салық түсімдері арасындағы байланысты көрсетеді. Қисық-дөңес пішінде болады (Ո). Бұл дөңестің тура ортасындағы нүкте «салық мөлшерлемесінің максимумы», яғни бұл нүктеге дейінгі көтерілген мөлшерлемедегі салықтан түсімдер артады, ал сол нүктеден бастап түсімдер азаяды. Бастысы осы «нүктеден» қателеспеу керек. Әйтпесе қауіпті аймаққа өтіп кетеміз. Бізде ҚҚС-ны бірден 67%-ға өсіру, бұл – «фискалдық шок». Әдетте, мұндай реформалар жасау үшін тек одан келетін түсімдерді ғана емес, бұл «шоктың» қаншалықты оптимал көрсеткіш екенін дәлелдейтін модель, экономикаға қандай импульс беретіні сарапталған талдау жұмысы болуы қажет, – дейді экономист.
1995–2011 жылдары Еуропа Одағындағы 27 елдің тәжірибесі көрсеткендей, ҚҚС мөлшерлемесін арттырған сайын салық түсімдері де артқан, бірақ бұл үрдіс әрдайым тұрақты болмаған. Экономикалық циклдің кезеңдері де маңызды рөл атқарған. Экономика өсіп тұрған кезеңде – халықтың табысы мен тұтынуы артады, кәсіпорындардың айналымы өседі. Осы кезде ҚҚС мөлшерлемесі өзгермесе де, салық түсімдері көбейеді. Рецессия кезеңінде – тұтыну төмендейді, бизнес қиындықтарға тап болады, тиісінше, салық түсімдері де азаяды. Егер дәл осы кезде ҚҚС мөлшерлемесін көтерсе, тұтынушылардың реакциясы өте жылдам болады. Олар шығындарын күрт азайтып, бизнес те инвестицияларын қысқартады. Осылайша, салық түсімдері күтілгендей артпай, керісінше, төмендеуі мүмкін. Бұл экономикалық тоқырау кезеңінде Лаффер қисығының өзгеретінін, салық түсімдерінің салық мөлшерлемесіне әлдеқайда сезімтал болатынын көрсетеді. Яғни салық саясатында экономиканың қай кезеңде тұрғанын ескермеу кері әсер етуі бек мүмкін.
– ҚҚС мөлшерлемесін көтеру тұтынуға, бизнестің ашықтығына айтарлықтай ықпал жасайды. Бұл әсерлер негізінен тұтынушы мінез-құлқының өзгеруіне, өндірістің қысқаруына, көлеңкелі экономиканың өсуіне, инфляцияның жеделдеуіне және экономикалық сенімнің төмендеуіне байланысты. Әсіресе тұтынуға әсері мол. ҚҚС – тұтынуға салынатын салық болғандықтан, оның мөлшерлемесі көтерілген сайын тауарлар мен қызметтердің бағасы қымбаттайды. Бағалардың өсуі халықтың сатып алу қабілетін төмендетеді. Тұтынушылар қосымша әрі қымбат тауарларды сатып алуды қысқартып, тек ең қажетті тауарлар мен қызметтерге ақша жұмсайды. Нәтижесінде сұраныстың төмендеуі өндіріс көлемін азайтады, ал бұл өз кезегінде экономиканың өсуін тежейді. Егер тұтыну қатты қысқарса, мемлекет «салық тұзағына» (tax trap) түседі, яғни салық мөлшерлемесін көтергенімен, түсімдер төмендейді, – дейді сарапшы.
Кәсіпкерге кедергі көп
ҚҚС-ны жоғарылатудың негізгі тәуекелдері – ресми тіркелмеу, қолма-қол есеп айырысу, құжатсыз сату және салық есептілігін бұрмалау. «Friends» бизнес-қауымдастығының өкілі Дмитрий Казанцев Үкімет айтып отырған ресми инфляция көрсеткіштері шынайы жағдаймен сәйкес келе бермейді дейді.
– Қазір кәсіпкерлер белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатыр. Бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ асу, олармен ашық диалог жүргізу де кемшін түсіп тұр. Мемлекеттік органдар бизнес өкілдерімен кеңеспей, маңызды реформаларды өз бетімен қабылдаса, бұл бизнестің болашаққа деген сенімін азайтуы ықтимал, – дейді Дмитрий.
Оның сөзінше, салықтан толық жалтару мүмкін емес. «Кәсіпкерлер заңсыз табысын ерте ме, кеш пе жұмсайды, ал мемлекеттік органдар ақшаның қайдан келгенін бақылап отырады. Сондықтан «көлеңкелі» аймаққа кету – ұзақмерзімді перспективада пайдасыз. Нәтижесінде, бизнес заңдастыруға мәжбүр болады, ал тұтынушыларға тауарлар мен қызметтердің бағасы қымбаттайды» дейді сарапшы.
Нарықтың жаңа жағдайларға бейімделуін күту ғана қалды
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, бюджет-салық жүйесін реформалау барысында инфляцияны тежеудің қосымша шаралары қарастырылуы мүмкін. Мысалы, ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толтыру, шағын бизнесті бейімделу кезеңінде қолдау үшін өндіріс секторында жеңілдіктер ұсыну деген секілді.
– ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі өте күрделі мәселе, өйткені ол тұтынушыларға да, бизнеске де маңызды. Тұтынушылар бір тауар мен қызметке бұрынғыдан көп төлеуге мәжбүр болады, ал бизнес бухгалтерлік шығындардың артуына, жиынтық сұраныстың әлсіреуіне тап болады. Қуантарлығы, Үкімет жалақы қорына жүктемені 40%-дан 30%-ға дейін төмендететінін жариялады және ҚҚС-ны көтеруден күтілетін түсімдерді экономикалық өсуді ынталандыруға, инфрақұрылымды дамытуға, басым салалардағы перспективалы бизнес-жобаларды қолдауға бағыттауды жоспарлап отыр. Осылайша, кері әсерді азайтуға арналған алғашқы қадамдар анық көрінеді. Неғұрлым шынайы сценарий – нарықтың жаңа жағдайларға бейімделуін күту. Сонымен қатар жиынтық сұраныс, сәйкесінше инфляция, тауарлар мен қызметтердің түпкілікті бағасының өсуіне байланысты бәсеңдеуі мүмкін. Яғни салық мөлшерлемелерін көтеруге жауап ретінде экономикалық сұранысты қосымша тежейтін қажеттілік болмайды, – деді ҚҚҚ сарапшысы Рамазан Досов.
Сарапшылар қауіпті аймаққа өтіп, салық тұзағына түсіп қалмас үшін, салықтық әкімшілендіруді жақсарту керек дейді. Бұл мөлшерлемені көтеруден гөрі көбірек нәтиже береді. Сонымен бірге бюджеттегі тиімсіз шығындардан арылу, бизнестің ашық жұмыс істеуін ынталандыратын шаралар қабылдау, заңсыз әрекеттердің (жемқорлықтың) алдын алуға бағытталған бастамаларды күшейту арқылы салық тәртібін жақсарту, азаматтардың салық жүйесіне деген сенімін арттыру, дифференцияланған мөлшерлемені енгізу маңызды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!